Бурабайда құс фабрикасындағы тауықтар неге қырылды?
Бурабайда құс фабрикасындағы тауықтар неге қырылды?
©А.Ахметқазы
310
оқылды
Бурабай ауданындағы құс фабрикасында тауықтар аштықтан қырылып жатыр. Соңғы үш аптадан бері жаппай өліп жатқан тауықтарды құс бағушылар тек шығарумен келеді. Жем болмаған соң тауықтарға екі аптада бір-ақ рет қорек беріледі екен. Ал тауықтардың тамақтандыру технологиясын жаңарту, дәрумендер беру сияқты жұмыстар әлдеқашан ұмытылған. Күнделікті жұмысы тек өлген тауықтарды шығарумен өтетін фабрика жұмысшыларының бірқатары жұмыстан шығып кеткен. Бірақ соңғы екі айдан бері бір тиын жалақы ала алмаған жұмысшылар еріксіз жүргендерін айтады. 1,5 млрд. инвестиция тартылған фабрика неге банкротқа ұшырайды? Зеленый Бор селосында орналасқан бұл құс фабрикасы - облыстағы құс өнімдерін шығаратын өңірдегі іргелі кәсіпорындардың бірі. Осыдан төрт жыл бұрын сол кезде облыс әкімі болған Сергей Кулагин құс фабрикасына келіп ел ішінде және Ресейдің жақын облыстарына жұмыртқа шығару үшін өндіріс орнын жаңғырту қажеттігін айтқан. Ал кешен басшысы фабриканың мүлікті кешен, өндірістік жабдықтар мен 25 гектар жерді алу үшін 1 558 115 000 теңге қаражат бөлінетінін мәлімдеген. Алайда, жалпы аумағы 25 гектардан астам аумақты қамтитын құс фабрикасы кешені қазір банкротқа ұшыраудың алдында тұр. Құс фабрикасының жұмысшылары да тауыққа беретін жем таусылғандықтан құстар жаппай аштан өліп жатқанын айтады. Жұмысшылар тауық тұрмақ өздеріне де азық таппай қалатын күннің алыс емес екенін жеткізді.  width= Екі айдан бері жалақы алмаған...
«Мүлде жем жоқ. Міне, үш апта болды. Тауықтар аштықтан қырылып жатыр. Күн сайын 2 мыңнан астам өлген тауық шығарамыз. Күніміз осылай өтіп жатыр. Тауық тұрмақ, өзіміздің де күніміз қараң болып тұр. Басшылық екі айдан бері жалақымызды да бермей жатыр. Міне, бүгін де күттік. Жалақы түспеді. Бастықтан күнде ақша сұраймыз. Бірақ ол біздің аузымызды да аштырмайды. «Закрой рот! Не Ваше дело!», «Балаларыңыз бар ғой, солар көмектессін, олар міндетті», - деп айғайлап қуып шығады.
Жалпы мұнда 50-60 адам жұмыс істейтінбіз. Бірсыпырасы жұмыстан шығып кетті. Тіпті бірінші қыркүйекке балаларын мектепке жіберуге ақша сұрағандарға да ақша бермеді. Біз сол жалақымызды алсақ деп жүрміз. Бізге еңбек еткен жалақымызды берсе болды. Жұмыс істейтіндердің көбі жалғызбасты әйелдер. Қайтерімізді білмей дал болып отырмыз», - дейді құс фабрикасының жұмысшысы Сандуғаш Рамазанова. Жұмысшылардың айтуынша, құс фабрикасында мүлде жем жоқ. Ал жем болмаған соң тауықтар жұмыртқаламай қойған. тауық «Тамақ болмаған соң жұмыртқа қайдан болсын. Мүлде жұмыртқаламайды. Тауықтар күнде өліп жатыр. Қазір су да ішпейді. Міне, енді жабылайын деп жатқанын да естідік. Біздің екі айлық жалақымызды беруін талап етіп отырмыз. Жалақымыз да мардымды емес. Мен жұмыртқаны сұрыптаушы болып істеймін. Алатын жалақым 46800 теңге. Оған 15 мың сыйақы қосылады. Сосын сенбі-жексенбі күндері 1,5 есе төлейді. Сөйтіп демалыссыз істесең ғана 70 мыңға зорға қол жетеді. Ал құс бағушылар 62-64 мың теңге алады», - дейді Сандуғаш Рамазанова. Ал кәсіпорында көптен істейтін жұмысшылар жалақының бес жылдан бері жөндеп берілмей келе жатқанын айтады. «Осы бес жыл ішінде уақытында жалақы алып көрген жоқпыз. Үнемі айғай-шу шығарып жүріп қана алып келеміз. Біресе жем болмайды, үнемі құрғақ уәдемен тойдырады. Бізде тіпті зейнетақы, медициналық сақтандыру дегендер атымен жоқ», - дейді Ирина Боролись. Кәсіпорын өңірді жұмыртқамен және құс етімен қамтамасыз етуде көптен тұралаған. Басшылықтың айтуынша, фабрикадағы күрделі мәселелер осы қыста басталған. Ал одан кейін ресейлік бәсекелестер келіп жағдайды біржолата тұралатып тастаған. «Алғашында майлы дақылдар - күнбағыс майлары болмай қалды. Содан Президент экспортқа тыйым салғаннан кейін ол пайда болды. Бірақ, өкінішке орай, ол қымбат болып бізде, шынын айтқанда, сатып алатын қаражат болмады. Ресейден келетін арзан жұмыртқа бізді нарықтан ығыстырып шығарды. Ол қазір де бар. Жұмыртқаның бағасының түсіп кеткені де біздің жағдайымызды шатқаяқтатып кетті», - дейді «Агро Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарушы директоры Асқар Ақылбеков. Кәсіпорын басшысы жағдайдан шығу үшін тірі қалған тауықтарды саудаға шығармақ. Ал түскен ақшамен жалақы қарыздарын жабуды көздегенін жеткізді. Әзірге фабрика алдағы үш ай бойы жабылмақ. Тағы бір мәселе, басшылықтың айтуынша, ірі құс өсіру кәсіпорнының жұмысының шатқаяқтап кеткеніне де біраз болған. P.S. Сонымен дәл қазір кәсіпорынның банкротқа ұшырайтыны анық болды. Ал кәсіпорын басшылығы жұмысшылардың жалақысын тек тірі қалған тауықтар өткенде ғана өтей алатынын жеткізді... https://www.youtube.com/watch?v=aso5yLDpMfo

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы