Атыраулық ата-аналар адам өлтірген мұғалімнің мектепте жұмыс істеуіне қарсылық білдіруде
Атыраулық ата-аналар адам өлтірген мұғалімнің мектепте жұмыс істеуіне қарсылық білдіруде
©inform.kz
420
оқылды

Атырау облысында биология пәнінің мұғалімі өзінің нағашысын өлтіріп, денесін бөлшектеп тастады деген күдікке ілінген. Кейін ақталып шыққан мұғалім мектепке жұмысқа орналасқан. Бірақ оның бұл әрекетіне атаналар қарсылық білдіруде.

Жантүршігерлік оқиға биыл қыста Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында болған еді. Бейресми деректерге сүйенсек, ауылдағы үйдің қорасынан 82 жастағы ақсақалдың бөлшектелген денесі табылған. Үйдің маңынан шыққан сасық иіске көршілер күмәнданып, полицияға хабарласқан. Тексеруге келген полиция қызметкерлері үйдің ауласындағы қорадан ақсақалдың шіріген денесін тауып алады. Кейін қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ауылдағы орта мектепте биология пәнінен сабақ беретін әйелді ұстайды.

Әйел — қайтыс болған ақсақалдың жиені. Оның ақсақалдың денесін неге қораға апарып тастағаны — белгісіз. Алайда, кейін қылмыстық іс қысқарып, мұғалім қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Сөйтіп, жаңа оқу жылында жұмысына кіріскен мұғалімге ауылдағы ата-аналар қарсы.

"Менің немерем осы ауылдағы мектепте білім алады. Үнемі "Біздің мектепте адам өлтірген апай сабақ береді" деп айтып отырады. Тіпті кейде "Адам өлтірген апайдың сабағы болды" деп те айтады. Осындай қылмысқа барған адам балаларға қандай білім бере алады? Оны жұмыстан шығаруын талап етеміз", — дейді ауыл тұрғыны Нұргүл Абдолова.
Тағы бір ауыл тұрғынының айтуынша, егер әйел мектепте сабақ беруін жалғастырса, баласын мектепке жібермей қоймақ. Сондай-ақ мұғалімге ауылдан көшіп кету туралы талаптар да қойылған екен.
Ал Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебінің директоры Серік Қойбақов кезінде адам өлтірді деген күдікке ілінген ұстазды жұмыстан шығаруға ешқандай себеп жоқ екенін айтады.
— Ата-аналар ұстазды жұмыстан шығаруды талап етіп жатыр. Оны жұмыстан шығаруға себеп жоқ. Қылмыстық оқиғадан кейін уақытша жұмыстан шеттетілген болатын. Бірақ прокуратура әйелді қайта жұмысқа алу керегін айтты, — дейді Серік Қойбақов.
Әйел осы мектепте 1997 жылдан бері биология пәнінен сабақ беріп келе жатыр. Енді ата-аналар облыстық Білім басқармасына шығып, өз талаптарын жеткізбек.