Ұлттық экономика министрлігі саласын толық цифрландыруға кірісті. Енді пәтер сатып аламын деген адамдар салушының кеңсесіне бару қажеті жоқ: компания мен клиент арасында электронды шартқа көшу жоспарланып отыр. Оның күші қазіргі қағаз құжатпен теңестіріледі. Бұған қоса, баспананы рәсімдеу де электронды түрде жүрмек. Мұның бәрі өзге облыстардың тұрғындарына, тіпті шетелдіктерге қалаларымызда қашықтан үй сатып алуға жол ашпақ. Бұл отандық жылжымайтын нарыққа соны серпін бере ме?
Қағаз құжатты электронды ығыстырмақ
Ұлттық экономика ведомствосы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңына өзгерістер енгізетін жаңа заң жобасын әзірледі. Айта кету керек, қолданыстағы заң құрылыс компаниясы мен үлескер арасында тек жазбаша келісім бекітілуін талап етеді. Оның 11-бабында: «1. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша нысанда жасалады және осы заңның 12-бабында көзделген тәртіппен көппәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда оны есепке қойған кезден бастап жасалған болып есептеледі», – деп нақты көрсетілген. Жаңа құжат осыны толықтырып, электронды келісімшартты қағаз құжатпен теңестіреді: «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша не электронды нысанда жасалады». «Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында өнімді экспорттауға бағдарланған кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыруға арналған жаңа құралдарды әзірлеу және сынақтан өткізу қажеттілігі көрсетілді. Мұның сыртында «Цифрлық Қазақстан» мембағдарламасында «цифрлық технологияларды жаппай енгізу – өнімділіктің өсуін қамтамасыз ету, олардың халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы дәстүрлі базалық салалардың дамуына серпін береді» деп белгіленді. Бұл түзетулер осы міндетті орындауға бағытталған», – деді түзетулерге түсініктемесінде Экономика министрі Әсет Ерғалиев. Ол: «Электронды құжат және электронды цифрлық қолтаңба туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қол қоюшы тұлғаның өз қолымен қойған қолтаңбасына тең және бірдей заңдық салдарға әкеп соқтырады. – Қазір ЭЦҚ мемлекеттік қызметтерді көрсету, мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасу, банк депозиттерін ашу кезінде кеңінен қолданылады. Неге оны үлестік құрылысқа да кеңінен енгізбеске?! Осыған байланысты үлестік құрылыс саласына электронды құжат айналымын тарату – цифрлы технологияларды енгізудің қисынды жалғасына айналады, – дейді министр. Электронды құжат халық арасында танымал екенін ескерсек, электронды үлескерлік шарт та кең сұранысқа ие болары сөзсіз. Өйткені тек қолға ұстап салмақтауға келетін қағазға сенетін адамдар болмаса, ЭЦҚ-сы бар, уақытын бағалайтын іскер қазақстандықтар үшін бар жұмысты компьютер не смартфон арқылы бітірген қолайлы.Елордадан гөрі Майамиде апартамент арзан
Дегенмен пәтер сатушы мен сатып алушы арасында келісімді электронды бекіту тек бірінші кезең ғана. Сонымен шектелсе, іс ілгерілемейді. Себебі үлескерлік шарт оны жергілікті атқарушы органда есепке қойған кезден бастап жасалған болып есептеледі. Сондықтан ел Үкіметі электронды шарттарға көшкеннен кейін жергілікті әкімдікте үлестік қатысу шарттарын автоматты тіркеуді енгізуге ниетті. Бұл бүкіл еліміздегі үлескерлік шарттардың есебін нақты жүргізуге және олардың орындалуын бақылауға мүмкіндік бермек. Әйтпесе, құрылыс компаниялары мен үлескерлер арасында бекітілген шарттардың бір бөлігі жергілікті атқарушы органдарда тіркеуге алынбаған. Қосымша үлескерлер проблемалы тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап, шу туғанда шығып жатады. Ұлттық экономика министрлігінің жаңа бастамасы отандық тұрғын үй нарығының дамуына жаңа серпін беруі тиіс. Бірақ мамандар шетелден Қазақстандағы жылжымайтын мүлікті сатып алушылардың легі күрт көбейеді дегенге сенбейді. Жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы, қаржыгер Еркін Байғазин халықаралық нарықта отандық тұрғын үй және коммерциялық нысандар бәсекеге қабілетсіз екенін айтады. «Мысалы, елорданың ескі және жаңа орталықтарының түйіскен тұсында белгілі құрылыс холдингі салып жатқан Akbulak Riviera апартаменттер кешенінде 247 шаршы метрлік 5 бөлмелі үй 333,8 миллион теңгеден сатылуда. Бұл шамамен 800 мың доллар. Салыстырсақ, АҚШ-тағы Майамиде екі жатын бөлмесі бар үлкен апартаментті 500-600 мың долларға сатып алуға болады», – дейді ол. Сарапшы тағы бір мәселеге назар аудартты. Екі жылдан бері қос жақтан қысқан пандемия және экономикалық дағдарыс халық тұрмысының төмендеуіне соқтырды. Тіпті, «Шаңырақ» секілді арзан ипотека беретін мембағдарлама аясында да әл-ауқаты төмен біраз қазақстандық баспана ала алмай жатыр. «Өйткені елімізде тұрғын үй бағасы шығандап барады. