«Терісін сылып алып, денесін Түлкібасқа апарып тастаған» – жалғыз ұлынан айырылған ана әділдік іздейді
«Терісін сылып алып, денесін Түлкібасқа апарып тастаған» – жалғыз ұлынан айырылған ана әділдік іздейді
Фото: nur.kz
294
оқылды

Марқұмның ет жақындары, азапты өлімге күдіктілер түгел ұсталмай отырған айтады. Тіпті бұл істі бұрмалап, жаппақшы болғандардың арасында құзырлылар да барына сенімді. Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны енді ел Президентінен көмек сұрайды. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Ғалия Жаңабаеваның айтуынша, ұлы түнгі оннан өте көлік жөндеу орнына барамын деп шығып кетіпті. Көлігін жөндеуге қалдырған, бірақ қайтадан оралмаған. Екі  тәуліктен соң, денесі Түлкібас ауданындағы егістіктен табылған. Қаралы отбасы мәйіттің азаптап өлтірілгенін жаназа кезінде бір-ақ білдік дейді. Шұғыл жерлеуді тоқтатып, сараптамаға жіберіпті. Марқұмның туысы Нұрлан Абанов: «Бұны мәшине жуатын пистолетпен жуған, қанын жуған. Ыстық сумен жуған. Денесінің бәрі күлдіреп кеткен. Ойылып кеткен, не деген масқара мынау... Терісін жұлып алған», – дейді. Куәгерлердің айтуынша, Айбекті көлік жуатын орындағы екі жігіт өлтірген. Олар қазір қамауда. Тек күдіктілер түгел қамалмады дейді марқұмның ағасы. Ал мәйітханадағылар Айбекті «өз қанына өзі тұншығып өлген. Еш жері сынбаған» деген ауызша қорытындымен шектелген.

Марқұмның туысы Нұрлан Абанов: «Бұл жерде мойка мен сіздерге анығын айтайын, мойка – прокурордікі деп есіттік. Значит бұл жерде прокурор күдікті боп тұр. Сол кісінің айтуыменен Түлкібас ауданына апарғаны сол кісінің айтуымен болып тұр. Мен солай күдіктеніп тұрмын қазір. Оған қоса делоны бұрмалап жаппақшы болған. Өзі өлді есебінде жаппақшы болған (кейіпкердің сөзі қаз-қалпында берілді – ред.).

Марқұмның анасы Ғалия Жаңабаева: «Сол Түлкібас ауданында прокурор боп істеген екен. Бір жыл бопты осы Шымкент қаласына ауысқан екен. Беркінбаев деген жаңағы Бағдәулет деген қандықол қарақшының нағашы ағасы. Бұл бала оған жиен бала болады. Содан өлтіріп оған ақыл кеңес беріп отырған. Сөйтіп, оны Түлкібас ауданына апарып, мақсарының арасына тастаған», – дейді. Айбекті соңғы көрген адам – көлік жөндеуші. Түнгі 11-ге таяу келгеннен түнгі сағат үшке дейін қасында болыпты. Оның сол жерде көлік жуатын жігітпен қалғанын айтады. Көлік жөндеуші Хикматулла Құлахметов: «Алып кетіп жатқан едім оны үйге апарып тастауға. Бағдәулет көрді де, «Қалмайсың ба? деді. Ішеміз... деді. Болды. Соны көрді де қалып қойды, қайтатын еді. «Болды. Өзім барамын», – деді.  Содан соң үйге кеттім мен. Азанда келіншегі «Қайда, келген жоқ» деп хабарласты. Сосын іздей бастадық», – деді. Қылмысты айғақтайтын бейнежазбада екі жігіттің арасындағы кикілжің анық көрінеді. Айбектің құлағанына қарамай бірі басынан тепкілеп жатыр. Үш жігіттің арасындағы ерегес көлік жуу орнының осы артқы жағында болған. Бұл – шамамен таңғы сағат төрт жарымдардың шамасы. Мұның барлығы көрші бағанадағы бейнебақылау камерасына жазылып қалыпты. Бірақ туыстарының айтуынша, неге екені белгісіз мұнан өзге бейнежазба сақталмаған. Марқұмның туыстары істің әу бастан бұрмаланғанына сенімді. Сондықтан Мемлекет басшысынан көмек сұрап отыр. Полиция бұл істің қазір Сайрам ауданында қаралып жатқанын хабарлады. Түркістан облысы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова: «Сайрам аудандық сотымен күдікті екеу қамауға алынып, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр», – деді. 24 жастағы Айбек Бекасылдың артында әйелі мен ұлы, екі жасар қызы мен ата-анасы аңырап қалды. Қаралы отбасы кінәлілердің әділ жазалануын сұрайды. https://youtu.be/1-cAIiWxXJc