«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы қоғамдық экологиялық кеңесі, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы, Ecojer қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесі мен «Табиғи орта» Батыс Қазақстан өңірлік ассоциациясы бірлескен жиын өткізді.
Күн тәртібінде 2020 жылдың аяғында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің келісуімен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов бекіткен облыстың экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша Жол картасының орындалу барысы туралы (қалалар мен аудандар әкімдіктері, облыстық басқармалар мен департаменттер) мәлімдемелер тыңдалды. Басқосуға бизнес-қоғамдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қоғам белсенділері онлайн форматта қатысты. Уақыттың тығыз болуына байланысты Жол картасының негізгі орындаушылары ретінде Маңғыстау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков пен облыстық Экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов Жол картасының 36-бабының әрқайсысына жеке тоқталмай, 8 тарау бойынша әр тараудың орындалуы туралы баяндады. Басшылар елді мекендердің көгалдандырылуы мен «Қошқар-Ата» улы көлінің айналасына жасыл желек егу, осы улы көлдің рекультивациясы, облыс аумағындағы санитарлық жағдай, жер ресурстарының тарихи ластануы, ауызсу тапшылығы мәселелерін шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Осы тұста «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы қоғамдық экологиялық кеңестің төрағасы Әділбек Қозыбақов Жол картасының әр бабы бойынша нақты қанша қаражат қарастырылып, оның қандай мөлшері игерілгенін, іс жүзінде қандай нәтижеге қол жеткізілгені, яғни іс-шаралар орындалысының толық есебін алу мақсатында қатарынан бірнеше жиын өткізуді ұсынды. Ал отырысқа онлайн режимде қатысқан «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, Ecojer қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесінің тең төрағасы Рашит Мұстапаев Жол картасы қоғамдық бақылауға алынғаны жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Серікбай Трұмовқа осы отырыстың хаттамасын жалғап, ресми хат жолдауды ұсынатынын жеткізді. Іс-шараға қатысушы Қазақстан тәжірибелі экологтері қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова да бірқатар ұсыныс айтты. Сондай-ақ партияның облыстық филиалы жанындағы қоғамдық экологиялық кеңес мүшесі, Маңғышлақ эксперименталды ботаникалық бағының бас директоры Ақжүніс Иманбаева 2000 жылдары мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, облыс аумағында бірқатар жерасты су ұңғымасы жабылып қалғанын сынға алып, «соңғы жылдардағы қуаңшылық жағдайы сол әрекеттің салдарынан болуы мүмкін» деген ойын жеткізді. Өз сөзіне дәлелдеме ретінде сарапшы сол ұңғымалар жабылмастан бұрынғы және жабылғаннан кейінгі өсімдік жамылғысының жай-күйін мысал ретінде келтірді. Бұл жер бетіндегі судың азаюы биоалуантүрліліктің жағдайына кері әсерін тигізгенін көрсетіп отыр. Қоғамдық экологиялық кеңестің тағы бір мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Тасболатова Мұнайлы ауданындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының мәселесі шешілмей жатқанын тілге тиек етті. Халық қалаулысының айтуынша, егер бюджеттен тиісті қаржы бөлінетін болса, халық саны жағынан еліміздегі ең үлкен ауданда қоқыс мәселесі шешімін табар еді. Сонымен қатар жылдар бойы ушығып тұрған «Қошқар-Ата» көлін рекультивациялау және Шетпе ауылының маңындағы тас карьерлерінің ауаны шаңмен ластауы мәселелеріне де қоғам белсенділері тарапынан назар аударып, нақты шара қолдану жөнінде халық атынан мемлекеттік органдарға талап қойылды. Бұдан бөлек, Ақтау қаласының іргесінде орналасқан құстың Қызыл кітапқа енген 22 түрі мекендейтін Қаракөл көлінің мәселелері де жылдар бойы шешімін таба алмай жүргенін Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қозыбақов бұл жолы тағы қозғады. Халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптардың Рамсар тізіміне енуге лайықты Қаракөл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына 2020 жылдың күзінде хат жолданған. Дегенмен күні бүгінге дейін оң шешімін табуы тиіс мәселелер өзекті болып қалуда.М.ХАҚНАЗАР