Бүгінде Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың жалпы санының тек бір пайызы ғана сот үкімімен ақталып шығады. Осыған қарағанда тергеуші мен прокурор істі сотқа жеткізсе болды, ары қарай судья күдіктіні бас бостандығынан айыру жазасын көзді жұмып қойып, кесе салатын сияқты. Тіпті, қанқұйлы Сталиннің «үлкен террор» кезінде де, Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында да бұл көрсеткіш 9-13%-дан төмендемеген.
Соттардың өзі айыпталушыларға қатысты ақтау үкімдерінің аздығын дәлелденбеген істердің тергеу процестері кезінде-ақ, сотқа жетпей, тоқтап қалатынымен түсіндіреді. Сондықтан судьяның алдына қылмысы толықтай ашылған, күдіктінің кінәсі бұлтартпас айғақтармен айқын дәлелденген істер ғана келетін көрінеді. Яғни, сотқа дейінгі тергеу органдары мүлтіксіз жұмыс істейді-мыс. Бірақ шынымен солай ма? Әлбетте, сотқа жеткен істердің басым көпшілігінің сапасына біз де шүбә келтіре алмаймыз. Алайда бұлыңғыр дәлелдермен жазықсыздан-жазықсыз сотталып кеткен жандардың бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды.Айыптау айғақтары шалағай
«Мен Кеңес заманын да, қазіргі заманды да білемін, еңбек тәжірибеме қарай сол кез бен қазіргі кезді салыстыра аламын. Сонда анық байқағаным, бұрынғы тергеушілерге қарағанда қазіргілердің деңгейі төмен. Өз тәжірибемде ой-өрісі тар, кәсіби біліктілігі төмен, мінезі дөрекі тергеушілерді көп кездестірдім. Әрине, өз ісінің нағыз майталман мамандары да бар, бірақ олар тым аз. Сөйте тұра, судьялардың осындай шалағай тергеушілердің пісіп-жетілмеген шикі істері бойынша айыптау үкімін кесе беретініне талай рет куә болдым. Бұл жерде басты назар сотқа жеткен істердің дәлелді базасы қандай, судья ол бойынша қандай шешім шығарды дегенге көбірек аударылуы керек»,– деді адвокат Ерғали Мелдебеков. Қылмыстық-процессуалдық кодекс бойынша Қазақстанда соттар тәуелсіз, ал айыптаушы мен қорғаушының құқықтары тең. Әйтсе де, сот пен құқық қорғау органдары арасында заңда жазылмаған тығыз және өзара сыйластық принципіне құрылған қатынастар орнаған. Соттар мемлекеттік органдардың «жақсы көрсеткіштерін» бұзбау үшін беттерінің арын белге түйіп қойып, күдікті еш қиналмастан айыптау үкімін кесе салады. Бұл жерде тергеушінің, прокуратураның және соттың «айыпталушыны қалай болғанда да соттап жіберу керек» деген мүддесі үндесіп жатқан сияқты. Оған себеп бар: егер судья қаралып отырған іс бойынша ақтау шешімін шығарса, бұл тергеу органдары әзірлеген және прокуратура органдары бекіткен айыптау дәлелдерінің дәрменсіздігін, олардың жұмыстарының қанағатсыздығын білдіреді. Яғни, аталған екі органның кемшілігін көзге шұқып көрсетеді. Егер мұндай процестердің арты ушығып кетсе, одан сот жүйесі мен құқық қорғау органдары арасында салқындық жүгіріп өтуі мүмкін. Судьяға мұндай белсенділік керек пе? Әрине, жоқ. Олар құқық қорғау органдарымен қақтығысқа баруды қаламайды. Өйткені күштік құрылымдар өздеріне қолайсыз судьялардың үстінен жалған қылмыстық іс қозғап жіберуі мүмкін деген қорқыныш көп. Төрелік етуші қауым шешім қабылдау кезінде осы жайтты жадынан шығармайды.«Кінәсіздік презумпциясы» сақталмайды
Заңда «Кінәсіздік презумпциясы» деген түсінік бар. Яғни, айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, оның айыбын тергеуші бұлтартпас айғақтармен мойнына іліп беруі керек. Бірақ сот талқылаулары кезінде бұл шарт ескеріле бермейді. Тіпті, айыпталушының кінәсі ешқандай фактімен дәлелденбесе де, судьялар тергеудің ығына жығылып, айыптау үкімін кесе салуы ғажап емес. Әрине, бұл жағдайда біз прокуратураға шағымданып жүріп, істің бұзылуына қол жеткізе аламыз. Алайда мұндай мысал көп емес,– дейді Ерғали Мелдебеков. Кәнігі адвокаттың мұндай азды-көпті қарсылықтар арқылы әділсот жүйесін қамтамасыз ету мүмкін емесін айтады. Ол тұтас сот жүйесіне өзгерту енгізу керек деп санайды. Өйткені елімізде сыбайлас жемқорлық дертінің қаншалықты асқынып кеткені ешкімге жасырын емес, бұл кесел сот саласын да айналып өткен жоқ. Сондықтан жоғары тұрған инстанция арқылы тағайындалатын судьялар шешімнің әділдігіне емес, жоғарыдағы басшылыққа жағатыны-жақпайтыны тұрғысынан қарайды. Сот процесі кезінде адвокат тергеуші ұсынған айғақтар мен дәлелдердің талқанын шығарып, өз тарапынан