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне жүгінсек, баспана бағасы кейінгі 5 жыл қатарынан тоқтаусыз өсуде. Және ең үлкен өсім дағдарыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Атап айтқанда, жаңа тұрғын үйлердің сату бағасы 2016 жылы минус 3,6%-ға төмендесе, 2017 жылы – 1,3%-ға, 2018 жылы – 2,6%-ға, 2019 жылы – 6,4%-ға, былтыр – 5%-ға, ал биылғы жарты жылда 9,7%-ға шарықтаған. Абаттандырылған үйлердің қайталама нарығындағы қымбатшылық одан да зор: 2018 жылы – 1,9%, 2019 жылы – 6,2%, 2020 жылы – 13,2%, ал биылғы І жартыжылдықта – 16%», – деді Е.Байғазин. Оның байламынша, егер өтпесе, баға бұлай көтерілмес еді. Рас, кейбір деректер бойынша пара пәтермен берілетін көрінеді, егер ол рас болса, бұл кесір құбылыс та нарықтағы көпіршіктің өсуіне ықпал еткенге ұқсайды. Сарапшылар отандық тұрғын үй нарығында бір қызық жағдай қалыптасқанын айтады: пандемия және жаһандық экономикалық күйзеліс не бағаның, не сатып алу көлеміне төмендеуіне түрткі бола алмады. Ал дүниежүзінде негізінен үрдіс жүруде. 2021 жылғы қаңтар-шілдеде елде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда бірден 2,2 есе артқан! Бұған тіпті баспана бағасының қарқынды қымбаттауы да тосқауыл бола алмады.Ипотека цифрлық өлшемге көшуде
Саланың дамуына банктер де үлес қосып жатыр. Мысалы, бүгінде банк секторында «цифрлық ипотека» жаңа технологиялық сервисі пайда болды. Ол банкке бармай-ақ тұрғын үй кредитін рәсімдеуге мүмкіндік береді. Осы үшін қажетті барлық рәсімдер – өтініш беруден бастап, есептеме жүргізу және шарт бекіту электронды түрде, смартфон немесе компьютер арқылы жүзеге асады. Бұл ретте клиент деректерін дұрыс толтырса және төлем қабілеттілігін тексеруден лайықты өтсе, цифрлық ипотекада кредитті мақұлдау бір тәулікке ғана созылады екен. Ал алдын ала мақұлдау бір сағатты алады. Мұндай тұрғын үй несиесін рәсімдеу үшін азаматтың өз атына тіркелген телефон нөмірі мен ЖСН қажет. Банктердің насихаттауынша, осының арқасында енді қазақстандықтар бірнеше сағат ішінде жаңа пәтер иелене алады. Осылайша, банктер ипотеканы рәсімдеу және беру процесінің барлық құрауыштарын цифрландыруда. Бұрынғы Цифрлық даму вице-министрі, қазір жетекші банктердің бірінің өкілі Абылайхан Оспанов мұның қаржы саласындағы мүлдем жаңа өнім екенін алға тартады. Осының арқасында еліміз алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылып отыр. «Нәтижесінде, мемлекеттік және қаржылық сервистердің толыққанды синергиясына қол жеткізілді. Банктің өзіндегі несие беру ісін қараудағы оралымсыз бюрократия күйретілді. Мұнда барлық шешімді машина адамның қатысуынсыз, деректерді сараптау негізінде қабылдайды. Қазақстандықтар бұдан былай бір тәулік ішінде қалаған баспанасына қарыз ақша тауып, үй сатушымен есептесе алады. Біз бұған «Электронды үкімет» инфрақұрылымының және мемсервистердің ашықтығының арқасында қол жеткіздік», – дейді Абылайхан Оспанов. Оның мәліметінше, Қазақстандағы цифрлық ипотека рәсімдері банкте 90%-ға цифрландырылған. Ал осы бағытта жаһандық көшбасшы болып танылған Ұлыбританияда бұл көрсеткіш әзірге – 55%, Нидерланд пен Эстонияда 44%-ды құрайды. Жалпы, егер отандық жылжымайтын мүлік нарығында баға арзандаса, бұл сала шетелден мол клиент пен қаржы тарта алатын салаға айналуы мүмкін. Мысалы, Түркия шетелдіктерге жылжымайтын мүлік сату көлемі 2023 жылы 15 миллиард, ал 2025 жылы 20 миллиард долларға жетеді деп жоспарлап отыр. Қазақстанда қанша шетелдік жылжымайтын мүлік сатып алғаны туралы статистика жүргізілмейтін болып шықты. Себебі бұл үрдіс тым мардымсыз, жаппай сипат алмаған. Қалай болғанда, отандық осы сала цифрландыруда алға озғанымен, бюрократияны бұзғанымен, шаршы метрлер бағасының қымбаттығы оның бәсекедегі адымын аштырмай тұр.Елдос СЕНБАЙ