Балық өсіру табысты салаға айналды
Балық өсіру табысты салаға айналды
639
оқылды

Алматы облысында балық шаруашылығы ақырын­дап болса да дамып келеді. Өзен-көлдер өрнектеген өлкеде табиғаттың өзі тарту еткен балық түрлерін аулап қана қоймай, оның бағалы түрлерін қолда өсіріп, табыс тауып отырғандар да баршылық. 

Облыстағы заманауи тәсіл­мен өркен жайған балық ша­руашылығы саласында жыл сайын 6 мың тоннадан аса та­уарлы ба­лық өндіреді. Балық шаруашы­лығына бөлінетін субсидия ар­қасында кәсіп­керлер осы жыл­дың 8 айы ішін­де 3 мың тоннадан аса балықты саудаға шығарды. Кеген ауданының тұрғыны Ерсайын Көбенқұлов «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, ауылының жанындағы асау бұлақта ханбалық (форель, бақ­тақ) балығын өсірумен айна­лысуда. Негізгі мамандығы бо­йынша инженер-механик Ерса­йын ұзақ уақыт Алматы қала­сында жұмыс істеген. Кейінгі жылдары туған өлкеге оралып, мал шаруашылығымен айна­лысуға шешім қабылдайды. Өз кәсібін дөңгелету мақсатында алдымен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асатын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жаңа кәсіптің қыр-сырын меңгереді. Оқуын аяқта­ған соң жобасын қорғап, туған мекені Кеген ауданына қарасты Талды ауылында ойлағанын жүзеге асыра бастайды. Ерсайын ханбалықтың бірнеше мың құрт шабағын бұлақ жанынан жабдықталған хауызға жібереді. Бұл қадам оның қазіргі табысты кәсібінің бастауы болды.

– Су температурасы, ауыл­дың климаты бақтақты өсіруге тамаша мүмкіндік берді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама аясын­да алынған 4 млн теңге жеңілде­тілген несие игілікті болды. Бұл сомаға балық өсіруге арналған арнайы хауыздар дайындап, қа­жетті құрал-жабдық пен жем са­тып алынды. Балықты саты­лым­ға шығару үшін 6 айдан аса уақыт кетеді. Жылына 2 рет, сә­уір-ма­мыр айларында сатамыз. Сон­дықтан ары қарай дамыту мүм­кіндігі мол балықтың осы түрін таңдадым, – дейді балық бағбаны.

Кәсіпкердің айтуынша, шаруашылық жылына саты­лымға 6 мың тоннадан аса балық шығара алады. Жақын арада қосымша салынған тағы екі хауызға шабақ жіберуді жоспар­лап отыр. Бұл өз кезегінде жылы­на 20 мың тоннаға дейін балық дайындауға мүмкіндік береді. Қазір бақтақты туристер мен жер­гілікті тұрғындар сатып алу­да. Басым бөлігі Еңбекшіқазақ ауданындағы форель шаруашы­лығына жеткізіледі. Облыстық кәсіпкерлер пала­та­сының мәліметінше, биыл Ер­сайын Көбенқұлов осы кәсі­біне қосымша аграрлы туризм­мен айналысуға да бел буыпты. Оның шаруашылығына келу­шілер өздері балық аулап, ұста­ған балықтарын лезде пісіріп, қуырып, бірден сол жерде дәм тата алады. Киіз үйде демалып, атты тізгіндеп, моншаға түседі. Кәсіпкер осы бағытты дамыту үшін «Бизнестің Жол карта­сы-2025» бағдарламасы аясында 3 млн теңге грант алды. Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының дерегі бойынша, жыл басынан бері «Еңбек» бағ­дарламасы шеңберінде «Бас­тау Бизнес» кәсіпкерлік негіз­деріне 3,1 мың жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер оқыты­лыпты. Өткен жылдары бітірген азаматтарды қоса есеп­тесек, жоба бойынша оқытыл­ғандардың 1 200-ден астам биз­нес-жобасы гранттық қаржы­лан­дыру мен жеңілдетілген несие алған. Балқаш-Алакөл облы­сара­лық бассейндік балық шаруашы­лығы инспекциясының хабар­лауынша, Алматы облысында балық өсіруге маманданған 24 балық шаруашылығы субъектісі бар. Былтыр олар 943 тонна балық өсірсе, осы жылдың 8 айында 3 мың тоннадан астам дайын өнім алған.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы