"Жусан" операциясы аясында елге оралған әйелдердің 95%-ы діни теріс көзқарасынан бас тартқан
"Жусан" операциясы аясында елге оралған әйелдердің 95%-ы діни теріс көзқарасынан бас тартқан
Сурет: aceembelif

"Жусан" операциясымен елге оралған 188 әйелдің 95%-ы діни теріс көзқарасынан бас тартты. Олармен үкіметтік емес "Ақниет" ұйымының теолог және психолог мамандары оңалту жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлімдеді, – деп хабарлайды Informburo.kz сайты.

Сондай-ақ, ведомство жетекшісі 2020 жылы қабылданған "Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспардың" қалай жүзеге асып жатқанын баяндады.
"Жыл соңына дейін деструктивті бағытта жұмыс істеу ықтималдылығы жоғары топтардың 70%-ын қамтуды жоспарлап отырмыз. Цифрларға келетін болсақ, І жартыжылдықта әлеуметтік желідегі деструктивті топтарда тіркелген 84 мыңнан астам отандасымызды осы топтардан шығарып алдық. Бұл – үлкен көрсеткіш. Десе де, біліп-білмей сол топтардың соңынан теріс жолда кеткен азаматтарымыз да бар. Сондай-ақ, жыл сайын деструктивті материалдар саны артып келеді, өкінішке орай. Биыл 80 мыңнан астам материалды жойып, 300-ден астамын бұғаттадық", – деді комитет өкілі.
Ержан Нүкежановтың айтуынша, бұл шектеулер мәселені толықтай шешуге жеткіліксіз. Осы орайда, ол контрпропаганда шараларының ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Аталған шаралар аясында "Смартмедиа" жоспарын құрып, 300-ден астам маман өз біліктілігін арттырған.
"Өзіміз де қосымша ақпарат жариялап отырмыз. Мысалы, былтыр осы кезеңде – 26 мың материал, ал биыл 62 мыңнан астам материал жарияладық. Мұнымен қатар, деструктивті бағытқа, ағымға ауысып кетпеуі үшін азаматтармен жоспарлы түрде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мысалы, республикалық "Ақниет" үкіметтік ұйымымен тығыз байланыс орнаттық. Осы ұйымның теологтары мен психологтары "Жусан" операциясы арқылы елге оралған 188 әйелмен оңалту жұмыстарын жүргізді. Аталған 188 әйелдің 181-і радикалды көзқарасынан бас тартты. Бұл пайызға шаққанда – 95%", – деп қосты Ержан Нүкежанов.
Бұдан өзге, комитет жетекшісі діни университеттерде білім алып жатқан студенттердің теріс жолға түсіп кетпеуі үшін арнайы пікір алмасу алаңын құрғанын мәлімдеді.