100 спортшы бақ сынайды
100 спортшы бақ сынайды
218
оқылды

13 қыркүйекте елорда­дағы «Дәулет» теннис орта­лығында ерлер және әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты басталады.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, ел біріншілігіне 100-ден астам спортшы қаты­сып, бақ сынайды. Чемпионаттың биылғы ерекшелігі, онда еліміздің маңдайалды теннисшілері өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Дмитрий Попко, Тимофей Скатов, Денис Евсеев, Бейбіт Жукаев, Григорий Ломакин, Достанбек Ташболатов, Тимур Хабибуллин, Гөзал Айнитдинова, Жібек Құламбаева, Екатерина Дмитриченко, Софья Чурсина, Татьяна Николенко, Аружан Сағындықова және басқалар кортқа шығады. Айрықша атап өтетін жайт, ерлер және әйелдер арасында жекелей сын жеңімпаздары Astana Open ATP 250 мен WTA 250 турнирлеріне арнайы шақырту алып, 7 мың АҚШ доллары көлемінде грантқа қол жеткізеді. Финалистер мен қола жүлде­герлер сәйкесінше 5 мың және 3 мың АҚШ долларына қоса Astana Open жарысының іріктеу сайыстарына жолдама алады. Қазақстан чемпионаты 17 қыркүйекке дейін созылады. Жарыс көрермендерсіз, барлық санитарлық-эпидемио­логиялық талаптарды сақтай отырып өткізіледі. Еске сала кетейік, бұдан бұрын US Open турнирінде Андрей Голубев пен Ярослава Шведованың сәтті өнер көрсетіп жатқанын, Григорий Ломакиннің Украинада өткен жа­рыста жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.

Айбике ЖАНАСЫЛ