Жер дауы қашанда көкейкесті. Ол жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері екі рет өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында бөле-жара айтқан еді. Енді, міне Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында жерге қатысты мәселені тағы көтерді. Бұл уақытта Ауыл шаруашылығы министрі де ауысып үлгерді. Бірақ жайылым жерлерді пайдалану ісінде ел күткендей әлі оң өзгерістер жоқ.
Президент Жолдауында шаруалардың қолы жайылымға жетпей отырғанын айтты. Әкімдер әртүрлі сылтау айтып, жайылым жерлерді ықпалды адамдардан кері қайтара алмай жатқанына тоқталды. Сондай-ақ жайылым жерді адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастағандардың да бар екенін ескертті. «Аймақтарда әкімдер түрлі себепті сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауы керек. Жеке қосалқы шаруашылықтарды жайылым жермен қамтамасыз ету қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Жайылым неге жетіспейді?
Қазақстанда жалпы аумағы 272 млн гектар жер болса, оның 80 пайызы, яғни 218 млн гектар – ауылшаруашылық жерлері. 2016 жылы жер сатуға мораторий жарияланғанға дейін 1 млн 500 мың гектар 128 субъектінің меншігіне өтіп кеткен. 92,9 мың гектар жер телімі шетелдіктер мен қандастар иелігінде. Олардың пайдалану мерзімі 2022-2025 жылдары аяқталады да, аталған учаскелер мемлекетке кері қайтарылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінде мәлім еткен болатын. Республика бойынша 94,3 млн гектар жайылым пайдалануға берілген. Оның 78 пайызы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қолында, ал халықтың еншісіне тек 22 пайыз үлес тиген. Сондықтан шалғайдағы ағайын төрт түлікті бағатын жайылым, шөп шабатын шабындық таппай шерменде күйге түскен. Ал ауыл шаруашылығы жерлерінің 78 пайызын иеленіп отырған шаруашылық құрылымдарының қаншасы жермен нақты жұмыс істейді, оның қаншасы латифундистердің иелігінде – мұны Бас прокуратура анықтауы тиіс. Сондай-ақ 2015 жылдан бері ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді жұмсалуына бақылау жасау әкімдіктердің құзырына берілген. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар да пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтауға мүдделі болуға міндетті. Бір анығы – осы жайылымның тек 36 пайызы пайдаланылады, қалған 64 пайызы бос жатыр. Елімізде 9 млн 846 мың мал басы шоғырланған: жекеменшіктің қолында – 6,7 млн бас, кәсіпкерлік ұйымдарда – 3,146 млн бас. Яғни, халықтың қолындағы мал қарасы кәсіпкерлік ұйымдармен салыстырғанда 2 еседен көп, сөйте тұра оларға бөлінген жайылым көлемі 3,5 есе аз. Сондай-ақ халықтың қолындағы төрт түліктің түгелі дерлік елді мекендердің маңайына жайылады. Сол себепті көпшілік ауылдардың айналасы 5-10 шақырымдық радиуста жаз шықпай жатып-ақ тақырланып қалады. Бұл жағдай жылда қайталанатындықтан, жер тозуға ұшыраған. Бүгінде республика аумағында азып-тозған жер көлемі 27 млн гектарға жетті! БҰҰ-ның халықаралық сарапшыларының есебінше, соның кесірінен Қазақстан жылына 1 млрд долларға дейін шығын болады. Сондай-ақ мал арасында кесел көбейіп кеткен. Мұндай жағдайда мал басын көбейту, еңбек өнімділігін арттыру деген мәселелерді қозғаудың өзі орынсыз.Қай өңірлерде жер тапшы?
Қазақстанда 2 480 ауыл болса, соның тек 1 611-інің шекарасы белгіленген, ал 869-ның шекарасы нақтылануда. Сондай-ақ ауылдық округтерде геоботаникалық зерттеу бойынша жайылымды басқару және жайылымның айналымы схемасын бекіту шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарды 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.Латифундистер неге наразы?
Қарапайым халыққа жайылым жерлерінің жетіспеуіне латифундистер де әсер етіп отыр. Олардың қатарында В.Розинов, С.Терещенко, Н.Тілеубаев, Р.Молдабаев, Р.Мадинов, С.Кулагин сияқты қазақстандық Forbes тізіміне енген алпауыттар бар. Бұлардың әрқайсысы алды 1,5 млн гектардан, арты бірнеше жүздеген мың гектардан жерлерді иеленіп отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамытуға арналған түрлі жеңілдіктер мен көмектердің қызығын ең бірінші осы ірі компаниялар көреді. Мәселен, 2019 жылы мемлекеттік субсидияның негізгі бөлігі 25 ірі жер иеленушіге берілген. Оның үстіне шағын және орта кәсіпорындардың субсидия мен кредит ала қоятында кепілдік мүліктері де жоқ. Соның салдарынан латифундистер жаңа техникаға да, жақсы жерлерге де және тағы басқа артықшылықтарға оңай ие болады.Елімізде 9 млн 846 мың мал басы шоғырланған: жекеменшіктің қолында – 6,7 млн бас, кәсіпкерлік ұйымдарда – 3,146 млн бас. Яғни, халықтың қолындағы мал қарасы кәсіпкерлік ұйымдармен салыстырғанда 2 еседен көп, сөйте тұра оларға бөлінген жайылым көлемі 3,5 есе аз.
Бұлар қатардағы қарапайым адамдар санатынан емес. Қайсының болсын билікте тамыр-танысы, зор қаржылық мүмкіншілігі, басқа да ықпал ету күштері көп. Оның үстіне, бұлар қазір бізге мәлім жерлерден де көп мөлшердегі өңірлерге иелік етіп отыруы ғажап емес. Ірі жер иеленушілер біреуге субсидия береді, біреуге тұқым, біреуге май береді, сол арқылы басқалардың да кесімді телімдерін иемденіп отыруы мүмкін. Заңға енгізілген соңғы өзгертулер бойынша ауылшаруашылық жерлерін 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін сатуға мораторий жарияланғаны белгілі. Енді жер шетелдіктерге сатылмайтын да, жалға берілмейтін де болды, сонымен қатар жаңа норма отандық латифундистердің де тәбетін шектеуге мәжбүр етті. «Қазақстандық ірі жер иеленушілер жер қатынастарына қатысты енгізілген заңның жаңа нормасына наразы. Олар БАҚ беттерінде сыни мақалалар жариялауға тапсырыс беріп, сарапшылардың өздеріне жағымды пікірлерін қалыптастыруға күш салуда. Сөйтіп, кейін мораторий мерзімі аяқталған соң, жер сату мәселесін қайта көтеруді ойластырып жүруі де мүмкін. Бірақ билік те, қоғам да бұған жол бермеуі тиіс»,– дейді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов. Ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең көлеңкелі экономиканың бірі. Ал көлеңкелі экономикада дұрыс нарық болмайды, дұрыс есеп-қисап жүргізілмейді, ұзақмерзімді жоспарлау мүмкін емес. Жайылымның жетіспеуі де жер қатынастарының ашық болмауынан туындап отыр. Сонда ғана қоғамның оны бақылап отыруына мүмкіндік беріледі.Дәулет АСАУ