Тоқаевтың халыққа Жолдауы жақсы әсер қалдырды - Расул Жұмалы
Тоқаевтың халыққа Жолдауы жақсы әсер қалдырды - Расул Жұмалы
© inform.kz
Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікір білдірді. 
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы жақсы әсер қалдырды. Елімізді толғандырған көптеген мәселелер бойынша кешенді шаралар бағдарламасы ұсынылды. Коронавирус індетін аман-есен еңсеру, барлық бюджеттік қызметкерлердің жалақысын өсіру, шағын және орта бизнесті қолдау, саяси реформаларды жалғастыру, жастарды ынталандыру, басқа да кезек күттірмейтін шаруалар қолға алынбақ. Ерекше атап өтерлігі - сөз болған әрбір міндеттің жалпылама уәде емес, нақты сандармен, пайыздамамен, қабылдануы тиіс заңдық актімен толықтырылғаны. Олай болса олардың іске асуын қоғам өзі бақылай алады. Орныға бастаған осы тәжірибе қазірдің өзінде оң нәтижелер беріп отыр. Мәселен, өткен жылғы Жолдауда берілген тапсырмалар жемісін бүгінде көптеген азаматтарымыз сезініп үлгерді. Олардың ішінде жалақысы 25-50 пайызға өскен ұстаздар мен дәрігерлер, зейнетақы қорындағы қаржысын пайдалану арқылы бір миллионнан астам отандас тұрғын үй жағдайын жақсартып алғаны, партияға кірмей жеке тұлғалардың сайлауға түсуі - осындай игі тұстар аз емес. Десе де биылғы Жолдау тек ағымдағы мәселелерді шешу ғана емес, сондай-ақ болашаққа қарай бой түзеген істердің жоспары болып табылады. Бұл бағытта да талай батыл міндеттер қойылды. Солардың ішінде өзіме ерекше ұнаған үшеуін ғана атап өткім келеді: 1) 2025 жылға қарай жаңадан 1000 мектеп ашу; 2) 100 мың бәсекеге қабілетті Ай-ти саласының маманын дайындап шығару; 3) Қазақстанның 10 ірі қаласын экологияға зиянды көмірден газ бен жасыл қуат көздеріне аудару", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.