Мемлекеттік қызметші неге өзіне қол салды?
Мемлекеттік қызметші неге өзіне қол салды?
201
оқылды

Жамбыл облысы Талас ауданы Қаратау қаласында мемлекеттік қызметші мәйітінің табылуы дүйім жұртты елең еткізді. Ай мен күннің аманында аялдаманың маңында атылып өлді делінген азаматтың қазасына қатысты қазір түрлі қауесет желдей есті. Ал құзырлы органдар ресми ақпараттың айналасынан шықпай, барлық мәселені тергеу амалдарының құпиялығына тіреп отыр.

Ресми мәлімет сөйлесе...

Әрине, адам өлімі болған жерде егжей-тегжейлі тексеріс қажет екені түсінікті. Алайда мемлекеттік қызметші өз-өзіне қол салды ма, әлде бұл қасақана адам өлтіру ме? Мүмкін біз біл­мейтін басқа да жайттар бар ма? Міне, осы сұрақтар көптің кө­кейінде жүр. Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2 қыркүйек күні Талас аудандық полиция бөліміне Қаратау қа­ласы көшелерінің бірінде өлі адамның денесі жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына тәртіп сақшылары жеткенде қаза болған адамның жанынан аңшы мылтығын тапқан. Кейіннен марқұм Талас аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімінің сек­тор меңгерушісі екені анық­талған. Ал облыстық Полиция департаменті Тергеу басқар­ма­сының басшысы Әбсамат Бек­мұхамбетов барлық қажетті сот сараптамасы тағайындалғанын, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді. Алайда құқық саласының қызметкерлері оқ марқұмның денесінің қай тұсына тиіп мерт болғаны және «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша кімдер тергеліп жатқаны туралы жақ ашпады. Сондай-ақ қаза болған мемлекеттік қызметшінің отбасына қатысты мәлімет те құпия ұсталып отыр. Міне, осындай жағдайдан кейін түрлі қауесет таралып жатқаны жа­сырын емес. Осыған орай біз бей­ресми ақпарат болса да бұ­қараға шындыққа жанасатын мәлімет беруге күш салдық.

Бейресми мәлімет не дейді?

Қаратаулық тұрғындардың айтуынша, аталған қанды оқиға 2 қыркүйек күні түнде болған. Марқұм көлігімен қала шетіне таяу орналасқан аялдамаға барып, қосауыз аңшы мылтықты екі оқпен оқтапты. Соның бір оғы ғана атылған. Ал қаза тапқан азамат жамбылдық емес. Алматы облысы Ұзынағаш ауылының тумасы екен. Талас ауданында жұмыс істеп жатқанына 4-5 жыл болған. Оқиға болғаннан кейін марқұмның жақындары келіп, денесін туған топырағына алып кеткен. Сол себепті туыстарына қатысты көп ақпарат айтылмауда. Бұл тұста бір айта кетерлігі, 2020 жылдың соңында марқұм қызмет істеген Талас аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Күдертаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Қаза тапқан азамат осы іс бойынша куәгер ретінде тер­геуге шақырылған. Алайда бұл ақпаратты құзырлы органдар не жоққа шығармады, не раста­мады. Бір анығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жо­лаушылар көлігі және автомо­биль жолдары бөлімінің басшы­сы бір жылдан бері тергеліп жа­тыр. Бейресми ақпарат бойынша, оған жемқорлық фактісі бо­йынша айып тағылған. Әрине марқұмның қазасына немесе өз-өзіне қол салуға дәл осы жағдай түрткі болды деуден аулақпыз. Алайда мемлекеттік қызметкердің денесі табылған жерде тұрған көлігінің ішінен осы іске қатысты құжаттар шық­қан көрінеді. Сондай-ақ мар­құмның ақшасы мен ұялы теле­фоны секілді бағалы дүниелердің барлығы қалтасында болған­дықтан, бұл оқиғада «қасақана адам өлтіру арқылы тонау» фак­тісі қаралмай жатқан сияқты.  

P.S. Сөз басында оқиға бол­ған күннен кейін түрлі қауесетке жол берілгенін айттық. Соның бірі – марқұм дәл сол күні жа­рымен ұрысып қалған деген әңгіме шықты. Алайда бұған қатысты да әзірге еш ақпарат жоқ. Сондай-ақ тәртіп сақшылары қаза болған мемлекеттік қызметшінің туыс­тарын тергеп жатыр ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Сондықтан әліп­тің артын бағып, тергеу амал­да­рының қорытындысын күтейік...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы