Жалақың қанша, кітапханашы?

Жалақың қанша, кітапханашы?

Кітапхана, театр және мұ­рағат қызметкерлерінің жа­ла­қысы төмен екені жалпыға аян. 2015 жылы қосымша үстемеақыны алып тастаған соң тіптен азайған. Екі жыл бұрын Мәдениет министрлігі осы мамандардың лауазым­дық жалақысына 1,72 пайыз үстеме коэффициентін қайта енгізуді жоспарлаған еді. Алайда қосалқы персонал, инженер, программист және кітапханалардың функцио­налдық қызметін атқаратын мамандардың жалақысы өз­геріссіз қалыпты. Ал ай­мақ­тағы кітапханашылардың айлығы бұдан да төмен. 2022 жылдан бастап жағдай өз­гере ме? Мәселе – осында!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында мәдениет саласына ерекше көңіл бөлді. Мәдениет, оның ішінде кі­тап­хана қызметкерлерінің, мұрағат пен мәдениет саласында жұмыс істейтіндердің жалақысын 2022-2025 жылдары аралығында әр жылы 20 пайызға көтеру туралы нақты ұсыныс жасады. Бұл – ал­дағы бесжылдыққа жоспар. Әзірге жалақы көлемі өзгерген жоқ. Осыдан екі жыл бұрын қыз­мет­­керлердің жалақысы төмен­дегідей болған екен.
Мұрағат басшысы – 133 мың теңге; Мұрағатшы – 78 мың теңге; Археограф – 74 мың теңге; Көрме және көрнекілік зал директоры – 99 мың теңге; Кітапханашы – 81 мың теңге; Палеограф – 63 мың теңге; Өнертанушы – 62 мың теңге; Жәдігерлерді қорғаушы – 52 мың теңге. Төмен жалақымен жан бағу қиын. Мәселен, театр қызмет­керлерін алайық. Зал әкімшісі – 54 мың теңге, балет әртісінің айлығы – 95 мың теңге, оркестр әртісі 86 мың теңге алған. Би-хор ұжымының әртісі – 47 мың теңге, балетмейстерлер 84 мың теңге алса, дыбыс режиссерлерінің жала­қысы 65 мың теңге болыпты. Одан бері екі жыл өтті. Коэф­фициенті қосылған күнде де айырмашылық 10-15 мың теңге. Сонда 54 мың жалақы алғандарға үстемеақы қосылғанда 67 мың теңге болады. Қазіргі кітапхана қызметкерлерінің айлығы орта есеппен 60-80 мың теңге ара­сында. Демек, жалақы төмен де­ген сөз. Жалақысы аз мамандық­тарға жастар да көп бара бермейді. Сонда театрдағы қарапайым қыз­меттердің, кітапхана саласын, мұрағатта жұмыс істейтіндердің жайын кім ойлайды?
Алматыдағы Жамбыл атын­дағы жасөспірімдер кітапха­на­сының меңгерушісі Ғазиза Құдай­берген: «Мемлекет бас­шысы ке­шегі Жолдауында «кітап­хана­шы, музей қызметкерлерінің жалақысы 2022-2025 аралығында жыл сайын 20 пайызға өседі» деді. Біз үшін бұл қуантарлық жаңалық. «Өмірден әдебиетті алып тастаса, сылдырла­ған дүние мен суық қару ғана қала­ды» депті бір данагөй. Ұлт руха­нияты үшін, оның ішінде жастар­дың білім-ілім алуына, қаламгер­лердің шығармаларын насихаттау­да кітапханашылардың орны бөлек. Қазір интернет за­маны. Дей тұрғанмен, гаджетке жастардың жұтылып кетпей, «ар­тық білім кітапта» екенін ұғын­дырып жүрген кітапхана­шылар үшін 20 пайыз да аса көп емес. Бірақ Ұлттық ке­ңес­те, Прези­дент­тің әр Жолдауын­да кітапхана­шыларды атап айтуы – біз үшін зор мәртебе. Қазір бұл мамандыққа жастар да қызығатын болған. Біздің кі­тапханада екі ер бала жұмыс іс­тейді. Мамандығы – кітапханашы. Одан бөлек, бірнеше жас жұмыс істейді. Кітапхана саласының мұндай қызық екенін білгенде, осы мамандықты таңдайтын едік. Демек үміт бар!», – дейді. Кітапхана қызметкерлері бұ­ған дейін аз жалақымен жұмыс іс­тегендерін, енді 20 пайыз көте­рілсе, бұл салаға жастар да бет бұрар еді деген ойда. Олардың жалақысы 2018 жылдан бері көтерілмеген. «Кітапханада жігіт­тер де жұмыс істейді. Олардың жалақысы тіптен аз. Егер жалақы­ны көбейтіп жатса, жастардың да кітапханада жұмыс істеуге деген ықы­ласы артар еді», – дейді кітап­ханашы Қуаныш Исабекова. Осыдан үш жыл бұрын музей, мұрағат, кітапхана саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы 25-30 мың теңге ша­масында болған екен. