Айтуларынша, онда туберкулезге шалдыққандармен байланыста болған балалар білім алыпты. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.
Ата-аналар балаларын бұрынғы мектепке қайтаруды талап етуде. Өйткені бұл ғимаратта бұған дейін туберкулезбен ауырған науқастардың балалары білім алған. Жауаптылар биыл оларды үйлеріне қайтарып, 20-мектептің мыңға жуық оқушысын қабылдады. Ата-аналар, білім басқармасының шешімін құптамайды.
Орал қаласының тұрғыны Лариса Низовцев: «Менің білуімше, Кох таяқшасы жер бетінде 40 жыл тіршілік етеді. Бұрын осында оқыған балалар жыл сайын ем қабылдады. Ғимараттың еденіне ағаш төселген, линолеумі де ескі. Ойын баласы жүгірмей тұрмайды. Сол кезде шаң көтеріліп, ауру қос өкпеден қыса ма деп қорқамыз», – дейді.
Наразы топ балаларын мектепке жібермеуге осындай қорқыныш себеп болғанын жеткізді. Қазір олар жауапты орындардың табалдырығын тоздырып жүр. Ғимаратқа зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді.
Білім бөлімінің өкілдері болса, оқушыларды санаториялық мектепке амалсыз көшірдік дейді. Өйткені олар осыған дейін оқыған 700 орындық мектепте, қазір бала саны 2300-ге жеткен. Үш ауысыммен бала оқыту қиындық тудырған соң, мыңға тарта оқушыны бөліп жіберу тиімді деп шешкен.
Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова: «Біріншіден, ол мектепте туберкулезбен ауырған балалар болған жоқ. Екіншіден, ол мектепте туберкулезбен ауырған бала болып, Кох таяқшалары еденде қалатын болса, облыстық санэпидемиологиялық, облыстық тубдиспансер бізге рұқсат бермес еді. Олар өздері жауапкершілікті алып, бізге рұқсатын беріп отыр», – дейді.
Білім беру бөлімінің дерегінше, баласын мектепке жібермей отырған ата-ана саны саусақпен санарлық қана. Олармен енді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп көрмекші. Оқу жылы басталып кетсе де, мәселенің қалай шешілері әзірге беймәлім.