Қазақстандық теннисші Тимофей Скатов Киев челленджер турнирінің жартылай финалына өтті.
Дүниежүзілік рейтингте 299-орында тұрған Скатов ширек финалда әлемнің 283-ракеткасы, португалиялық Нуно Боргеспен шеберлік байқасты. Бірінші партияда тай-брейкте португалиялық теннисші басымдық танытты – 7:6 (7:5). Дегенмен бұдан кейін қазақстандық спортшы ойын тізгінін қолына ала білді – 6:4, 6:4. Үш сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Скатов 14 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 6 эйс, 3 брейкке (16 брейк-пойнт) қол жеткізді. Тимофей финалға шығу үшін рейтингте 291-сатыдағы италиялық Франко Агаменонемен жарыс жолына шығады. Айта кетейік, ширек финалдық кездесуде Франко украиналық Алексей Крутыхты 6:2, 6:3 есебімен жеңген болатын.А.ЖҰМАШ