Шымкентте оқушыларды "ақылы" және "тегін" оқитындар деп бөлетіні айтылды
Шымкентте оқушыларды "ақылы" және "тегін" оқитындар деп бөлетіні айтылды
©Айтжан Мұрзанов
174
оқылды

Шымкент тұрғыны қала мектептерінің бірінде оқушыларды "ақылы" және "тегін" оқитындар деп бөлетіндеріне шағымданды.

Шымкент қаласының тұрғыны Аягөз Бегалықызы әлеуметтік желілерде ұлы мен қызы оқитын Al-Farabi academialyq mekteb жеке мектебіне шағымданды. Ол ұлы мен қызын Нұрсәт ықшамауданындағы №80 мемлекеттік мектептен биыл ауыстырған. Мектеп бұрынғы тойхананың ғимаратында орналасқан.
Аягөздің айтуынша, ата-анаға шетелдік мұғалімдерден қосымша сабақ алу үшін ақы төлеу керек екенін бірден айтылған. Алайда оқу жылы басталғаннан кейін баласы мектепте бюджет есебінен оқитын оқушыларға нашар жағдай жасалғанын сөз еткен. Бюджетте оқитын оқушылар терезелері жоқ, тек кішкене саңылаулары бар тар сыныпта оқиды. Мектептің спорт залы жертөледе орналасқан. Ал ақылы бөлімде оқитын оқушылар көшеде, таза ауада сабақ өткізеді.

"Екі асхана бар. Яғни, бір бөлме ортасынан бөлінген. Бір жағынан "тегін" оқитындар, екінші жағынан "ақылы" оқитындар тамақтанады. Тегін оқитын балалардың асханасында тек самса, бәліш және су бар. Бір күні Айша 500 теңгеге 0,5 минералды су мен самса сатып алғанын айтты. Үстелге дастарқан төселмейді. Ал "ақылы" оқитындардың асханасында ыстық тағам сатылады, 500 теңгеге таңдауы бойынша бірінші және екінші тағам, нан мен компот қосып береді", - деді Аягөз Бегалықызы өз жазбасында.

Сондай-ақ, ата-ананың айтуынша, бюджет есебінен оқитын оқушыларға арналған дәретханалар дұрыс тазаланбайды. Үнемі жағымсыз иіс шығып тұрады, сынған раковина және бар болғаны екі унитаз бар. Ал "ақылы" оқитындардың дәретханасы таза, ұқыпты, санитарлық керек-жарақтардың бәрі бар. Ақылы оқу бағасы айына 100 мың теңге, тек осы қаражат үшін ғана оқушыларға қолайлы жағдай жасалады.
Тұрғынның шағымынан кейін Шымкент қаласының Білім басқармасы Al-Farabi academialyq mekteb тексерілген. Мектепке басқарма басшысы бастаған комиссия барған. Видеодан кабинеттердің оқу орнына қарағанда салтанат залына көбірек ұқсайтынын көрсе болады. Оқушылардың кабинеттері кішкентай, терезелері арнайы дизайнмен жасалғандай.
Мектепте 1 500 орын бар. Онда бюджетте 1 386 оқушы оқиды. Ақылы негізде барлығы 20 оқушы оқиды.
"Балалар арасында кемсіту жоқ. Мектеп ғимаратында 48 оқу кабинеті бар. Барлық оқу кабинеттерде желдеткіш қойылған, терезелер бар. Мектеп ауласында спорт алаңы бар. Сонымен қатар, бірінші қабатта спорттық үйірмелерге арналған қосымша спортзалы бар. Білім басқармасы тарапынан Шымкент қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне спортзалдың сәйкестігін анықтау жөнінде хат жолданды", - деді басқарма өкілі.
Әкімдік мәліметі бойынша, асхана бөлінбейді, ортақ. Асханада оқушылар қалаған тағамдарға тапсырыс бере алатын ас мәзірі бар. Егер ата-ана бір ай бұрын тамақ ақысын төлесе, оқушыларға күніне үш рет тамақ береді.
Енді басқарма Аягөз Бегалықызының дәлелдерімен келіспейтінін айтты. Мектеп басшылығы жалған ақпарат үшін сотқа шағым беруге ниетті. Бұдан былай, мектеп жұмысы Білім басқармасының бақылауында болады.