Балуандар Қазақстан құрамасының қоржынына 5 жүлде салды
Балуандар Қазақстан құрамасының қоржынына 5 жүлде салды
Фото: olympic.kz
275
оқылды
Бүгін алғаш рет жалауы желбіреген ТМД елдері арасындағы спорт ойындарында боз кілем шеберлері бірнеше салмақта кім мықтыны анықтады, — деп жазады prosports.kz. Қазан қаласындағы «Ақ Барыс» жекпе-жек сарайында грек-рим күресі бәсекесінде Қазақстан құрамасының қоржынына бес жүлде түсті. Әуелі 63 килода белдесетін Мадияр Мәулетқанов финалда Беларусь балуаны Глеб Макаренкоға жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Бұл Қазақстан қоржынына түскен алғашқы жүлде болатын. Осыдан кейін 67 килограмдағы Дінмұхамед Қошқар ақтық сында әзербайжандық Хасрат Джафаровтан ұтылып, ел қоржынына екінші күміс жүлдені салды. Ал 77 келіде сынға түскен отандасымыз Расул Жүніс қолаға қол созып, ресейлік Ислам Алиев пен өзбекстандық Муроджон Алимжановтан кейін үздік үштікті түйіндеді. Сонымен қатар 87 килодағы Мақсат Сайлау да ақтық сында ресейлік Мухаммад Евлоевтан айласын асыра алмай күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ 130 килода боз кілемге шыққан Асылбек Жәнібекұлы жұбаныш белдесуінде жеңіске жетіп, қола медаль алды. Алтын Беларусь спортшысы Никита Ковальскийді жеңген әзербайжандық Сархан Маммадовке бұйырды. Әзірге Қазақстан делегациясы 3 күміс, 2 қола медальмен жалпы командалық есепте төртінші орында келе жатыр.