Атырау облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/9 түзеу мекемесінің ауласына 30 тамызда шамамен таңертеңгі 08.30-да белгісіз ер адам скотчпен оралған 11 түйіншекті лақтырып, көлікке мініп кеткен. Түйіншектерден 9 смартфон, 8 адаптер, 1 sim-карта, 2 флэш-карта және батарейка сияқты аксессуарлар шықты.
Мекеме бастығы Думан Тәженовтің айтуынша, осындай тыйым салынған заттарды түзеу мекемесінің ауласына лақтырып кеткен ер адам Қызылқоға ауданында тұратын 1997 жылғы азамат болып шықты. Оны патрульдік полиция қызметкерлері «Сергек» бейнебақылау камераларының көмегімен анықтап, қолға түсірген. Қазір күдіктіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 481-бабымен хаттама толтырылып, сотқа жолданды.Нұрлан ОРАЗҒАЛИ