Жолдау-2021: контент-анализ
Жолдау-2021: контент-анализ
©️akorda.kz
557
оқылды
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру мақсатында жалақыны көтеру қажет екенін айтты. Мәселен, ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін арттыру: 
«Елімізде ең төменгі жалақы көлемі 2018 жылдан бері көбейген жоқ. Дағдарыс халықтың табысына кері әсерін тигізді. Ең төменгі жалақы көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінен біршама артта келеді. Сондықтан 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдаймын. Аталған бастама 1 миллионнан астам адамды қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Сондай-ақ Президент Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламасы әзірленетінін мәлімдеді. Себебі таяуда "7-20-25" пен "Баспана Хит" сияқты жобалар аяқталады. Ал биыл зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алу арқылы біршама ел тұрғыны үйін кеңейтіп, баспаналы бола алды. 
«Бұл үрдісті қолдау үшін жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағының бір бөлігін болашақта баспана сатып алу үшін «Отбасы банкіне» аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Бұл ақша жинау дағдысын қалыптастырып, қаражатты сауатты басқаруға мүмкіндік береді», – деді мемлекет басшысы. 
"Жалпы бұл Жолдау бұрынғыларынан өзгерек. Халықтың мүддесі үшін, ел экономикасының дамуын, пандемиядан кейін ауылшаруашылық саласын қолға алу, цифрлық жүйені дамыту, денсаулық, білім, ғылым салаларына назар аудару, армия қатарына жаңа кадрлар дайындау, аймақтық мәселелерді шешу, еңбек нарығын қалпына келтіру, саяси реформаларды, тіл саясатын одан ары дамыту мәселелері қамтылды. Сондай-ақ Жолдауда қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық даму мәселесі де көрініс тапты", – дейді әлеуметтік желіде жазбасы арқылы пікірін білдірген Арқалық қаласының мәслихат депутаты Сағидолла Байгенжин есімді ақсақал. Ал халықаралық құқық саласының маманы, заңгер Руслан Түсіпбеков: "Бұл жолғы Жолдаудың маған ұнаған бір ерекше тұсы — мектеп салу мәселесі. 2025 жылдың соңына дейін 1 мың мектеп салуды тапсырғаны қуантады, – дейді де, бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін былай деп түсіндіреді, – қазір біздің елде демографиялық көрсеткіш жыл санап артып келеді. Былтыр 425 мың сәби жарық дүние есігін ашса, 2021 жылы бұл рекорд тағы да жаңарып, 440 мыңға жететін түрі бар. Ал бұл – балалардың барлығы ертең көзді ашып-жұмғанша мектепке барады деген сөз. Стандартты мектептің құрылысына 1,5-2 миллион доллар жұмсалады десек, 1000 мектепті салуға 1,5-2 миллиард доллар қажет. Бір жағынан қарағанда, бұл бір сұмдық қаражат сияқты. Алайда мемлекеттің қаржысына жүзеге асырылған жобалардың талайы болғаны бәрімізге мәлім. Олардың жанында бұл – қып-қызыл қажеттілік. Тіпті мың мектеп аздық етеді деп ойлаймын", - деп аяқтайды өз ойын ол.  Саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың ойынша, Жолдаулар, өкінішке қарай, жолдау күйінде ғана қалып отыр. Ол жерде көтерілген көп мәселе шешімін таппай, айтылған жерінде қалады дегенді меңзейді мына бір жазбасында: "Жолдаудың қай-қайсысы да мемлекеттің дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Алайда олардың жүзеге асырылуына келгенде сұрақ көп. Мәселен, 2010 жылы Елбасы жанар жағармай мәселесін 2014 жылға дейін шешуді тапсырып, азық-түліктің 80%-і қазақстандық өнім болуы тиіс деген еді. Бұл мәселелер әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы жолдауында Арыстағы жарылыс қайталанбауы керек деген еді, көп ұзамай Жамбыл облысында тура сондай жарылыс болды", – деп кейиді саясаттанушы.  "Ар. Рух. Хақ" құқық қорғау ұйымының басшысы, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, бұл жолғы Жолдауда адам құқықтарына 7 минут уақыт бөлініпті. Құқық қорғаушы үшін бұл Жолдау екі жайтпен ерекшеленіп отыр. "Бірі – ең төменгі жалақының өсімі, екіншісі – креативті индустрияны қолдау қорының құрылуы. Бұл қордың мақсаты – мәдениеттің жаңа салалары мен бағыттарында еңбек етіп, өз күнін өзі көріп жүрген дарынды жастарға қолдау көрсету".  Енді сандарды сөйлетсек. Жолдау бас-аяғы 1 сағат 07 минутқа созылды. Оның 29 минут 6 секунды қазақша, 42 минут 15 секунды орысша болды.  Парламенттің бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдау жасаған кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мына сөздерді көп қолданды.  [caption id="attachment_159033" align="alignnone" width="1200"] width= Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы Жолдауындағы ең көп қолданылған сөздер[/caption]