Ауыл халқы мал бағатын жерге зәру
Ауыл халқы мал бағатын жерге зәру
291
оқылды

Жер дауы қашанда көкейкесті. Ол жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері екі рет өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында бөле-жара айтқан еді. Енді, міне Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында жерге қатысты мәселені тағы көтерді. Бұл уақытта Ауыл шаруашылығы министрі де ауысып үлгерді. Бірақ жайылым жерлерді пайдалану ісінде ел күткендей әлі оң өзгерістер жоқ.

Президент Жолдауында ша­руалардың қолы жайылымға жет­пей отырғанын айтты. Әкімдер әртүрлі сылтау айтып, жайылым жерлерді ықпалды адамдардан кері қайтара алмай жатқанына тоқталды. Сондай-ақ жайылым жерді адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастағандардың да бар екенін ескертті. «Аймақтарда әкімдер түрлі себепті сылтауратып, ықпалды адам­дардың ығына жығылып, мә­селені шеше алмай отыр. Үкі­мет құзырлы органдармен бірле­сіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауы керек. Жеке қосалқы шаруашылықтарды жа­йылым жермен қамтамасыз ету қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жайылым неге жетіспейді?

Қазақстанда жалпы аумағы 272 млн гектар жер болса, оның 80 пайызы, яғни 218 млн гектар – ауылшаруашылық жерлері. 2016 жылы жер сатуға мораторий жарияланғанға дейін 1 млн 500 мың гектар 128 субъектінің мен­шігіне өтіп кеткен. 92,9 мың гек­тар жер телімі шетелдіктер мен қандастар иелігінде. Олардың пай­далану мерзімі 2022-2025 жыл­дары аяқталады да, аталған учас­келер мемлекетке кері қай­тарылады. Бұл туралы Ауыл ­ша­руашылығы министрлігінде мә­лім еткен болатын. Республика бойынша 94,3 млн гектар жайылым пайдалануға берілген. Оның 78 пайызы – ауыл шаруашылығы тауарларын өн­ді­рушілердің қолында, ал халықтың еншісіне тек 22 пайыз үлес тиген. Сондықтан шалғайдағы ағайын төрт түлікті бағатын жайылым, шөп шабатын шабындық таппай шерменде күйге түскен. Ал ауыл шаруашылығы жерлерінің 78 пайызын иеленіп отырған шаруа­шылық құрылымдарының қан­шасы жермен нақты жұмыс іс­тейді, оның қаншасы латифун­дистердің иелігінде – мұны Бас прокуратура анықтауы тиіс. Сон­дай-ақ 2015 жылдан бері ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді жұмсалуына бақылау жасау әкім­діктердің құзырына берілген. Сон­дықтан жергілікті атқарушы органдар да пайдаланылмай жат­қан жерлерді анықтауға мүдделі болуға міндетті. Бір анығы – осы жайылымның тек 36 пайызы пай­даланылады, қалған 64 пайызы бос жатыр. Елімізде 9 млн 846 мың мал басы шоғырланған: жекемен­шіктің қолында – 6,7 млн бас, кәсіпкерлік ұйымдарда – 3,146 млн бас. Яғни, халықтың қолын­дағы мал қарасы кәсіпкерлік ұйымдармен салыстырғанда 2 еседен көп, сөйте тұра оларға бө­лінген жайылым көлемі 3,5 есе аз. Сондай-ақ халықтың қолындағы төрт түліктің түгелі дерлік елді мекендердің маңайына жайы­ла­ды. Сол себепті көпшілік ауыл­дардың айналасы 5-10 шақырым­дық радиуста жаз шықпай жатып-ақ тақырланып қалады. Бұл жағ­дай жылда қайталанатын­дықтан, жер тозуға ұшыраған. Бү­гінде республика аумағында азып-тозған жер көлемі 27 млн гектарға жетті! БҰҰ-ның халықаралық сарапшыларының есебінше, соның кесірінен Қазақстан жылына 1 млрд долларға дейін шығын болады. Сондай-ақ мал арасында кесел көбейіп кеткен. Мұндай жағдайда мал басын көбейту, еңбек өнімділігін арт­тыру деген мәселелерді қозғаудың өзі орынсыз.

Қай өңірлерде жер тапшы?

Қазақстанда 2 480 ауыл болса, соның тек 1 611-інің шекарасы белгіленген, ал 869-ның шекара­сы нақтылануда. Сондай-ақ ауыл­дық округтерде геобота­ни­калық зерттеу бойынша жайы­лымды басқару және жайылым­ның айналымы схемасын бекіту шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарды 2021 жылдың со­ңына дейін аяқтау жоспарланған. жер «Жайылым жерлерді белгілеу мақсатында космомониторинг жүргізіп, жинақталған деректер негізінде өңірлердің электронды картасы жасалады. Мұнда жайы­лымның жүктелмеген учаскелері қызыл түспен бейнеленеді», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратында. Парламент Мәжілісінің депу­таты Қайнар Абасовтың айтуын­ша, жергілікті халықтың мал жа­йылымы тапшылығы мемле­кет­тік жер қорының (75 млн гек­тар) және АШТӨ-нің бос жат­қан учаскелерінің (47,1 млн гектар) есебінен шешілуі тиіс. Ол үшін, ең алдымен республикадағы бар­лық елді мекендердің мал бағы­мына қажетті жайылым жерле­рінің ауданы анықталып, бекітілуі керек. Сондай-ақ ауылдық жер­лердің нақты шекаралары анық­талуы қажет. «Аталған мәселенің өзекті­лігіне байланысты Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті АШМ-нің, облыс әкімдіктерінің, «Атамекен» РКП-ның өкілдерімен және өнім өндірушілердің қатысуымен тақырыптық кездесу өткізді. Жа­йылым жерлерді құнарлан­дыру және суландыру мәселесі көте­рілді. АӨК дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Ұлттық жо­басы жасалды. Сондай-ақ жайы­лым жерлердің проблемасы «Nur Otan»  партиясының 2025 жылғы дейінгі сайлауалды бағдарла­масында да көрініс тапқан»,– дейді Қайнар Абасов. Жалпы, еліміздің барлық өңірінде жайылым жер тапшы. Оның ішінде ең көбі – Түркістан облысында 8 476,9 мың гектар жайылым жетіспейді. Бұл респуб­лика бойынша ең жоғары көрсет­кіш. Одан кейін Алматы обл­ы­сында – 4 576,9 мың гектар, Қы­зыл­орда облысында – 3 697,8 мың гектар және Жамбыл облы­сында 3 329,7 мың гектар жайы­лым тапшы. Тағы бір мәселе – жайылым жерлердің 40 пайызы ғана табиғи су көздері – өзенмен, көлмен, бұ­лақпен қамтылған. Қалған өңір­лерде жерасты суларын жо­ғарыға тартып шығару үшін ин­женерлік құрылғылар орнату қажет. Ал сусыз өлкелердің көп­шілігінде су тартқыш құрылыс­тары жоқ немесе кеңестер за­манындағы ескі-құсқы дүниелер. Сусыз жайылымдардың иесіз жатуының бір себебі – осы.

Латифундистер неге наразы?

Қарапайым халыққа жайы­лым жерлерінің жетіспеуіне ла­ти­фун­дистер де әсер етіп отыр. Олардың қатарында В.Розинов, С.Тере­щенко, Н.Тілеубаев, Р.Мол­­дабаев, Р.Мадинов, С.Кула­гин сияқты қазақстандық Forbes тізіміне ен­ген алпауыттар бар. Бұлардың әрқайсысы алды 1,5 млн гектар­дан, арты бірнеше жүздеген мың гектардан жерлерді иеленіп отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашы­лығын дамытуға арналған түрлі жеңілдіктер мен көмектердің қызығын ең бірінші осы ірі ком­паниялар көреді. Мәселен, 2019 жылы мемлекеттік субсидияның негізгі бөлігі 25 ірі жер иеленушіге берілген. Оның үстіне шағын және орта кәсіп­орындардың субсидия мен кредит ала қоятында кепілдік мүліктері де жоқ. Соның салда­рынан лати­фундистер жаңа тех­никаға да, жақсы жерлерге де және тағы бас­қа артықшылықтарға оңай ие болады.

Елімізде 9 млн 846 мың мал басы шоғырланған: жекемен­шіктің қолында – 6,7 млн бас, кәсіпкерлік ұйымдарда – 3,146 млн бас. Яғни, халықтың қолын­дағы мал қарасы кәсіпкерлік ұйымдармен салыстыр­ғанда 2 еседен көп, сөйте тұра оларға бө­лінген жайылым көлемі 3,5 есе аз.

Бұлар қатардағы қарапайым адамдар санатынан емес. Қай­сының болсын билікте тамыр-танысы, зор қаржылық мүмкін­шілігі, басқа да ықпал ету күштері көп. Оның үстіне, бұлар қазір біз­ге мәлім жерлерден де көп мөл­шердегі өңірлерге иелік етіп оты­руы ғажап емес. Ірі жер ие­ленушілер біреуге субсидия бе­реді, біреуге тұқым, біреуге май береді, сол арқылы басқалардың да кесімді телімдерін иемденіп отыруы мүмкін. Заңға енгізілген соңғы өзгер­тулер бойынша ауылшаруашылық жерлерін 2026 жылдың 31 жел­тоқсанына дейін сатуға морато­рий жарияланғаны белгілі. Енді жер шетелдіктерге сатылмайтын да, жалға берілмейтін де болды, сонымен қатар жаңа норма отан­дық латифундистердің де тәбетін шектеуге мәжбүр етті. «Қазақстандық ірі жер иеле­нушілер жер қатынастарына қа­тысты енгізілген заңның жаңа нор­масына наразы. Олар БАҚ бет­­терінде сыни мақалалар жа­рия­лауға тапсырыс беріп, сарап­шылардың өздеріне жағымды пікірлерін қалыптастыруға күш салуда. Сөйтіп, кейін мораторий мерзімі аяқталған соң, жер сату мәселесін қайта көтеруді ойлас­тырып жүруі де мүмкін. Бірақ билік те, қоғам да бұған жол бер­меуі тиіс»,– дейді қоғам қай­рат­кері Мұрат Әбенов. Ауыл шаруашылығы – еліміз­дегі ең көлеңкелі экономиканың бірі. Ал көлеңкелі экономикада дұрыс нарық болмайды, дұрыс есеп-қисап жүргізілмейді, ұзақ­мерзімді жоспарлау мүмкін емес. Жайылымның жетіспеуі де жер қатынастарының ашық болма­уынан туындап отыр. Сонда ғана қоғамның оны бақылап отыруына мүмкіндік беріледі.

Дәулет АСАУ