"Алтын орда" жанындағы жолайрыққа 12 млрд. теңге бөлінген
"Алтын орда" жанындағы жолайрыққа 12 млрд. теңге бөлінген
©А.Ахметқазы
154
оқылды

Алматы облысындағы әйгілі «Алтын орда» базарының жанындағы жолайрық қараша айында пайдалануға беріледі. Құрылыс барысымен танысқан индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев жолайрықты межелі мерзімінде аяқтаймыз деп мәлімдеді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады. 

Айналма жолдағы жұмыстың 90 пайызы бітті, дейді шенеуніктер. Қазір жұмысшылар күні-түні екі ауысыммен көпір салып жатыр. Төрт жылдан бері жыр болған «Алтын орда» базарының жанындағы жолдың құрылысын көруге Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев келді. Жаңа тағайындалған мердігер компанияның өкілдері министрдің орынбасарын жұмыс барысымен таныстырды. Елордадан ат арытып келген шенеунік:
«Құрылыс осы қарқынмен жалғасса, жолайрық қараша айында пайдалануға беріледі» деп сенімді айтты.
Берік Камалиев асығыстық жолдың сапасына әсер етпеу үшін қадағалау жұмыстары арнайы зертханаға жүктелгенін де жеткізді. "Қазір, өздеріңіз көріп отырсыздар, жолайрықтың 90 пайызы бітті. Қазан айының аяғына дейін бұл жерде жұмыс аяқталады. Сапасын қарап отырамыз. Тексеріп отырамыз. Осы жерде зертхананың адамдары бар. Қазір сапа орталығы деген зертханалар құрдық. Олар аудандағы, қаладағы жолдарды қарайтын болады", - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев. Жолайрықтың құрылысы қазір қыз-қыз қайнап жатыр. Мұнда 240 адам күні-түні демалыссыз тынбай тер төгуде. Жұмысшылардың барлығы көпір салып жатыр. Осы эстакаданың қалаға кіретін 600 метрі бір аптадан кейін аяқталады деп жоспарланған. Одан кейін құрылысшылар шаһарға шығатын эстакаданың екінші бағытын салуға кіріседі. Ақшаны талан-таражға салып, мердігерлер сан рет ауысқан осы айналма жолдағы жұмыс жазда қайта жанданған. Эстакададан бөлек, он жолақты жолға асфальт төселіп біткен. Үш жолүсті өткелі де жасалыпты. Бірақ осы аяқталмаған көпірге келгенде көліктер кідіріп, ұзын-сонар кептеліс пайда болады. Ауқымды жобаны жалғастыруды қолға алған компания өкілдері тас жол барлық талапқа сай салынады, деп сендірді.
"Алматы облысы 9 балдық аймақ. Жоба барысында жер сілкінісі де қарастырылған. Бізде барлық құрылыс материалдары сапалы. Оған шүбә келтірмесеңіз болады. Сапаны тексеретін орган да жеткілікті. Құрылысшылар қазір екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Мереке күндері де ешкім демалмайды. Мақсатымыз – жобаны келісілген уақытта аяқтау", – деді жоба жетекшісі Исмет Абилов.
Жүргізушілердің жүйкесін жұқартқан «Алтын орда» жолының құрылысына бақандай 12 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Осы уақытқа дейін қомақты қаржының жартысы игеріліпті. Атқамінерлер жолайрықты толық аяқтауға қазынадан қосымша ақша бөлудің қажеті жоқ деп отыр. Төрт шақырымдық жолайрық алдағы уақытта облыс пен қала арасындағы қозғалысқа дем береді деп күтілуде.