Жас мамандарды қыстаған кім?

Жас мамандарды қыстаған кім?

Өскемен қаласындағы жедел жәрдем қызметінің жас мамандары ұжымда қазақ тілін еркін қолдана алмайтынын айтып, басшылығына ша­ғым білдірген. Олардың билік өкілдерінен көмек сұрағанын көрдік. Осыдан кейін «ел ішінде қазақ тілінің таралуын шектейтін азаматтар бар ма?» деген ойға қалдық.

Зейнеткерлер жастарға бейнет болды ма?

Әуелі оқиғаға қысқаша тоқта­лып кетсек. Өскемендегі жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтін жас мамандар шағымын әлеуметтік желілерге жариялаған болатын. Мәтіннің басында олар «Nur Otan» партиясы мен қоғам белсенділе­рінен, журналистерден көмек сұраған. Айтуларынша, Өскемен қаласының жедел жәрдем стансасы ұжымының 70 пайызы – қазақ жастары. Еңбек ететіндердің басым бөлігі мемлекеттік тілде білім алған. Осыған қарамастан ұжым басшы­лығы мүлде қазақ тілінде жиналыс өткізбейді екен. Нұсқаулықтар мен медициналық құжаттар да тек ресми тілде толтырылған. Бұған қоса, қызметкерлерге барлық құ­жаттарды қазақ тілінде толтыруға мүмкіндік бермейтін көрінеді. Осыны айтқан олар басшылықтың әрекетін «қазақ тіліне жасалған ашық қарсы саясат» деп бағалапты. Құжаттарды тексеретін дәрігер-сарапшының есімі Татьяна Александровна. 1938 жылы туған, 82 жастағы зейнеткер. Аға дәрігер болып Валерий Сухарева деген тағы бір зейнеткер қызмет атқарады. Зейнеткерлікке шыққанына 7 жыл болған Валентина Маслова да әлі күнге дейін еңбек етеді екен. Ша­ғымда осылардың «жас мамандарға орындарын босатпай, ұжымда мем­лекеттік тілге қарсы саясат жүргізіп жүргені» айтылады. Ал мемлекеттік тілде қызмет ететінін айтқан жас маманның біріне күн көрсетпей, ақыры жұмыстан шығуға мәжбүр етіпті. Жас мамандар сол үшін соңғы 1 жылдың ішінде еңбек инспекциясы мен қалалық, об­лыстық прокуратураға шағым жазған. Бірақ осы мәселе шешілмей, ылғи аяқсыз қалғанға ұқсайды.

Мемлекеттік органдар түсіндірумен шектелді

Бұл жағдайды білгеннен кейін қоғамда аздаған дүмпу болғандай сыңай байқалды. Әсіресе жұрт «мемлекеттік органдар не айтар екен?» деп ойлаған. Көп ұзаған жоқ, жауап берілді. Бірақ жедел жәрдем қызметіне қатысты еш ескерту жасалмаған. Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінің өкілі Ғалым Шойкиннің айтуынша, мәселеге қатысты ШҚО әкімдігіне тапсырма берілген. Әкімдік шара қолданғанын айтып, мынадай жауап берген: «2021 жылғы 25 тамыз күні Шығыс Қазақстан облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқар­масы қызметкерлерінің, тіл жана­шырларының, блогерлердің, этно­мәдени орталық өкілдерінің, жур­налистердің, жергілікті полиция қызметкері мен Өскемен қаласы­ның тілдерді дамыту бөлімінің ма­мандары қатарынан құрылған топ халыққа қызмет көрсететін кәсіп­керлік нысандарға, сауда ор­та­лық­тары мен тамақтану орын­дарына, дәріханалар мен емханаларға барып «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының талаптарын түсіндіріп, азаматтарды заң талабын бұзбауға шақырды. Сондай-ақ қате жазылған көрнекі ақпарат пен жар­нама мәтіндерін түзетуге, олардың орналасу тәртібіне бай­ланысты әдістемелік көмек көр­сетіп, мем­лекеттік тілді үйренгісі келетін аза­м­аттарға ақысыз негізде қазақ тілін Шығыс Қазақстан лингвисти­калық орталығында оқуға ша­қырды» делінген. Сондай-ақ жауапта қазақ тілін меңгермеген мекеме қызметкер­лерін Шығыс Қазақстан лингвис­тикалық орталығында оқуға тарту туралы міндет қойылғаны айтылған. Мекеме басшысына ғимарат ішінде орнатылған кейбір қысқамерзімді ақпарат-хабарландыруларды да «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 21-бабына сәйкестендіру керегі ескертілген. Өз кезегінде мекеме басшысы Ержан Мейірбаев ұжымдағы қыз­меткерлер арасында шиеленіссіз тиімді тіл саясатының жолға қойы­латынын, қызметкерлердің қазақ тілін оқу курсына жазу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізіпті. Келісім бойынша қазан айынан бастап ШҚО лингвистикалық орта­лығының оқытушылары Өс­кемен қаласындағы жедел жәрдем стан­сасы қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқытуды бастайды екен.

Дәрігер болған жайды мойындамайды

Демек, жедел жәрдем қызме­тіндегі егде жастағы мамандар ра­сымен мемлекеттік тілге қарсы саясат жүргізгенге ұқсайды. Енді зейнеткерлігіне қарамастан әкімдік оларға тіл оқытуды ұйғарған екен. Осыдан кейін біз жедел жәрдем орталығындағы бас дәрігердің орынбасары Гүлнар Текиманова ха­барласқан едік. Алдымен мәсе­ленің шешілгенін айтқан ол артын­ша бұл жағдайды жоққа шығарып «әлек» болды. – Мұндай жағдай болмады. Ұжым жақсы. Барлығы қос тілде қызмет көрсетеді. Түсініседі. Нұс­қау­лықтар да қазақша толтырылған. Жас мамандарға ондай қысым болған жоқ, – дейді ол. Айтып-айтпай не керек, әйтеуір мәселе шешілгендей болды. Бірақ мұндай оқиғалардың қайталан­ба­сына ешкім кепіл бола алмайды. Жыл басында осыған ұқсас жағдай елордада болды. Онда да сол жылы жауып тынған едік.

М.ТӨЛЕУ