Соңғы 7-8 жыл ішінде «синтетикалық есірткі» деген қызыл көз пәле пайда болды. Ол, әсіресе оңы мен солын танып үлгермеген жасөспірімдерге айтарлықтай қауіп төндіріп тұр. Негізінен онлайн жолмен сатылатын оны тарату қаншалықты оңай болса, полиция қызметкерлері үшін мұндай қылмыстардың бетін ашу соншалықты қиындай түсуде.
Нашақорлар есірткінің синтетикалық және табиғи түрі болатынын, екеуінің айырмашылығын жақсы біледі. Мысалы, табиғи және синтетикалық гашишті тек нашақор айыра алады. Олар әрдайым неғұрлым арзанына ұмтылатындықтан, өндірушілер өнімнің бағасын төмендетуге тырысып бағуда. Нәтижесінде, табиғи түрлері синтетикалыққа алмастырылып, спайс, тұз, снюс, түтінсіз темекі сияқты бұған дейін болмаған есірткі қаптап кетті. Сарапшылардың дерегінше, әлемде айналдырған бір аптаның ішінде есті алар синтетикалық есірткінің 10 шақты жаңа түрі шығарылады. Олардың құрамы мен формуласы кез келген жерде еркін саудалау мақсатында ұдайы өзгеріп отырады. Сол үшін қара базардағы қой терісін жамылған қасқырлар ваннаға арналған тұз, дәмдеуіш немесе тыңайтқыш сатып жүргенсиді. Жауапкершіліктен жалтару мақсатында олар өз өнімдерінің құрамына неше түрлі жаңа қоспаларды қосады. Олардың адам ағзасына қалай әсер ететініне тәжірибе жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Нарколог дәрігерлердің айтуынша, бұл есірткінің денсаулыққа зияны бұрынғыдан да орасан. Табиғи есірткі адам ағзасынан біртіндеп шығарылса, синтетикалық түрлері адам денесінде жиналып, түрлі ауру тудырып, ағзаны улайды. «Мұндай психикалық белсенді заттар ең әуелі адамның жүйке жүйесін бұзып, психологиялық жағынан да, физикалық тұрғыдан да тәуелділік тудырады. Тіпті, 1-2 рет дәмін татып көргеннен кейін-ақ адам оны іздеп тұруы ғажап емес. Себебі пенде болған соң тым құрығанда бір рет жаны рақатқа батқандай күй кешкеннен кейін, одан бас тартқысы келмейді. Ал ішкі құрылысы мен жүйке жүйесіне бір қолданғаннан-ақ санаулы секунд ішінде зиян келетінін сол сәтте ешкім де ойламайды. Оның зардабы ұзақ уақыт бойы сақталатынын нарколог дәрігерлер арнайы құрал-жабдықтың көмегімен анықтай алады. Нашақордың ойлау және есте сақтау қабілеті төмендейді, иммунитеті нашарлап, жүрек-қан тамырлары ауруларына ұшырайды. Синтетикалық есірткіге мән бермеуге әсте болмайды, өйткені ол да героин сияқты мыңдаған өмірді жалмауда, тіпті кәдімгі есірткіден 10 есе зиянды», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері, жоғары санатты дәрігер Дәуренбек Бейсембаев. Оның пікірінше, бұл кесел – ұлттың гендік қорына төніп тұрған қауіп. Мамандардың айтуынша, ең зияндысы – «крокодил» деп аталатын дезоморфин. Оны бірнеше ай бойы қолданған адам тірі өлікке айналғанын байқамай да қалады екен. Бастапқыда өзіне деген сенім, күш-қуат пен тамаша көңіл күй сыйлап, рақатқа бөлеген есірткі бірер уақыт өткен соң әлін құртып, ұйқышылдық пен ашуланшақтыққа әкеліп соқтырады. Адамның бойында түсініксіз үрей мен қорқыныш пайда болуы мүмкін. Нашақор қоғам үшін де қауіпті екені сөзсіз. Бүгінде психикалық денсаулық орталығында 573 нашақор есепте тұр.ДҮЙІМ ЖҰРТ ДЕН ҚОЮЫ КЕРЕК
Бұл тажалдың тырнағына ең алдымен жастар ілігіп жатқаны өкінішті-ақ. Олар тамыр арқылы қабылдамай, темекі ретінде бір түтіндеткеннен не демалғаннан келіп-кетер түк те жоқ деп қатты қателеседі. Кейін бұл дерттің шеңгелінен құтыла алмаған кезде, өкінішке қарай кеш болуы мүмкін. Сорақысы сол, полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі саудасымен күресу қиындап бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Бұл сауда негізінен онлайн жол арқылы жасалады. Жаңалыққа жаны құмар жастар интернеттің иірімінде балықша сүңгиді. Интернет дүкеннен тауар таңдап, қолма-қол ақшасыз есеп айырысып, сатушымен көзбе-көз кездеспейді. Сондықтан тәртіп сақшылары мұндай интернет парақшаларын үнемі бақылауда ұстап, бұғаттайды. Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері синтетикалық есірткіні жарнамалайтын және сататын 71 интернет-ресурс анықталып, оның 10-ы бұғатталды. 117 есірткі граффити боялды. Жыл басынан бастап осы күнге дейін синтетикалық есірткі айналымының 68 дерегі тіркеліп, 4 келіден астам тұз, спайс, мефедрон алынды. Екі ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Дегенмен полицейлер есірткімен күреске тәртіп сақшылары ғана емес, дүйім жұрт болып ден қою керек деп санайды. «Синтетика» сатушылар интернет амал-тәсілдерді жетік меңгеріп, әбден әккі болып алған. Әлем-жәлем жарнамаға баса мән береді. Олардың құрығына негізінен жеткіншектер түсетіндіктен, ең алдымен солардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Қылмысты әшкерелегеннен гөрі, оның алдын алған маңызды. Өйткені қазір есірткі қылмысының алдын алуға жұмсалған қаржы ертең сол қылмыстың бетін ашу, нашақорды емдеу және басқа да әлеуметтік шығындарға жұмсалатын шығындарды үнемдеуге септігін тигізеді», – дейді облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Иван Трезини. Синтетикалық есірткіге негіз болатын қоспалардың көбін кез келген дәріханадан еркін сатып алуға болатыны жағдайды қиындата түсуде. Осының нәтижесінде есірткі саудасының көрігін қыздырып отырған жасырын цехтар қаншама?! Оларды өнім жасауға үйрететін бейнероликтер интернетті еркін «шарлап жүр».ТҮЙІН: Бүгінде бүкіл әлемнің бас ауруына айналған синтетикалық есірткіден төніп тұрған қауіп көп, ал онымен күрестің, алдын алудың нақты тетігі жоқ. Әрі заң жүзінде жауапкершілікті қатаңдату керек деген пікір айтылуда. Бұл ретте біздің полицейлер шетелдік әріптестерімен күш біріктіруде. Қоғамды жайлаған кеселмен күреске тек мемлекеттік мекемелер емес, барша халық бел шеше кіріссе, бәлкім бір нәтиже шығар? Әзірге есірткімен күресте жеңіске жете алмағанымызды мойындағаннан басқа амал жоқ.
Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысыысы