Былтырғы және биылғы екі жыл экология ұранымен өтті десек, жаңылмаспыз. Қоғамда қоршаған ортаға қатысты қаншама елең еткізерлік елеулі оқиға болды, олардың соңы өркенді өзгерістерге әкелді. Ел Президентінің өзі осы тақырыпта қаншама твит жариялады. Ендеше Экология министрі Қазақстандағы ең танымал шенеунікке айналуы тиіс еді. Алайда әлеуметтік желідегі қоғамдық пікір көрсеткендей, азаматтардың көбі министрдің аты-жөнін де дұрыс еске түсіре алмайтын болып шықты.
Бітіспес салаларды қатар басқарған министр
Мәжілістің құптауымен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 9 қыркүйектегі Жарлығымен Мағзұм Мырзағалиевті Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатып, Энергетика министрі ретінде тағайындады. Осы ротацияға орай пікір білдірген сарапшылар мен саясаттанушылардың пікірі бір арнада тоғысты, оны «ат айналып қазығын табар» деген қанатты сөзбен түйіндеуге болады. Неге? Қазақстанның мұнай-сервистік компанияларының одағы қыркүйектің бірінші жексенбісінде тойланған Мұнайшылар күні қарсаңында «Мұнай саласындағы ең беделді 50 тұлғаны» атады. Кезекті V рейтингте Мағзұм Мырзағалиев мықты мұнайшылардың бестігін тұйықтады. Ол осы рейтингте бірнеше жыл қатарынан 5-орыннан көрініп келеді. Бұл жерде қоршаған ортаны қорғауға жауапты министрдің мұнай-газ саласының беделді тұлғалары ортасында не істеп жүргені қайран қалдыруы мүмкін. Мағзұм Маратұлының кезінде мұнайшы болғаны қазіргі рейтингке әсер етпесі анық. Сөйтсе, экологиялық ведомствода отырса да, ол мұнайшыларға қамқорлық жасап жүрген екен. «Мағзұм Мырзағалиевтің командасы әзірлеген жаңа Экологиялық кодекс 2021 жылғы қаңтарда қабылданды. Министрлік 2021-2025 жылдарға арналған Геология саласын дамытудың ұлттық жобасын әзірлеуге кірісті. Онда шөгінді бассейндердің аз зерттелген мұнай-газ әлеуетін анықтау, тау-кен өндірісі аудандарында «терең көкжиектерді» зерттеу қарастырылған», – деп дәйектеді аталған одақ. Мағзұм Маратұлы, шынында да мұнай саласының маманы: 2010 жылы отандық университетті мұнай-газ кен орнын игеру мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын салалық Schlumberger/MI Drilling Fluids америкалық компаниясында бастады, Теңіз кен орнында жұмыс істеді. Одан кейін «ТеңізСервис» ЖШС-ін басқарды, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында ірі лауазымдарды атқарды. 2013 жылы Мұнай және газ вице-министрі, 2014 жылдан Энергетика вице-министрі болды. Содан 2019 жылғы 17 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен ол еліміздің бас экологі атанғанда сарапшылар қайран қалды. Бірақ бұл жерде таңданатын ештеңе жоқтай. Бұл ведомство өзара бітіспес секторлардың басын қосады және тиісінше «Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі» аталады. Рас, М.Мырзағалиев кеткен соң енді Президент Жолдауына сай табиғатты шикізаттан бөлу процесі жүрмек: Экология министрлігі құрамында Балық шаруашылығы, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі, Экологиялық реттеу және бақылау, Су ресурстары комитеті қалмақ. Ал геологиялық зерттеу, минералдық-шикізат базасы, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану, жер қойнауын мембасқару мәселелері түңлігін жаңадан түретін ведомствоға кетеді деп күтіледі. Яғни, Мағзұм Мырзағалиев экология мен геология салаларын қатар басқарған соңғы министрдің бірі болмақ. Бас эколог қызметінде де мұнайшыларға қарасқан басшы бас энергетик ретінде мұнай-газ саласына оралып отыр.Су ресурстары саласы тоқырады
Былайғы жұрт біле бермес, осының алдында М.Мырзағалиевтің де отставкасын талап еткен азаматтар мен блогерлер болды. Себебі осы ведомство су ресурстарына жауапты. Тіпті, климатты бақылайтын «Қазгидромет» те осы министрліктің құзырында. Алайда еліміздің бірнеше облысы былтыр және биыл қуаңшылыққа ұшырап, қаншама мал қырылғанда бұл меморган қалыс қалды. Барлық ауыртпалық әкімдер мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне түсті, солар тоқпақ жеді, ақыры АШМ басшысы орынтағынан айырылды. Осы орайда «Экология министрі ай қарап отырған ба? Неге құрғақшылық кезеңі келе жатқанын алдын ала ғылыми болжап, ескертпейді? Неге су ресурстарынан тарықпаудың тәсілдері мен жолдарын көрсетпейді?» деген сөздер естілді. Қисыны бар. Біз ұмтылып отырған дамыған елдерде, мысалы АҚШ-тың қоршаған ортаны қорғау агенттігі өз жұмысының басымдығы ретінде «сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуды, ағынды, индустриалдық суларды тазарту бағдарламаларын» бекітті. Қазақстанда инвесторлар мен экологтер біраздан нақты жобаларын ұсынып келе жатқанына қарамастан, ондай бағдарламалар жоқ. «Биылғы жыл басында Президент экология министрін қабылдаған-тын. Онда вегетация мәселелері сөз болғаны айтылды. Не нәтиже шықты? Жазда, ауыл шаруашылығы дақылдарына ең қажет кезде су болмай қалды. Барлық жерде осы ресурстың тапшылығы сезілді. Әрине, суды үнемдеп жұмсау қажет. Бірақ су ресурстарын бөлу тәсілдерін қайта қарап, бұған объективті келу мәселесі де өте өзекті. Қордаланған мәселе жетерлік. Сырдария өзенінің суы көрші қос облыс арасында тең бөлінгені жөн-ақ. Әйтпесе, мысалы Түркістан облысы «Достық» каналымен 80, ал Қызылорда облысы 450 текше шақырым су алады», – дейді кәсіпкер, қоғам белсендісі Тұрсынбай Бердалиев. Оның мәліметінше, егістік көлемінде сонша айырмашылық жоқ: Қызылорда облысында – 183 мың гектар, ал Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарында – 136 мың гектар. Содан түркістандық диқандар өткір су тапшылығымен бетпе-бет келген. Экология ведомствосы қол қусырып, қарап отырды деуге болмайды. Биылғы 19 шілдеде М.Мырзағалиев Өзбекстанның су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен Ташкентте кездесіп, Сырдарияның орта және төменгі ағысындағы суға қатысты ахуалды жақсартудың бірлескен шараларын талқылады. Келіссөз қорытындысында министр сәл де болса ел мүддесін ілгерілете алды: «Достық» мемлекетаралық арнасы бойымен Мақтаарал, Жетісайдағы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне берілетін су 80-нен 100 текше метр/секундқа дейін артты.Мырзағалиев несімен мақтанады?
Экология министрі болған 2,2 жыл ішінде Мағзұм Мырзағалиев саланы жақсарту бағытында жаңа бастамаларын енгізуге тырысты. Мысалы, Түркістан облысында «К-19» магистральді каналын цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 16 арна цифрландырылуы тиіс. Өткен жылы 53,5 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілген, биыл тағы 78 мың гектар жоспарланып отыр. 12 апатты су қоймасы реконструкцияланып, пайдалануға берілді, 2021 жылы тағы 8 су қоймасы қалпына келтіріледі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы бағыттарда бірқатар жаңа міндет қойды. Бірақ оны жаңа министр Серікқали Брекешевке жүзеге асыруға тура келеді. Мырзағалиев мырзаның мақтанышы: экологтермен, қоғам белсенділерімен бірлесіп, қоршаған ортаны жақсартуға арналған 17 Жол картасы бекітілді. Бірқатар ірі компаниямен арада ауаны ластаушы заттар шығарындыларын азайту туралы келісімге келді. Елде 80,5 млн ағаш отырғызылды және заңсыз кескендерге жаза қатайтылды. Айтпақшы, браконьерлермен күрес дәл осы министр тұсында қарқын алды, пәрменді жүргізілді. Табиғатты жан сала қорғаған бірнеше қорықшы қылмыскерлер қолынан зардап шекті. Министрлік оларды әлеуметтік қорғау шараларын қолға алды. Сонымен бірге заңнама өзгертіліп, браконьерлік үшін ең жоғарғы жаза бұған дейінгі 5 жылдан 12 жыл бас бостандығынан айыруға дейін ұлғайтылды. 2020 жылы министрліктің инспекторлары киіктерге қатысты браконьерліктің 85 фактісін тіркеді. 727 киіктің өлексесі, 9 мың 743 ақбөкен мүйізі тәркіленіпті. 71 браконьер қылмыстық жаза тартты. Сонымен бірге кейбір қорықшы-инспектордың Қызыл кітапқа енген жан-жануарды аулауға өздері қатысатыны, бизнесті жолға қойып алғаны әшкереленіп, біраз жанжал болды. Бұл ретте министрлік еліміздің барлық аумағында киіктерді атуға шектеуді тек 2023 жылға дейін ұзартты. Содан кейін Қазақстанда ақбөкенді атуға ресми рұқсат етілуі де мүмкін. Себебі егіншілердің өзі карантин шектеулері кезінде басы өскен киіктердің егістік пен шабындықты таптап кетіп жатқанына шағымданды. Тұтастай алғанда, меморганның мәліметінше, 2 жыл ішінде Қазақстандағы киіктердің саны 334 мыңнан 842 мыңға дейін өсті. Мырзағалиев тұсында, биыл жаңа Экологиялық кодекс, Waste to Energy қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату тетігін енгізу жөніндегі заң және Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Қоғамда біраз сыналған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы әзірленді. Сондай-ақ жаңа Су кодексінің тұжырымдамасы және 2021-2025 жылдарға арналған геология саласын дамытудың ұлттық жобасы дайындалған.Экс-министр неден ұялуы керек?
