Әлеуметтік желіде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің алдына шығып, қазақша сөйлеген қазақ қызының видеосы кең таралып кетті.
Студент кезінен бері Науаи облысында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Мерей Аманбаева кездесуде алдымен қазақша сөйлесіп, кейіннен өзбек тілінде жалғастыруының себебін де түсіндірді.
«Президентпен кездессем, алдымен қазақ тілінде сөйлеймін, осылайша ол қазақ екенімді білсін, сосын өзбекше жалғастырамын, өзбек тіліне деген құрметімді білсін» деп бұрыннан ойлап жүретінмін. Негізі, ереже бойынша алдымен өзбекше сөйлеп, сосын қазақ тілінде сөйлеуге рұқсат сұрауым керек екен. Ал мен керісінше істедім. Қазақ пен өзбек – түбі бір, бауырлас ұлттар. Өзбекстаннан кеудемізді итеріп, ешкім кет деп жатқан жоқ. Керісінше, жағдайымызды жақсартуға мүмкіндік беріп отыр», - деген ол «Түркістан» газетіне берген сұхбатында.
Мерей Аманбаеваның сөзінше, Науаи облысының әкімі Қабыл Тұрсынов Өзбекстандағы қазақтарды әрдайым қолдап жүреді.
«Кәсіпкер болған соң жолыңды кес-кестеп, күндейтіндер табылады. Сондай теріс пиғылы бар адамдардың маған кедергі келтіруіне жол бермей, әрдайым демеп жүреді. Ол кісі әсіресе домбырада ән шырқағанды ұнатады. Ауыл-аймақты аралаған кезде шопан қазақтармен бірге отырып, ән тыңдап, шүйіркелесіп қайтады. Осыдан-ақ ол кісінің қазақтың мәдениетін жоғары бағалайтынын бағамдауға болады», - дейді ол.
Сондай-ақ кәсіпкер қыз жақын арада Қазақстанға келіп қайтпақ ниетте. Елге келсе, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, бейресми сұхбаттасқысы келетінін де жеткізді. 21 жасынан кәсіпкерлікпен айналыса бастағанын ол, бүгінде көптеген жобаға қатысып, ірі кәсіпті дөңгелетіп отырған кәсіпкерлермен байланыс орнатқан. Өз сөзінше, қазір кәсіпкер ауыл шаруашылығы мен қатар мектепке дейінгі тәрбие ісін қолға алып, балабақша ашқан. Сондай-ақ жастарға кәсіпкерлік жүргізу бойынша тренингтер өткізеді.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=qvzwhWPmo4U[/embed]