ҚазҰУ ұжымы Президент Жолдауын талқылады
ҚазҰУ ұжымы Президент Жолдауын талқылады
236
оқылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. Жиында университеттің Басқарма Төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарияланған Жолдаудың еліміздің алдағы Даму стратегиясын айқындаудағы маңыздылығына мән берді. Білім ордасының басшысы ел Президентінің «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс» деген сөзін мысалға ала отырып, «Бұл тапсырманы айтпай-ақ түсініп жасау – біздің міндетіміз. Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқы Жолдауында да «Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болуы қажет» деп баса айтқан болатын. Себебі, мемлекеттің мемлекет болуының басты белгісі, ол – тіл. Біздің тіліміз бүгінге дейін қандай функцияларды атқарды? Негізгі функциясы онсыз да белгілі. Алайда әлі ғылым тіліне айнала алған  жоқ.  Қазақ тілі ғылым тілі деңгейіне жету үшін барлығымыз жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуіміз қажет», – деп атап өтті. Сондай-ақ, білім мен ғылым саласына қатысты басты мәселелерге тоқтала келе, Жолдау жүктеген жаңа жауапкершілік пен міндеттердің орындалуына белсене атсалысуға шақырды. Жолдауда аталған оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу, сапалы кадр даярлау, цифрландыру, ғылымды дамытуға байланысты міндеттерді жүзеге асырумен қатар, ҚазҰУ-дің халықаралық және республикалық рейтингтегі орнын нығайту қажеттігін жеткізді. ҚазҰУ-дің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Фатима Жақыпова дәстүрлі оқу форматының ерекшеліктеріне тоқталса, ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Байдәулет Урмашев ақпараттық жүйенің сапасын дамыту туралы ойларын ортаға салды. Ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректор м.а. Тілекқабыл Рамазанов іргелі ғылымды дамыту үшін грант мерзімін қазіргідей үш жылмен шектемей, бес жылға дейін қарастыру ұсынысын қуанышпен қабыл алған әсерімен бөлісіп, салаға қатысты ұсынысын ортаға салды. Соңынан ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев Президенттің «Еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу» деген сөзіне басымдық беріп, осы межеден шығу үшін бірлесе жұмыс істеп, айқын нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін тапсырды. Естеріңізге сала кетсек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың   Қазақстан халқына Жолдауын үш мәжіліс залына бөлініп, ұжыммен бірге тыңдаған болатын. Әкімшілік ғимарат және әл-Фараби кітапханасында ұйымдастырылған тікелей көрсетілімдерге университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушылар қатысты. Сондай-ақ, қазіргі сәтте оқытушы-профессорлар құрамы бағдарламалық құжатта көтерілген мәселелер бойынша өз пікірлерін түрлі БАҚ беттерінде және университет сайтында жариялап, ел Президентін бірауыздан қолдайтынын белсенді жеткізуде.