Жансая Әбдімәлік төрт дүркін әлем чемпионын ұтты
Жансая Әбдімәлік төрт дүркін әлем чемпионын ұтты
©sn.kz
495
оқылды

Шахматтан Қазақстан құрамасы Бүкіләлемдік онлайн-олимпиададағы жоғары дивизионда көш бастап тұр. Оның үстіне команда қытайлықтарды, ал Жансая Әбдімәлік төрт дүркін әлем чемпионы Хоу Ифаньды ұтты. Тағы бір қазақстандық Бибісара Асаубаева турнирдегі алты ойында да жеңіске жетті.

Қазақстанның Қытайға қарсы ойыны онлайн-олимпиаданың төртінші кезеңінде өтті. Онда шахматшылар алты ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, тағы біреуін тең аяқтаған - 3,5-2,5. Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаевадан басқа Рамазан Жалмаханов та жеңіске жетті.

Енді Қазақстан онлайн-олимпиадада топ-дивизионда 12 ұпаймен көш бастап, Қытайды екі ұпаймен басып озды. Қазақстандық шахматшылар Иран, Моңғолия және Австралиямен тағы үш ойын өткізеді.

Онлайн-олимпиадада жоғары дивизионның 40 командасы төрт топқа бөлінген, олардың әрқайсысында айналым бойынша турнир өтеді. Әр топтан үздік үштік іріктеу кезеңі, ширек финал, жартылай финал және финалдан тұратын плей-офф кезеңіне өтеді. Шахматтан онлайн әлем олимпиадасы Chess.com ойын алаңында қашықтан өтеді. Ол 15 қыркүйекте аяқталады.
Қазақстан құрамасының негізгі құрамына: Ринат Жұмабаев (халықаралық гроссмейстер), Денис Махнев (халықаралық гроссмейстер), Жансая Әбдімәлік (халықаралық гроссмейстер), Динара Сәдуақасова (Халықаралық әйелдер гроссмейстері), Рамазан Жалмаханов (халықаралық шебер) және Бибісара Асаубаева (халықаралық әйелдер гроссмейстері) кіреді.