«Қазақстанда әркім маңызды!» деген ұранмен көптен сөз етілген халық санағы басталып та кетті. Мамандардың айтуынша, бұл қазіргі форматтағы соңғы санақ болғалы тұр: көз ілеспес жылдамдықпен жаңғырып жатқан заманда тағы он жылдан кейін үй-үйді аралап, жалпыұлттық сауалнама жүргізу өзектілігін жоюы тиіс. Тәуелсіздік тарихындағы осы үшінші санақтың өзі 2009 жылғыға қарағанда технологиялық тұрғыдан ерекшеленіп отыр.
Бұл жолғы санақ бұрынғыдан өзге
Халық санағын өткізу 2020 жылғы 1-30 қазан аралығына жоспарланған-тын. Алайда күтпеген жерден жаһанды COVID-19 пандемиясы жайлады. Карантин шектеулеріне байланысты осынау тарихи маңызды шара 2021 жылғы 1 қыркүйек-30 қазан аралығына ауыстырылды. Азат Қазақстанда 1999 және 2009 жылдары жүргізілген санақтардан бірінші айырмашылығы сол, бұл жолғы іс-шара екі кезеңмен жүреді: І кезеңде – 2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін Қазақстан азаматтары мен республиканы мекен еткен шетелдіктерге Sanaq.gov.kz сайты арқылы өзіне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын онлайн толтыруға мүмкіндік беріледі. Сайт тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді. Мұның сыртында респонденттердің ХҚКО-ларда, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептерде, басқасында арнайы ұйымдастырылған нұсқаушылық учаскелерде санақтан өтуіне мүмкіндігі бар. Ал ІІ кезеңде осы мүмкіндікті пайдаланбағандарды қамту үшін 1 қазан мен 30 қазан аралығында санақшылар олардың үйлеріне барады. Екінші айырмашылығы – барлық интервьюер бұрынғыдай сөмке толы бума-бума қағазды арқаламайды. Әрбір отбасы мүшелерінің дерегі мен жауаптары планшетке түсіріледі. Үшіншіден, бұл жолы сұрау парақтары жаңа сауалдармен толықты. Мысалы, тілге қатысты сұрақтар аясы кеңейді: бұрынғыдай неше тіл білетінін анықтаумен шектелмейді: «Сіз мемлекеттік тілді меңгергенсіз бе?», егер «Иә!» десе: «Сіз оны күнделікті өмірде қолданасыз ба?» деп нақтылайды. Сондай-ақ азаматтардың қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру деңгейлері («ауызша түсінемін», «еркін оқимын», «еркін сөйлеймін», «еркін жазамын», «меңгермегенмін»), қазақша білмейтін қазақстандықтардың мемлекеттік тілді үйрену жоспары анықталады. Бүкілқазақстандық сауалнама барысында азаматтардың шетелге көшіп кетуге ниеті белгілі болмақ. Жаңа сұрақтар қатарында «Сіз COVID-19 инфекциясымен ауырдыңыз ба?», «Сіз коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алдыңыз ба?», «Сіздің табысыңыздың деңгейі COVID-19 пандемиясына байланысты қалай өзгерді?» және басқасы бар. Тұтастай алғанда, биыл Қазақстан тұрғындарына барлығы 91 (оның 69-ы – негізгі және 22-сі – нақтылаушы) сұрақ қойылады. Санақ парақтарында халықтың саны, жынысы, құрамы, білімі, көші-қоны, неке жағдайы, бала тууы, жұмыспен қамтылуы, күнкөрісінің негізгі қаражат көзі, тұрмыс-тіршіліктің шектеулеріне қатысты сұрақтар болады. «Дәстүрлі көрсеткіштермен қатар 2021 жылғы санақ парақтарына жаңа сұрақтар енгізілді: атап айтқанда респонденттің орналасқан жері, тіршілік әрекетінің шектелуі (көру, есту, жүру, есте сақтау, назарды шоғырландыру қиындықтары), Қазақстан аумағында уақытша тұратын адамның бізге қайдан және не мақсатпен келгені нақтыланады. Қосымша сұрақтарды қосу арқылы кейбірі толықтырылды: көші-қон саласында – Қазақстаннан тыс жерге шығуды жоспарлау, оның негізгі себептері мен мерзімдері, неке жағдайы саласында – некеге тұру жоспары, жұмыспен қамтылу саласында – уақытша жұмыспен қамтылмау себептері, тілдерді меңгеру дәрежелері, діні, бір айдағы шамамен табысы туралы сауалдар болады», – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.Науқанға қанша қаржы жұмсалады?
Статорганның баспасөз хатшысы Әсем Алдаңғарқызы бұл жолғы санақ өз елімізде де, өзге елдермен салыстырғанда да ең арзаны болады деді. – 2021 жылғы халық санағында 1 адамға жұмсалатын шығын 1,1 долларды құрағалы тұр. 2009 жылғы санақта 2,9 доллар болған. Биылғы санақ 2009 жылғыдан 2,6 есе арзан. Шығындар цифрлық технологияларды енгізу, деректерді жинау процесін автоматтандыру арқасында төмендеді. Посткеңестік кеңістіктегі елдерге қарағанда Қазақстанда бір адамға шаққандағы халық санағының құны әлдеқайда төмен: Қырғыз Республикасында бұл көрсеткіш – 1,2, Әзербайжанда – 1,44, Ресейде 3,6 долларды құрады, – деді Ә.Алдаңғарқызы. Оның мәліметінше, биылғы санақты өткізуге 2018 жылдан бастап, 2023 жылға дейінгі 5 жылдық кезеңде бюджеттен 9,1 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ. Тарата айтсақ, 27 412 планшет сатып алуға – 1 млрд 85,6 млн теңге, штаттан тыс қызметкерлерге еңбекақы төлеуге, санақ персоналының қызметіне жалақы төлеуге 4,7 миллиард теңге бағытталыпты. Бағдарламалық қамтылымды әзірлеуге, серверлік, коммуникациялық жабдықтар алуға – 932,6 млн теңге, 139 автокөлікке – 475,4 млн теңге, компьютерлер мен ұйымдық техника алуға – 213,3 млн теңге, жиһаз және кеңсе тауарларына – 100,6 млн теңге, халық санағының логотипі бар 30 255 шарф пен портфель сатып алуға – 56,8 млн теңге, санақ құралдарын тираждауға – 35 млн теңге, іссапар шығыстарына – 20 млн, жарнама роликтеріне 7 млн теңге арна тартады. Осының алдында хабарланғандай, «жалпыұлттық сауалнаманы» жаңа форматта өткізу үшін мемлекет әр данасын 39,6 мың теңгеден, жалпы сомасы 1,085 миллиард теңгеге 27 412 планшет сатып алған. Бұл өнімдер – Қытайда шығарылған, KOUZONE MTK6592 планшеттері. Сондай-ақ оған қосымша гарнитуралар – планшет қаламдары, қорғаныш тысқабы, қорғаныш шынысы, power bank алынды.Осы планшеттер санақ аяқталған соң да қолданыста болатын көрінеді, олардың басым бөлігі мектептерге беріледі. Тағы бір бөлігі ай сайынғы, тоқсандық, жылдық салалық бақылаулар мен зерттеулер жүргізу үшін статбюрода қалады.