Сонымен бірге министр экология мәселелерінде сауаты жетпейтін тұстар барын паш етіп, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатаң сынына ілікті. Оның жөні бар: гидрометеорологиялық экологиялық мониторингті дамыту бағдарламасына 2 миллиард теңге қомақты ақша бөлінгеніне (бұрынғыдан 25% өскен) қарамастан, министрлік атмосфералық ауаны бақылау бекеттерінің санын 146-дан 140-қа қысқартып, индикаторларды азайтып тастаған. Салдарынан тұрғындар ауаның улы түтінге бөгіп, денсаулыққа нұқсан тигізіп жатқанына шағымданады, ал экологтер не оның құрамын, не себебін дұрыс анықтай алмайды. М.Мырзағалиев қысқартулар себебін түсіндіре алмады, онымен қоймай бағдарламаларды шатастырып алды. Нәтижесінде, ауаның жай-күйі туралы ақпарат беру орнына депутаттарға өзендерге жүргізілген мониторинг туралы әңгімеледі. Содан кейін парламентшілерге «ультиматум» қойды: егер бюджеттен қосымша ақша бөлуді қолдаса, бұл индикаторларды жақсарту жұмыстары жүргізіледі. «Жоқ, біз қолдамаймыз! Бері қарашы, не үшін қолдауымыз керек? Не сандырақтап тұрсыз? Сізден өзендер мониторингін кім сұрады? Мәселе ауаның ластануына мониторинг жүргізу туралы. Экология министрі бола тұра, екеуінің айырмашылығын білмейсіз. Жеке секторда мұндай менеджерлерді ешбір жерге жұмысқа алмайтындай етіп, қуып шығар еді», – деген Мәжіліс Төрағасы ол Экология министрі ретінде «толық дәрменсіздігін көрсетті» деп бағалады. Есеп комитеті де атмосфералық ауаның ластануына мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету ісі кері кеткенін әшкереледі. Салдарынан Мемлекет басшысына биылғы Жолдауында осы салада қайтадан міндет қоюға тура келді. Рас, оны орындаумен жаңа министр айналысады. «Атамекен Эко» қорының төрағасы, эко-амбассадор Арман Хайруллиннің байламынша, қоршаған ортаны қорғауға тиіс меморган, керісінше ірі кәсіпорындардың соның бүлдіруіне кең өріс ашып берді. «Қазір Экология министрлігі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың ауаны ластауына, эмиссиялауына тым көп лимит-шек береді. Бұл кәсіпорындарға халықтың денсаулығын ойламауына, елемеуіне жол ашады, оларды ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге ынталандырмайды. Мысалы, ТШО-ның І жартыжылдықтағы шығарындылары іс жүзінде 28 073 мың тонна болды, министр осы мұнай алпауытына 120 537 мың тонна лимит берген. Қашағанды игеруші NCOC жартыжылдықта өз лимитінің небәрі 11,6 пайызын пайдаланған. Оған 108 348 мың тонна затпен ауаны ластауға рұқсат етіп қойды. Атырау МӨЗ-і сәйкес мерзімде 6 025 мың тонна улы зат шығарды, оған жылына 20 123 залалды зат төгуіне резерв ұсынылған», – дейді эколог. Салдарынан Теміртауда жыл сайын қара қар жауатын болды. Барлық өзенде, тіпті елорданы екі жарып ағатын, символдық мәні бар Есілде де балық жаппай қырылды. Өскеменде, Степногорда, өзге өнеркәсіптік қалаларда ауаның ластануына бақылау төмендеп кетті. Салаға бөлінген ақша жыл сайын көбейіп жатыр, тіпті ірі жер қойнауын пайдаланушылардан жиналатын эмиссия алымы мен айыппұлдар қоршаған ортаны жақсартуға бағытталмақ. Бірақ оның қайтарымы көрінбейді. Мырзағалиевтің командасында вице-министр қызметін атқарған қазіргі министр Серікқали Брекешев сала проблемаларымен жақсы таныс. Тек ол жаңа мандатын пайдаланып, салада қордаланған, шын мәнінде күлімсі иісі қолқаны атқан былықтан арылуға қарым-қабілет, тегеурінді қимыл танытады деп сенеміз.Елдос СЕНБАЙ