бұлтартпас мың уәж келтірсе де, оған судьяның былқ етпейтіні үйреншікті жағдайға айналып кеткелі қашан. Яғни, сот процесінде айыпталушылардың тек бір пайызының ақталып шығатыны соның дәлелі. Оның үстіне, адамның көпе-көрінеу әділсіз үкімге қарсы соттасуы үшін көп қажыр-қайрат пен ақша да керек. Мұндай мүмкіндік екінің бірінен табыла бермейді. Адвокаттардың еңбегі ақылы және аз тұрмайды, ал кез келген күмәнді істің парша-паршасын шығарады деген беделді де білікті адвокаттардың еңбегі тіпті айрықша қымбат. Сондықтан қандай да бір істің соңынан түсіп, оны Жоғарғы Сотқа дейін жеткізіп, жеңіп алу үшін қалтаңыз қалың, жүйкеңіз мықты болуы шарт. Өйткені кейбір күрделі істер әлденеше жылдарға созылып жатады. Әлбетте, мүмкіндігі жоқ жандарға мемлекет тарапынан тегін адвокаттар беріледі. Бірақ қазақ «Арзанның жілігі татымас» деген, олардың көпшілігі әйтеуір ақыр аяғында айыптаушының жеңетінін білетіндіктен өздеріне таңылған клиентті жанқиярлықпен қорғауға тырыспайды.Өкімет өтемақы төлеуге құлықсыз
Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың ішінен ақталып шыққандардың неге аз екеніне соқтауылдай тағы бір себеп бар: тергеуші күдіктіні қылмыскер ретінде түрмеге қаматып тастап, өзі соны дәлелдеу үшін фактілер іздейді. Ол фактілер бір күнде табылмайтыны белгілі. Бірнеше апталарға, айларға созылып кетеді. Оның үстіне, тергеушінің өлдім-талдым деп жинаған дәлелдері жеткіліксіз немесе сапасыз болуы мүмкін. Бірақ оған қалай болғанда да күдіктіні соттату керек. Өйткені ол ақталып шықса, жазықсыз қамауда отырған күндері үшін Үкіметтен өтемақы талап ете алады. Мұны тергеуші де, прокурор да, судья да жақсы түсінеді, сондықтан бұл жайт әлгі байғұстың мойнына күмәнді айып тағып, жаза кесіп жіберуге итермелейді. Ащы да болса шындықтың бір ұшы осында жатыр. Республикада адамның жазықсыз қамауда отырғаны үшін мемлекеттен өтемақы өндіртіп алу фактісі сирек те болса кездеседі. Бірақ ол шетелдердегідей пәленбай миллион долларға бағаланбайды. Мәселен, 2018 жылы елордада жалған жаламен 8 ай абақтыда отырған азамат кейін ақталып шығып, оның адвокаты Қайрат Қасымханов жапа шегушінің әр күнін 100 мың теңгеге бағалап, Қаржы министрлігінен 36 миллион теңге өтемақы талап еткен. Бірақ Үкімет оған бар болғаны 1 миллион теңгені қолына ұстатып, «осыған риза» бол деп, теріс айналып кеткен. Жоғарғы Соттың дерегі бойынша, республикада 2015 жылы – 149 адам, 2016 жылы – 62, 2017 жылы – 70, 2018 жылы – 270, 2019 жылы – 318, ал 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында 219 адам ақталып шыққан. Ал бұл уақытта жыл сайын мыңдаған адам түрмеге тоғытылып отыр. Өйткені біздің елімізде қылмыстық процесс жазалау принципін қатаң ұстанады. Егер АҚШ-тың сот жүйесі «Бір жазықсыз адам түрмеде отырғанша, он айыпты адам бостандықта жүрсін» деген ережеге сүйенсе, Қазақстанда ол қағида тұп-тура қарама-қарсы мағынада қолданылады. Осыған қарап біздің қоғам неліктен соншалықты қатыгез болып кетті екен деп ойланасың?! «Қазақстанда әділсот жүйесі жұмыс істеуі үшін айыптаушылар мен қорғаушылардың құқықтар және мәртебелері тең болуы тиіс,– дейді Ерғали Мелдебеков. Оның айтуынша, қаралып жатқан істің толыққанды зерттелуі үшін адвокаттарға да істі тергеуге құқық берілуі тиіс. Сондай-ақ сот шешімі шығарылған хаттамаға тек айыптау актісі ғана емес, қорғау актісі де енгізілуі керек. Бұл сот үкімінің неғұрлым әділ шығуына ықпал ететін болмақ. «Адвокаттың мәртебесін көтеру – халықтың жағдайын ойлау. Сонда ғана жазықсыз сотталып кетушілердің қарасы азая түседі»,– дейді кәнігі адвокат.Сөз соңы: Заңгерлер елімізде қылмыстық істер бойынша күдіктіні ақтап алу үкімдерінің тым аз шығарылатынын бұрыннан айтып келеді. Мұндай проблеманың барлығын Жоғарғы Сот та растап отыр, бірақ одан жағдай өзгеріп кете қойған жоқ. Әлемдік тәжірибеде сот процесі кезінде күдіктіні ақтау үкімдерінің үлесі 1%-дан төмен болса, бұл құқық қорғау және сот органдарының жұмысында үлкен бір шалағайлық бар екенін білдіреді. Өркениетті елдерде сот жүйесі жазалау органынан гөрі әділеттілікке қол жеткізу функциясын көбірек атқарады. Мәселен, Еуропада қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың – 15-20%-ы, АҚШ-та 25-30%-ы ақталып шығады.
Дәулет АСАУ