Жатақхана жыры таусылар емес
Жатақхана жыры таусылар емес

Жаңа оқу жылындағы студент уайымы – жатақхана. Себебі эпидахуалға байланысты студенттер үйінің 50%-ы ғана толуы шарт. Сондықтан орынға іліге алмағандар пәтер іздеп жүр. Мұны естіген пәтер иелері бағаны көтеріп алған. Ал кейбір аймақта жатақханаға қолы жеткендер студенттер үйінің әлеуе­тіне көңілі толмайды. Әсіресе, «Серпін» бағдарламасы бойынша медицина университетінде оқыған студенттердің айтар назы бар.

Пәтер іздеумен өтіп жүр студенттің көп күні

Иә, бұл мәселе сіз бен біз ойла­ғаннан да күрделі. Өйткені әлеуметтік желі, мессенджерлер мен сату сайт­тарындағы пәтер іздеушілердің хабарландыруынан көз сүрінеді. Расымен, баға айтарлықтай көтерілген. Мәселен, елордада пәтер бағасы 150-200 мың теңгенің арасында. Алматыға келсек, бір бөлмелі пәтердің өзін 180 мың деп көрсетіп, оған депозит ре­тінде 100 мың қосып беруін қалайтын қожайындар бар. Сонда алмалы шаһарда пәтер жалдағыңыз келсе, алғашында қалтаңызда кемі 200 мың теңге болуы керек. Қарағанды мен Көкшетауда да жалдау ақысы аспандап тұр. Әсіресе, Көкшетауда тамыз­дың ортасында басталған шу әлі басылар емес. Ата-аналар оффлайн оқу дегенде мұндай қиындық туарын болжамағанын айтады. Студенттер болса күніге пәтерақысын төлеп, үйден-үйге көшіп жүр. Қыркүйек басталғанда саябырсып, жағдай оңалар деп күткенімен олай болмай шықты. Университет атына да көп­теген шағым түскен. Соның ішінде Ш.Уәлиханов атындағы университетке грантқа түскен студенттер де жатақханадан орын таба алмаған. Солтүстіктегі пәтер қожайында­ры­ның да «жібитін» түрі жоқ. Арыз-шағым толастамаған соң, университет өкілдерінің мәлімдеме жасауына тура келген. Ш.Уәлиханов атындағы университет 2021-2022 оқу жылында 2 058 студентті қабылдады. Университетте 1 350 орынды 5 жатақхана бар. Орындарды бөлу кезінде бірінші жетім балалар мен ерекше білім беру қа­білеті бар студенттерге, содан кейін 1-курстың басқа аймақтарынан келген студенттерге беріледі. Қазір тұруды қажет ететін студенттердің бір бөлігі қалада тұрғын үй іздеумен айналысатынын және бұл проблема тудыратынын түсінеміз. Біз өз кезегімізде студенттерімізді орналастыру үшін «Көкшетау» және «Достық» қонақ үйлерімен келісім жасастық, сондай-ақ жатақханалармен және қоныстандыру бойынша жергілікті сектормен жұмыс істейміз. Студенттер бізге пошта арқылы хабарласа алады», – деген еді университет көпшілік сауалына. Мәселен, Қызылорда тумасы Сәуле Сәрсембаеваның ұлы «Серпін» бағдарламасы бойынша грантқа түскен. Ол басқа аймақтан келгені үшін жатақхана берілуі қажет еді. Алайда студенттер үйінен бөлме бұйыр­маған. Қазір 10-15 бала болып күндік пәтер жалдап тұрады. Ал жалдамалы пәтердің құны аспандап тұр әрі табу да қиын. Сондықтан студент баласының жағдайына алаң­даған ата-ана университет тарапынан қолдау болмаса, грантты қайтарып береміз деп отыр. Өйткені күндік пәтер жалдап тұратын топ баланың арасында вирус жұғуы, денсаулы­ғының нашарлауы ық­тимал. Ал университет көрсеткен қо­нақүйлердің бағасы да анау айтқандай арзан емес. Айына 35-40 мың теңге төлеу керек. Есептеп көрсеңіз, 9 айға 360 мың теңге шы­ғады. Мұнан бөлек студенттің керек-жарағы мен тамағы бар. Университет жатақханасында тұрса, жылына шамамен 50-125 мың теңгенің арасында төлер еді. Байқағанымыздай, «Серпін» бағдарламасы бойынша өзге өңірге оқуға түскен студенттер алданып қал­­ғандай күй кешкен. Себебі олар­дың жатақханамен қамтылуы бірінші кезектегі мәселе-тін. Сондықтан сту­денттер «неліктен біз сабақ оқудың орына пәтер іздеп, көшіп-қонып жү­руге мәжбүрміз. Оффлайн оқуға көшер тұста жауаптылар неге жағ­дайды ескермеді?» деп отыр.

