Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялады. Президент бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарына әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындау қажеттігін айтты. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық таныту керегін еске салды. Әрбір шешім елдің сұранысын, мемлекеттің мүмкіндігін ескере отырып қабылдануы қажет деген ойды алға тартты.
Шын мәнінде, биылғы Жолдаудың жөні де, мәні де ерек. Президент қаржы, цифрландыру, қорғаныс, ауыл шаруашылығы, денсаулық, білім және ғылым, басқару реформасы, геология, экология, саяси және сот-құқықтық реформа, ұлтаралық келісім, спорт, мәдениет, егемендікті қорғау, территориялық тұтастық, демография мәселелерін қадау-қадау ұсыныстармен шегеледі. Бәрі де елдің өзекті мәселесі. Бұл Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында айтылған жайттар. Президент соның бәрін дәйекті және табанды түрде іске асыруға мықтап кіріскенін аңғаруға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін қадап тұрып айтты. «Мемлекет басшысының саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз», – деді. Бұл нені аңғартады? Мемлекет басшысы кездескен қиындықтар мен түрлі сынақтарға қарамастан, өзінің бағдарламасын жүзеге асыруға табандап тұрып кіріскенін білдіреді. Мемлекет қаржысын оңды-солды жұмсауды доғару қажеттігін айта келе, Президент қаржы-қаражат саясатына қатаң бақылау жасау керегін айтты. Ендігі таңда мемлекет банктерге қаржылай қолдау көрсетпейді! Аңғарған адамға бұл – үлкен нәрсе. Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл мыңдаған адамның тұрмыс-тіршілігі өзгереді, әлеуметтік жағдайы жақсарады деген сөз. Мемлекет басшысы соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал ететіні сөзсіз. Биылғы Жолдауда еліміздің мәдениет саласы қызметкерлеріне орасан қолдау жасалды. Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Сондай-ақ зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек екенін айтты. Бұл – өзекті мәселе. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысы ел дамуының негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін, осы бағыттан бір қадам артқа шегінбейтінін нақты көрсетті.