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітіріп келген әртістер филармо­нияға жұмысқа кіргенде 30-32 мың теңге жалақы алыпты. Одан бері үш жыл өтті. Жалақы мөлшері азғана өзгеріп, 60-80 мың теңгеге көбейген. Ал ондай жалақыға жастардың бара қоймасы белгілі. Ірі мегаполистегі жағдай осындай. Аймақтағы мәдениет қызметкерлерінің күйі қандай сонда? Өңірдегілер облыстық мәдениет мекемелері, музей және кі­тапхана қызметкерлерінің жала­қысы соңғы 12 жылда өзгер­мегенін айтып жатыр. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2020 жылы қаңтарда республикалық мәдениет, мұрағат ұйымдарында жалақы 50 пайызға, жергілікті деңгейдегі ұйымдарда 35 пайызға ұлғайғанын, 2021 жылы айлықты кезекті рет өсіру бойынша жұмыс атқарылады деген еді. Жыл бітуіне де көп уақыт қалған жоқ. Қызметкерлер жаңа 2022 жылдан көп үміт күтеді. Олар: «Президент Жолдауында айтылды. Енді жаңалық болып қалар» деп отыр. Ұлттық мемлекеттік кітап па­ла­тасының директоры Әділ Қой­танов: «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы – бірқатар әлеуметтік-экономика­лық мәселелерді өткір жеткізіп, нақты бастамалар мен тапсыр­маларға құрылған құжат. Күні кеше Жолдауда айтылған барлық бастамалар қазақстандықтардың қолдауына, ілтипатына ие болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, ел азаматтарының басым көпшілігінің негізгі табыс көзі – жалақы. Елдің әлеуметтік ахуалын түзеу үшін жалақыны көбейту қажет екені белгілі. Осыған қатысты Президент биз­нес өкілдерінің өзін қызметкер­лерінің жалақысын көбейтуге ынталандыруға тапсырма берді. Ал мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын жоспарлы түрде артып келеді. 2020 жылдан бастап 600 мың­ға жуық мұғалімдер мен меди­цина қызметкерлерінің жала­қысы өсті. Бұл кезеңде мәде­ниет саласының қызметкерлері, кітапханашылар, мұрағат қыз­меткерлері, техникалық қызмет­керлер, қорықшылар және көлік жүргізушілерінің жалақысы бұ­рынғы қалпында қалғанын Мем­лекет басшысы атап өтті. Аталған сала қызметкерлерінің жалақысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін жылына шамамен 20 пайызға өсіп отыратыны туралы Президенттің өзі мәлімдеді. Демек, алдағы жылдан бастап біздің саламыздың қызметкерлері де осы игі баста­ма­ның игілігін көреді деп үміт­те­неміз», – дейді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап мәдениет және спорт сала­сындағы мамандандырылған мек­тептер мен колледждер қыз­мет­керлерінің де жалақысы артқан. Ал министрлік 2023 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға өсетінін айтқан. Қазаққа саналы да сапалы ұрпақ керек! Осы орайда Мем­лекет басшысының кітапхана ісіне айрықша мән беріп, қолдау көрсетуі – келешек үшін жасалған игілік. Мәдениет қызметкер­лерінің мәртебесін көтеру арқылы білімді ұрпаққа жол ашатыны­мызды ұмытпайық!

Айым БЕКТҰР