Көгерген бөлме, бітпейтін кезек

Түстіктен теріскейге студенттерді тартып, білім беретін бағдарлама жайлы естігенде қуанғанымыз хақ. Түлектер де бөркін аспанға атып, бағ­дарламада көрсетілген шарттар­дың орындаларына сенген. Әсіресе, Семей қаласына оқуға түскен оң­түстік өрендері жатақханадан көңілі қалғанын жасырмайды. Олар ша­ғымданудан қорқып, жыл сайын «биыл жөндеу жүргізер» деумен күн кешкен. Мысалы, «Серпін» бағ­дарламасымен Семей медициналық университетіне оқуға түскен студенттер білім беруде кінәрат жоғын, алайда жатақхананың халі адам тұр­ғысыз екенін алға тартты. Оның үс­тіне қаланың ойлы-шұңқырлы жолы, ескі ғимараттары оқуға түскен жас­тарды ойландырып қойған. «Біріншіден, жатақхана ескі және жыл сайын бір студенттің өзінен 84 мың теңге университет қорына түссе де жеткілікті жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Ал жатақханада шамамен 250-ден аса студент тұрады. Екін­шіден, душ мүлде жұмыс істемейді, ыстық су жоқ. 3 қабатта бәріне ортақ бір ғана душ бар. Үшіншіден, қыста суық. Бөлмелердің іші көгеріп кетеді. Сосын тағы бір мәселе кір жуатын машина жеткіліксіз. Бір қабатқа бір ғана кір жуатын машина берілген. Ал сол бір қабаттың өзінде 50-ден астам қыз тұрдық. Ойлап қа­раңызшы, кір жуудың өзіне қаншама кезек?! Ас бөлмесінің жайы тіпті бөлек әңгіме. Жатақханада тұрған 3,5 жыл ішінде студенттер үйі дұрыс жөндеу көрмеді. Жазда көз қылып қабаттарды сырлап, бөлмелерді әктейді, болды. Меніңше, толық жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Әрі оған жағдайлары жетіп артылады», – дейді интерн Балауса Жолдасова. Қазір ол Павлодар қаласында медициналық білімін жалғастырып жатыр. Семейдегі студенттік өмірмен қоштасқанына дән риза. «Ата-анам­ның қалтасына салмақ салмайын деп жатақханада тұрдым. Мен сияқты жүздеген студент осылай істеді, білемін. Алайда басшылық соны көре, біле тұра жағдай жасамады. Жатақха­наның халіне қарап студенттерді аяй­сың», – дейді ол. Болашақ дәрі­гердің сөзіне қарағанда, «Серпін» бағ­дарламасы бойынша кей өңірлер­де жаңа жатақхана салынып, ендігілеріне жөндеу жұмысы жүргізіл­генімен, Семей қаласы қалың ұйқыда. Студенттер бірігіп арыз жазып көруге оқталғанымен, өздеріне қысым келерін білген соң, артық қадамға бармаған. Кейіпкеріміз де басқа қалаға оқуға ауысқасын сонда тәлім алып жатқан студенттердің ахуалына алаңдап, осылайша жәрдем бергісі келеді. Сонымен, ата-аналар да, студенттер де жатақхана турасында жауапты органдар қандай шешім шығарарын күтіп жүр. 50% толымдылық жүйесін алып тастамаса, іс насырға шабайын деп тұрғандай. Себебі жоғарыда айт­қанымыздай, баласының денсау­лығы үшін мемлекеттік гранттан бас тарт­қысы келетіндер бар.

А.АЙДАРҚЫЗЫ