Экологиялық мәселелер талқыға түсті
Экологиялық мәселелер талқыға түсті
511
оқылды

«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы қоғамдық экологиялық кеңесі, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы, Ecojer қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесі мен «Табиғи орта» Батыс Қазақстан өңірлік ассоциациясы бірлескен жиын өткізді.

Күн тәртібінде 2020 жылдың ая­ғында Экология, геология және та­биғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиевтің келісуімен Маң­ғыстау облысының әкімі Се­рікбай Трұмов бекіткен облыстың эко­логиялық мәселелерін ке­шен­ді шешу бойынша Жол кар­та­сы­ның орындалу барысы туралы (қа­лалар мен аудандар әкімдіктері, облыстық басқармалар мен де­пар­таменттер) мәлімдемелер тың­­далды. Басқосуға бизнес-қо­ғам­дастық пен үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері және қоғам бел­сенділері онлайн форматта қа­тысты. Уақыттың тығыз болуы­на байланысты Жол картасының не­гізгі орындаушылары ретінде Маң­ғыстау облысы Табиғи ре­сурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков пен облыстық Эко­логия департаментінің бас­шы­сы Руслан Төкенов Жол кар­та­сының 36-бабының әрқайсы­сы­на жеке тоқталмай, 8 тарау бойын­ша әр тараудың орында­луы туралы баяндады. Басшылар елді мекендердің көгалдан­ды­рылуы мен «Қошқар-Ата» улы кө­лінің айналасына жасыл желек егу, осы улы көлдің рекульти­ва­ция­сы, облыс аумағындағы сани­тар­лық жағдай, жер ресурстары­ның тарихи ластануы, ауызсу тап­шылығы мәселелерін шешу бойын­ша атқарылып жатқан жұ­мыстар туралы айтып берді. Осы тұста «Nur  Otan» партия­сы Маңғыстау облыстық филиалы жа­нындағы қоғамдық эколо­гия­лық кеңестің төрағасы Әділбек Қо­з­ыбақов Жол картасының әр ба­бы бойынша нақты қанша қа­ра­жат қарастырылып, оның қан­дай мөлшері игерілгенін, іс жү­зін­де қандай нәтижеге қол жет­кі­зіл­гені, яғни іс-шаралар орын­да­лы­сы­ның толық есебін алу мақса­тын­­да қатарынан бірнеше жиын өт­кізуді ұсынды. Ал отырысқа он­лайн режимде қатысқан «Ата­мекен» облыстық кәсіпкерлер па­латасының директоры, Ecojer қауым­дастығының Маңғыстау об­лысы бойынша өңірлік эко­ло­гиялық кеңесінің тең төрағасы Рашит Мұстапаев Жол картасы қоғамдық бақылауға алынғаны жөнінде Экология, геология және та­биғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Серікбай Трұмовқа осы отырыс­тың хаттамасын жалғап, ресми хат жолдауды ұсынатынын жеткізді. Іс-шараға қатысушы Қазақстан тәжірибелі экологтері қауым­дас­тығының төрайымы Лаура Ма­ли­кова да бірқатар ұсыныс айтты. Сондай-ақ партияның облыс­тық филиалы жанындағы қоғам­дық экологиялық кеңес мүшесі, Маң­ғышлақ эксперименталды бо­­таникалық бағының бас дирек­торы Ақжүніс Иманбаева 2000 жыл­дары мемлекет тарапы­нан қаржы бөлініп, облыс аума­ғын­да бірқатар жерасты су ұңғы­масы жабылып қалғанын сынға алып, «соңғы жылдардағы қуаң­шы­лық жағдайы сол әрекеттің сал­дары­нан болуы мүмкін» деген ойын жеткізді. Өз сөзіне дәлел­де­ме ре­тінде сарапшы сол ұңғы­ма­лар жабылмастан бұрынғы және жа­былғаннан кейінгі өсімдік жа­­­мылғысының жай-күйін мысал ретінде келтірді. Бұл жер бетіндегі судың азаюы биоалуантүрліліктің жағдайына кері әсерін тигізгенін көрсетіп отыр. Қоғамдық экологиялық кеңес­тің тағы бір мүшесі, облыстық мәс­лихат депутаты Гүлнар Тас­бо­ла­това Мұнайлы ауданындағы тұр­мыстық қатты қалдықтар по­ли­гонының мәселесі шешілмей жатқанын тілге тиек етті. Халық қалаулысы­ның айтуынша, егер бюджеттен тиіс­ті қаржы бөлінетін болса, ха­лық саны жағынан еліміздегі ең үл­кен ауданда қоқыс мәселесі ше­шімін табар еді. Сонымен қатар жылдар бойы ушы­ғып тұрған «Қошқар-Ата» кө­лін рекультивациялау және Шет­пе ауылының маңындағы тас карьерлерінің ауаны шаңмен лас­тауы мәселелеріне де қоғам бел­сенділері тарапынан назар ауда­рып, нақты шара қолдану жөнінде халық атынан мемлекеттік орган­дар­ға талап қойылды. Бұдан бөлек, Ақтау қаласының ір­гесінде орналасқан құстың Қы­зыл кітапқа енген 22 түрі мекен­дей­тін Қаракөл көлінің мәселелері де жылдар бойы шешімін таба алмай жүргенін Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіру ко­митеті төрағасының орынбасары Әділбек Қозыбақов бұл жолы та­ғы қозғады. Халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптардың Рам­сар тізіміне енуге лайықты Қа­ракөл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына 2020 жылдың күзінде хат жол­дан­ған. Дегенмен күні бүгінге дейін оң шешімін табуы тиіс мәселелер өзекті болып қалуда.

        М.ХАҚНАЗАР