Оқиғадан кейін білім беру мекемесінде тексеру жүргізіліп, мұғалім жұмыстан шығарылды. Желіде тараған бейнежазбада әйел адамның еден жуушының жанында тұрып, оның шелегін теуіп жібергені көрінеді. Бұл әрекет көпшіліктің наразылығын тудырды.
Ақтауда еден жуушының шелегін тепкен мұғалім жұмыстан шығарылды
113
оқылды

Ақтауда жекеменшік лицей мұғалімінің еден жуушыға дөрекілік көрсеткені түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиғадан кейін білім беру мекемесінде тексеру жүргізіліп, мұғалім жұмыстан шығарылды. Желіде тараған бейнежазбада әйел адамның еден жуушының жанында тұрып, оның шелегін теуіп жібергені көрінеді. Бұл әрекет көпшіліктің наразылығын тудырды.

БАҚ-та тараған мәліметке сенсек, жанжалға қатысқан мұғалім лицей директорының әйелі болып шыққан. Ал еден жуушы бұған дейін мектеп басшысының үйінде жұмыс істеген. Кейін оны лицейге жұмысқа қабылдап, еңбекақысын қолма-қол төлеп отырған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалға еден жуушының директордың әйелі туралы сыртынан айтқан сөзі себеп болған. Оқиға қоғам назарын аударғаннан кейін Ақтау қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрып, тексеру жүргізді. Мән-жайды анықтауға полиция қызметкерлері де тартылды. Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Қуанышқалиқызының айтуынша, комиссия шешімімен мұғалімге тәртіптік шара қолданылған.

«Ақтау қаласының білім бөлімі тарапынан комиссия құрылып, оған полиция басқармасын да қосқан болатынбыз. Зерделеу комиссиясының шешімімен мұғалімге сөгіс беріліп, жұмыстан шығарылды. Полиция басқармасы да жұмысын істеп жатыр, оның да шешімі қосымша жарияланады», – деді ол.

Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру қорытындысы кейін жарияланбақ.