Жыл басынан бері Қызылорда облысында қызмет көрсету талаптарын бұзған мемлекеттік органның басшыларына жалпы сомасы 393 мың 795 теңге құрайтын 10 әкімшілік айыппұл салынған.
Айыппұл арқалаған басшылардың қатарында кент әкімі, аудандық бөлім басшыларынан бастап облыстық басқарма басшысы мен Қызылорда қаласының басшылығы да бар. Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында кездесетін заңбұзушылықтардың негізгі себебі – мерзімдерді сақтамау және қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім берудің мерзімін бұзғаны үшін Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарған кезінде қазіргі әкім орынбасары Бектас Нуридиновке 3 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Сондай-ақ жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекіту қызметінің тәртібі мен мерзімін бұзғаны үшін облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы 2 рет әкімшілік айыппұл төлеген. Бұдан басқа, Жаңақорған ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдерін үш ай ішінде екі рет бұзып, айыппұл арқалаған. – Жыл басынан бері Қызылорда облысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі есе артқан. Департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтер көрсету саласына бағалау және бақылау жүргізетін уәкілетті орган ретінде ай сайын мемлекеттік органдармен көрсетілетін қызметтерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, бұзушылықтарды анықтап, жауапты тұлғаларды әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартып отырады, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов. Айта кету керек, мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында заңбұзушылықтарға жол бергені үшін өткен жылы 12 әкімшілік хаттама толтырылып, 437 мың 257 теңге өндірілген екен. Соның ішінде Қызылорда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы 4 рет, Қызылорда облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы 3 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы