Елімізде есірткі бизнесіне тосқауыл қою шаралары өткізіліп жатқанымен, ебін тауып, «тауарын» сатып, табыс тауып жатқандар көп. Әсіресе, синтетикалық есірткіні саудалағандардың дәурені жүріп тұр. Ақмола облысында да соңғы кездері есірткі сату мен оны тарату оқиғаларының жиілеуі алаңдатады. Тіпті, өркендеп, қанатын кеңге жайып алған сыңайлы. Мәселен, Көкшетау қаласының іргесіндегі саяжайлар мен қаланың шеткі аудандарының тұрғындары есірткі көмушілердің маңайларында жиі толып жүретінін айтады. Ал олармен күресте құқық қорғау органдарының әрекетіне көңілі толмай отыр...
Есірткі көмушілерден әбден үрейленіп болған...
Саяжай тұрғындарының айтуынша, тар көшелерді түн ішінде торуылдап, электр бағандарының түбін қопара қазып жүретіндер жиілеген. Тіпті, көлікпен әкеліп тастаған нашақорлар күні-түні жұртқа маза бермейтін болған. Бірнеше мәрте қуып, кейбірін учаскелік инспекторларға ұстатып жібергенімен, бұл есірткі көмушілердің қарасын азайта алмапты. «Бұған дейін саяжай көшелерінде бөгде адамдарды аса байқамайтынбыз. Ал соңғы кездері түнгі уақыттарда көшеде, тіпті үйіміздің тап іргесінен нашақор адамдар көзге жиі шалынып жүр. Олар электр бағандарының жанын шұқылап, қазып, әлек болып жатады. Адамдардың бойында үрей пайда болды. Үйде балалар жалғыз қалып жатады. Түн ішінде далаға шығудан қорқып қалған. Тіпті, жұмысымыз ауыр болса да, түн ішінде кезекшілікке шығып, маңайымызды торуылдап жүретін болдық. Осымен бірнеше рет нашақорларды ұстап, айқайлай қуып әуре болдық. Учаскелік инспекторларға ұстап беріп те жатырмыз. Бірақ бұл әрекетімізден түк шықпайтынға ұқсайды. Полиция қызметкерлері бір-екі рет келіп кетті. Бірақ бұл біздегі нашақорлардың торуылдауына титтей де әсерін тигізген жоқ», – дейді Көкшетау – Краснояр бағытындағы саяжай тұрғыны Серік Махметов.Өңірде «Синтетикалық» есірткі қылмысы өрши түскен
Құқық қорғаушылар да есірткі бизнесінің түрленіп, интернет дүкен алаңдары арқылы да сату жолдарының пайда болғанын мойындады. Облыстық Полиция департаментінің Нашақорлыққа қарсы күрес басқармасы мәліметінше, әсіресе синтетикалық есірткіні саудалау оқиғалары тым жиілей түскен. Ал орамдағы синтетикалық есірткіні қаланың әр түкпіріне тасымалдап тығып тастайтындар да шамадан тыс көбейген. Басқарманың мәліметінше, жыл басынан бері Ақмола облысында синтетикалық есірткі заттарын заңсыз шығару фактілері бойынша 11 қылмыстық құқықбұзушылық, синтетикалық есірткі заттарын сақтау фактілерімен 25 қылмыстық оқиға тіркелген. Осылайша, заңсыз айналымнан 472 грамм синтетикалық есірткі тәркіленіп алынған. «Өкінішке қарай, есірткі бизнесінің сату және таралу оқиғалары азаймай тұр. Полиция басқармасымен синтетикалық есірткі заттарының таралуын және интернет ресурстардың қолданылуының алдын алу мақсатында мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен волонтерлік қозғалыстар және «Өмір жолы», «Феникс», «Өмір» сияқты қоғамдық қорлармен бірлесіп есірткіге қарсы профилактикалық шаралар жүзеге асырылады. Жыл басынан бері ғана үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен 9 рейд іс-шарасы өткізіліп, көшелерде есірткі сататын мекенжайлар көрсетілген 150-ден астам жазу анықталды және өшірілді», – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің Нашақорлыққа қарсыз күрес басқармасының маманы Рәзия Курсанова.Қой терісін жамылған жарнама көп...
Қала тұрғындары сондай-ақ интернеттегі жарнамалық сайттарда да есірткі бизнесінің өркендеуіне жолдың ашық екенін айтады. Әсіресе, «курьер қызметі вакансиясы» көбейе бастаған. «Жалақымның аздығы әрі несием көп болуына байланысты жұмыс орындарын жиі іздеймін. Бір күні жарнамалық OLX сайтын ақтарып отырып, «курьер» іздеп жатқан хабарландыруларды кезіктірдім. Хабарласып мән-жайды білмек болдым. Бірнешеуіне хабарласып шықтым. Алғашқыда сыр білдірмегенмен есірткі заттарын таситын «курьердің» қажеттігін айтты. Бірден бас тарттым», – дейді Дәурен Тасжанов есімді қала тұрғыны.Облыста сегіз ай ішінде 103 келі есірткі тәркіленген
Облыста тек жыл басынан бері ғана есірткінің заңсыз айналымы бойынша 59 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Алаңдататыны – бұрынғыдай сырттан тасымалдаумен қатар есірткі өндірудің де көбейгені байқалған. «Анықталған 59 қылмыстық құқықбұзушылықтың 42-і есірткі өндіру және дайындау бойынша ұсталды.Полицияның жедел әрекет етуінің нәтижесінде сегіз айда 103 келі 250 грамм есірткі тәркіленіп алынды. Әсіресе, героин, марихуана, гашиш сондай-ақ синтетикалық есірткі түрлерінің үлесі басым. Мұнымен қоса есірткіні өндіру мақсатынсыз заңсыз сақтаудың 138 фактісі тіркелді. Есірткі таралуының алдын алу үшін осы жылы облыс аумағында мектептер мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарында есірткіге қарсы 176 профилактикалық шара ұйымдастырылды», – дейді Рәзия Курсанова.P.S. Ел ішінде кең таралған аса қауіпті есірткі бизнесі осылайша өркен жайып тұр. Тамыры тереңге кеткен көлеңкелі бизнеске тосқауыл қоюда құқық қорғаушылар жаңа тың технологияларды қолдана бастағаны жөн сияқты...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы