Еліміз сыра рейтингісінде 58 мемлекеттің арасында 35-орынға табан тіреген. Қазақстандықтар жылына орта есеппен сыраға 305 доллар, яғни 129 852 теңге жұмсайды. Бұл туралы energyprom.kz хабарлады.
Қаржы және нарықты зерттеуге маманданған америкалық Expansivity басылымының мәліметінше, ең қымбат сыра – Катарда. Онда көлемі 0,33 л болатын бөтелкедегі сыраның орташа бағасы – 11,26 доллар. Яғни, 4 794 теңге. Ал ең арзан сыра ОАР-да, оның орташа бағасы – 1,68 доллар (715,25 теңге). ЕАЭО және Орталық Азия елдері арасында Ресейдегі сыраның бағасы Қазақстанға қарағанда айтарлықтай жоғары. Рейтингте Ресей 11-орында тұр. Елімізбен салыстырғанда сыра Беларусьте қымбаттау екен. Бірақ бұл ел тізімде 31-орында. Сыра Әзербайжан (38-орын), Армения (40-орын), Украинада (57-орын) арзан. Чехия жұртшылығы сыраны ең көп ішеді екен. Мұнда орта есеппен әр адам жылына 154,6 литр сыра ішетіні анықталды.2021 жылғы бірінші жартыжылдықта елімізде 358,7 млн литр сыра өндірілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,6% артық. Сыра өндірісінің 94%-ға жуығы 4 өңірдің үлесінде: Алматы, Алматы облысы, Қарағанды облысы және Қостанай облысы. Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша жергілікті сыра қайнату компаниялары сұраныстың 92,6% қамтамасыз етіп, импортқа өнімнің 7,4% жіберген. Алайда өткен жылғы осы кезеңде импорттың үлесі біршама көп болған – 8,1%.Орташа шығынның ең жоғары көрсеткіші – Германияда. Немістер сыраға орта есеппен 1907,78 доллар (812 225 теңге) жұмсайды. Ал Қазақстанда көрсеткіштері төмен екен. Бізде бір адамға 29,3 литр, ел тұрғындары жылына сыраға орта есеппен 305,23 доллар, яғни 129 852 теңге жұмсайды. Көршілес ел Ресейде көрсеткіштер айтарлықтай жоғары. Онда бір адамға 87,4 литр, олар жылына орта есеппен сыраға 572 966 теңге жұмсайды.
Негізі биыл 5 айда ішкі нарықта 302,2 млн литр сыра сатылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5% артық. Шілденің қорытындысы бойынша сыра бір айда 1%, бір жылда 6,6% қымбаттаған. Ескерер дүние, Солтүстік Қазақстан облысында сыра бір жылда 12,8% қымбаттаған, ал ең төменгі жылдық өсім Қызылорда облысында – 2,6%.