Рейтингіні құрастыру кезінде зерттеушілер денсаулық сақтау, білім беру және бала қауіпсіздігі көрсеткіштерін басшылыққа алады. Тіпті CO2-нің ауаға тарауына қатысты көрсеткіштерді де ескереді. Денсаулыққа зиян тағамдардың жарнамасы сияқты қауіп-қатер де қарастырылады. Себебі, дүние жүзінде семіздікке душар болған балалар мен жасөпірімдердің саны еселеп артқан. 1975 жылы олардың саны 11 млн. болса, 2016 жылы 124 млн.-ға жеткен.
Ал Қазақстан не себепті 180 елдің арасында 50-орында?
Елімізде 5 жасқа дейінгі 10 мың сәбидің 99-ы көз жұмады. 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 6%-і (көбіне-көп қыз балалар) некеге отырады. 5 жасқа дейінгі балалардың 8%-і ашқұрсақ жүреді. Балалардың еңбекке тартылуы 2,2%-ті құрайды екен. Жасөспірімдер жүктілігінің коэффициенті 1000 қызға шаққанда 29,8-ге тең болса, балалар суициді 100 мың тұрғынға шаққанда 1,3 коэффициентіне тең болып шығыпты.Мектептердегі қауіпсіздік мәселесі
Татарстанның Қазан қаласында болған қанды оқиғағадан кейін халықаралық қордың мамандары мектептегі қауіпсіздік мәселесіне де ден қойыпты. Қазақстанда 7440 мектеп бейнебақылау жүйесі болғанымен, олардың 3384-де (45,5%) стандартқа сай жұмыс істемейді. Төтенше құлақтандыру (сөзбен, дыбыспен, жарықпен) жүйесі еліміздегі мектептердің үштен бірінде ғана бар екен. Ал орта білім ордаларының 8%-і ғана дабыл түймесімен жабдықталған. Кіруді бақылау және басқару жүйесімен мектептердің бес проценті, турникетпен төрт проценті, металл іздеуші құрылғымен тек бір проценті жабдықталған болып шықты.