Қазақстандық оқушылар Балқан олимпиадасында бес медальға ие болды, — деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Балқан олимпиадасында қазақстандық оқушылар 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Зияткерлік жарысқа 18 елден жүзден астам оқушы қатысты. Командалық есепте Қазақстан ұлттық құрамасы 6-шы орынға тұрақтады. Еліміздің атынан Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан 6 оқушы қатысты. Жеңімпаздардың қатарында:- күміс медаль иегері Таир Сатубалдин;
- қола жүлдегерлер — Нұрасыл Әбдіразақ, Рахим Баймурзин, Юрий Тен, Батырхан Сакенов;
- Құрмет грамотасымен Сам Фетуллах марапатталды.
«Олимпиаданың турнирлік күнінде жас математиктердің алдына қиын міндет қойылды. Олар төрт тапсырманы шешуі тиіс болды. Біздің оқушылар Балқан елдері, сондай-ақ, Ұлыбритания, Италия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің білім алушылары қатысқан жарыста жақсы нәтижелер көрсетті», - деп атап өтті «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов.Биыл математикадан Балқан олимпиадасы 6-10 қыркүйек аралығында өтті.