«Планшет қызметкерлердің еңбегін жеңілдетуге, жинақтылығын арттыруға және қағаз бен кеңсе құралдарына жұмсалатын шығынды үнемдеуге мүмкіндік бермек. Бұған қоса, санақ деректерінің сапасы мен нақтылығы артады, адам факторының ықпалы барынша азаяды. Интервьюер планшетте орнатылған барлық арифметикалық және логикалық бақылау түрлерін, классификатор мен анықтамалықтарды пайдалана алады. Алынған мәліметтер тікелей жалпы деректер базасына жіберіледі», – деп түсіндірді ведомство. Осы планшеттер санақ аяқталған соң да қолданыста болатын көрінеді, олардың басым бөлігі мектептерге беріледі. Тағы бір бөлігі ай сайынғы, тоқсандық, жылдық салалық бақылаулар мен зерттеулер жүргізу үшін статбюрода қалады.Жалпыұлттық санақ не үшін керек?
2021 жылғы ұлттық санақты жүргізу жұмыстарына 32 мыңнан аса адам тартылуда. Олардың көбі – интервьюер. Осы науқан қарсаңында әлеуметтік желіде санақшы атын жамылып, алаяқтар мен қылмыскерлер үйлерге еніп кетуі мүмкін-ау деген алаңдаушылық білдірілді. Ұлттық статбюроның мәлімдеуінше, интервьюерлерді тану қиын емес: әрбір қызметкер міндетті түрде өз қызметтік куәлігін көрсетуі тиіс. Ол құжатта фотосуреті, аты-жөні, куәліктің берілген уақыты мен жарамдылық мерзімі, сондай-ақ аумақтық статистика бөлімшесінің қолы мен мөрі болады. Барлық интервьюердің көк түсті, халық санағының белгісі бар мойынорағашы мен портфелі бар. Ведомство басшысы Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, интервьюерлер «вакцинациялаумен барынша қамтылған», олар бетпердемен, антисептиктермен жабдықталған. Санаққа қатысты сұрағы бар азаматтар смартфоннан – 8 8000 800 878, ал жай телефоннан – 1446 нөмірі арқылы Call орталыққа тегін хабарласуына болады. Сондай-ақ кейбір сарапшы әрбір азаматтың дербес деректері толық цифрландырылған, дүниеге келген, өмірден өткен, шетелден келіп-кеткен әрбір адамның нақты статистикасы жүргізілетін қазіргі заманда үй-үйді аралайтын ескі форматтағы санақтың қажеттілігіне күмән білдірді. Бірақ статорганның түсіндіруінше, санақ кезінде билік тек халықтың санын анықтамайды, мемлекет пен ұлт үшін маңызды әртүрлі сауалға әрбір қазақстандықтың пікір-ұстанымын біледі. – Бұл санақтың құндылығы сол, ол арқылы әрбір облыс, аудан, қала және ауыл тұрғындарының, халықтың әртүрлі топтарының демографиялық, тұрмыстық, әлеуметтік-экономикалық жағдайын мейлінше нақты айқындайтын кең ауқымды ақпаратқа қол жеткізіледі. Алынған бүкіл деректі әртүрлі сала ғалымдары талдап, алда демографиялық, экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты айқындау, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құру, сондай-ақ ғылымды, бизнесті және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдаланады, – деді Ұлттық статбюроның баспасөз хатшысы. Оның айтуынша, мекенжай тіркелімі, eGov.kz деректер қоры секілді қолда бар жүйелер халық пен оның пікір-ұстанымы туралы мәлімет бермейді. Бұл санақ осы ақпараттарды толықтыруға септеседі. Статорган ұстанымынша, «келесі жолғы санақ интервьюерлерді жұмысқа тартпай-ақ тіркелім жүйелері арқылы өткізілуі мүмкін». Науқан қорытындысында 2021 жылғы желтоқсанда халықтың жалпы саны бойынша жедел деректер ұсынылуы тиіс. 2022-2023 жылдары 10 тақырыптық жинақ (қысқаша қорытынды, халық, ұлттық құрам, көші-қон, білім беру, неке және отбасы, үй шаруашылығы, жұмыспен қамту, табыс және өмір сүру көздері және тұрғын үй сипаттамалары) әзірленеді. Өңірлік жинақтар да электронды форматта жарияланады.Айхан ШӘРІП