Жамбыл облысы Талас ауданы Қаратау қаласында мемлекеттік қызметші мәйітінің табылуы дүйім жұртты елең еткізді. Ай мен күннің аманында аялдаманың маңында атылып өлді делінген азаматтың қазасына қатысты қазір түрлі қауесет желдей есті. Ал құзырлы органдар ресми ақпараттың айналасынан шықпай, барлық мәселені тергеу амалдарының құпиялығына тіреп отыр.
Ресми мәлімет сөйлесе...
Әрине, адам өлімі болған жерде егжей-тегжейлі тексеріс қажет екені түсінікті. Алайда мемлекеттік қызметші өз-өзіне қол салды ма, әлде бұл қасақана адам өлтіру ме? Мүмкін біз білмейтін басқа да жайттар бар ма? Міне, осы сұрақтар көптің көкейінде жүр. Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2 қыркүйек күні Талас аудандық полиция бөліміне Қаратау қаласы көшелерінің бірінде өлі адамның денесі жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына тәртіп сақшылары жеткенде қаза болған адамның жанынан аңшы мылтығын тапқан. Кейіннен марқұм Талас аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі екені анықталған. Ал облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының басшысы Әбсамат Бекмұхамбетов барлық қажетті сот сараптамасы тағайындалғанын, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді. Алайда құқық саласының қызметкерлері оқ марқұмның денесінің қай тұсына тиіп мерт болғаны және «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша кімдер тергеліп жатқаны туралы жақ ашпады. Сондай-ақ қаза болған мемлекеттік қызметшінің отбасына қатысты мәлімет те құпия ұсталып отыр. Міне, осындай жағдайдан кейін түрлі қауесет таралып жатқаны жасырын емес. Осыған орай біз бейресми ақпарат болса да бұқараға шындыққа жанасатын мәлімет беруге күш салдық.Бейресми мәлімет не дейді?
Қаратаулық тұрғындардың айтуынша, аталған қанды оқиға 2 қыркүйек күні түнде болған. Марқұм көлігімен қала шетіне таяу орналасқан аялдамаға барып, қосауыз аңшы мылтықты екі оқпен оқтапты. Соның бір оғы ғана атылған. Ал қаза тапқан азамат жамбылдық емес. Алматы облысы Ұзынағаш ауылының тумасы екен. Талас ауданында жұмыс істеп жатқанына 4-5 жыл болған. Оқиға болғаннан кейін марқұмның жақындары келіп, денесін туған топырағына алып кеткен. Сол себепті туыстарына қатысты көп ақпарат айтылмауда. Бұл тұста бір айта кетерлігі, 2020 жылдың соңында марқұм қызмет істеген Талас аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Күдертаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Қаза тапқан азамат осы іс бойынша куәгер ретінде тергеуге шақырылған. Алайда бұл ақпаратты құзырлы органдар не жоққа шығармады, не растамады. Бір анығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы бір жылдан бері тергеліп жатыр. Бейресми ақпарат бойынша, оған жемқорлық фактісі бойынша айып тағылған. Әрине марқұмның қазасына немесе өз-өзіне қол салуға дәл осы жағдай түрткі болды деуден аулақпыз. Алайда мемлекеттік қызметкердің денесі табылған жерде тұрған көлігінің ішінен осы іске қатысты құжаттар шыққан көрінеді. Сондай-ақ марқұмның ақшасы мен ұялы телефоны секілді бағалы дүниелердің барлығы қалтасында болғандықтан, бұл оқиғада «қасақана адам өлтіру арқылы тонау» фактісі қаралмай жатқан сияқты.P.S. Сөз басында оқиға болған күннен кейін түрлі қауесетке жол берілгенін айттық. Соның бірі – марқұм дәл сол күні жарымен ұрысып қалған деген әңгіме шықты. Алайда бұған қатысты да әзірге еш ақпарат жоқ. Сондай-ақ тәртіп сақшылары қаза болған мемлекеттік қызметшінің туыстарын тергеп жатыр ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Сондықтан әліптің артын бағып, тергеу амалдарының қорытындысын күтейік...
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы