Осындайда «Шамның жарығы түбіне түспейді» деген сөз ойға оралады. Өйткені Алматының іргесіндегі Іле ауданында мектептердің жетіспеуі, ескі білім ошақтарының бар екені – соның айғағы.
Өндірісі де өркендеген, облыс бюджетіне қосатын үлесі де қомақты ауданның білім саласында 1 қыркүйек күні аса маңызды жаңалық тіркеліп, үш бірдей жаңа мектептің құрылысы толықтай аяқталып, оқушыларға есігін айқара ашты. Жаңадан бой көтерген білім ошақтарында алғашқы қоңырау соғылып, 1-сыныпқа барған бүлдіршіндер сәулеті келіскен мектептердің табалдырығын қуана-қуана аттады. Ата-аналар мен балалардың қуанышын облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов бөлісті. Алға жылжыған жылдармен бірге аумағы үлкейіп, тұрғындарының саны артып келе жатқан Қараой ауылында бұған дейін бір ғана мектеп жұмыс істеп келген еді. Соның кесірінен 2 000 бала амалсыздан үш ауысымдық жүйеде оқитын. Енді, міне жаңадан ашылған білім шаңырағы бұл мәселені түбегейлі шешіп, ата-аналар мен оқушылардың қуанышын еселеді. Мектеп құрылысы 2019 жылы басталып, оған бюджеттен 2,8 миллиард теңге бөлініпті. Мердігер Construction Company ЖШС мойнына алған жұмыстарды жоспарға сәйкес сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтапты. Білім ошағының ашылу салтанатында сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың айтуынша, білім күні облыста 438 мың оқушы алтын ұя – мектебімен қайта қауышыпты. Соның ішінде 47 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданған. Батыржан Құлаймергенұлы мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған қаройлық балаларға өз қолымен «Әліппе» оқулығын табыс етті.Болат АБАҒАН, Алматы облысы