Мың мектеп салынса, білім саласындағы мәселе шешіледі – Гүлнар Тойлыбаева
Мың мектеп салынса, білім саласындағы мәселе шешіледі – Гүлнар Тойлыбаева
274
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамыту, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы біліммен қамту, өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығында тиімді экожүйе құру, саяси жаңғыру, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.

Жолдауда бізді қуантқан маңызды мәселе – мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары болды. Ең бастысы, келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтерілмек. Бұл шара – ең төменгі жалақы алатын тұрмысы төмен 1 млн. ел тұрғыны үшін үлкен қолдау, уақтылы жасалған мүмкіндік. Мемлекет басшысы елдегі қуаңшылық пен ауыл шаруашылығы саласына да ерекше назар қойып,  жайылым мен азық-түлік бағасын белгілеуге орай нақты тапсырмаларын берді. Партия алаңында осы маңызды мәселелерді бірнеше рет талқылаған біз үшін, бұл - жақсы жаңалық. Мемлекет тарапынан қарапайым шаруаларға қолдау танытылса, азық-түлік бағасын бақылауға алып, жалақы мөлшері ұлғайса, ел тұрғындарының әлеуеті көтерілмек. Тұрғындардың баспанамен қамтылу мәселесі де баса назарға алынып, алдағы уақытта зейнетақы қорындағы қаражатымызды «Отбасы банк» арқылы аударым жасап, баспаналы болуға жаңа мүмкіндік ашылатын болды. Жолдауда айтылған 2024 жылы аудан әкімдерінің сайлауы  –  еліміздегі саяси реформалардың жемісі деп білеміз. Бүгінгі күні елімізде өткізіліп жатқан ауыл әкімдерінің сайлауы – ауқымды саяси науқанның бастамасы ғана. Партиялықтар өз тәжірибесінде өткізген праймериз бен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы – демократиялық үрдістің бастауы. Елімізде 2025 жылдың соңына дейін 1000 жаңа мектептің салынатыны да ел әлеуетінің көтерілуіне үлкен сеп болмақ. Менің ойымша, Білім күніне орай жарияланған жаңа Жолдау қазақстандықтарға жаңа серпін, болашаққа деген сенім ұялатты. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында еліміздегі індетпен күрес, сыртқы саясат пен халықаралық байланыстарды нығайту, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту сынды мәселелерді көтеріп, бес маңызды бастама көтерді. Алдағы уақытта біз экономиканы дамытып, әлеуметтің әлеуетін арттыруға, халықтың табысы мен күнкөрісін жақсартуға және шешімін табуы тиіс шұғыл мәселелерді бірден шешуге бірігіп жұмыс атқаратын боламыз. Мемлекет басшысы алдыға қойған 2025 жылға дейінгі барлық мақсат-міндеттер Nur Otan партиясының Сайлауалды бағдарламасының бағыт-бағдарымен үндес. Партиялықтар Президент бастамаларын негізге ала отырып, жаңа серпінмен жұмыс атқармақ.

Гүлнар Қожағұлқызы ТОЙЛЫБАЕВА,

Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары