Елдос СМЕТОВ: Алтынға бергісіз қола жүлдені еншіледім
Елдос СМЕТОВ:  Алтынға бергісіз  қола жүлдені еншіледім
© Жеңіс Ысқақбай – фото
220
оқылды

Таяуда дзюдодан Токио Олимпиадасының қола жүл­дегері Елдос Сметовпен әң­гі­мелесудің сәті түсті. Ел мақ­танышына айналған танымал спортшы төрткіл дү­ние көз тіккен әлемдік додадан алған әсерімен бөлісті. Ендеше Елдоспен болған сұ­х­батымызды назар­ла­рыңызға ұсынамыз.

– Елдос, сіз Токиодағы ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарында ел қоржынына алғашқы қола медальді сыйладыңыз. Осылайша, қата­рынан екі Олимпиадада жүлдегер атандыңыз. Қандай сезімде бол­дыңыз? Жапония жерінде өткен төртжылдықтың басты додасын қысқаша қорытындылап өтсеңіз. – Бұл менің екінші Олимпиадам болғандықтан, оның үстіне Риода күміс алғандықтан, Токиоға Олимпиада алтынын ала­мын деген мақсатпен бардым. Бірақ Олимп шыңын бағындыру осы жолы да бұйырмады. Десе де, бұл қола жүлденің мен үшін орны бөлек. Ең бастысы, күншығыс еліндегі дүбірлі додадан соң маған деген халықтың қошеметі, сый-құрметі артпаса кеміген жоқ. Ті­леулес болған жандардың бәрі ал­тынға бергісіз қола жүлдені ен­шіледік деп қуанды, құттық­тады. Осындай жанкүйерлерім мен жанашырларым барда мен де ешқашан қолдаусыз қалмайты­ным­ды сезіндім. Жарыс алдында да мұндай жетістікке қол жеткізетініме, Токио төрінен жүлдемен оралатыныма сенімді болдым және сендім. Марапаттау рәсі­мінде жүлдегерлер қатарынан көрінгенімде кеудемді қуаныш кернеді. – Жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы Такатомен кез­дестіңіз. Он минуттан артық уа­қытқа созылған белдесу жапония­лық балуанның жеңісімен аяқ­тал­ды. Сол кездесуге тоқталайықшы. Жеңіс тұрғынынан көрінуге не жетіспеді? – Маған ол белдесуде такти­калық тұрғыдан да, физикалық жағынан да аса қатты қиын болған жоқ. Қалай десем болады, Такато екеуміз бұған дейін бірнеше рет белдескен соң бір-бірімізді әбден зерттеп, толық танып алдық. Сондықтан әп дегеннен ол менің шабуылдарыма тойтарыс берді, мен де оның шабуылдарына лайықты түрде жауап қаттым. Сол себепті кездесу де ұзақ­қа созылды. Жарыс қоры­тын­дысы бойынша қарсыласым жеңімпаз атанды. Бірақ мен жеңілісіме еш өкін­беймін. Бұл да мен үшін үлкен тәжірибе болды десем болады. – Елге келгенде отандас­та­рыңыз қалай қарсы алды? Мемлекет тарапынан қандай қолдау көр­сетілді? Маңғыстаулықтар да ерекше сый-құрмет танытқан екен. – Елге келе сала әуежайдан бір топ жанкүйерім, жақындарым мен жанашырларым құрмет-қошеметпен күтіп алды. Темір тұлпардың кілтін қолыма ұстатты. Еңбегімізді бағалап, осыншама сый-құрмет көрсеткені мерейімді тасытып, қуанышқа кенелтіп, мені одан сайын жігерлендіре түс­ті. Сіздерге көп рақмет. Арқасүйер халқымның арқасында елдің баласына айналып отырмын. Мені, отбасымды қуанышқа бөлеп, теңдессіз сый-сияпатты арнап, ілтипат көрсетіп жатқандарыңызға мың алғыс. Әсіресе, Маңғыстау жұртының қонақжайлығына ерек­ше риза болдым. Ақтауға келгенде құшағын жайып қарсы алған Әділ Бейсенқұл ағайыма, оның шәкірттері Айбек пен Мирасқа ризашылығымды білдіргім келеді. Ақтаудан үйдің кілтін қолыма табыстап, теңіз жағасынан жер телімін сыйлады. Бұл тұста мемлекеттен де үлкен қолдау көрсе­тілгенін айта кеткен жөн. Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «ІІІ дәрежелі Барыс» орденімен марапатталдым. Өзге де жүлдегер спорт­шыларға құрмет көрсетілді. Бізді қандай жағдай және нәтиже болмасын қолдап, үнемі демеп отырған Мемлекет басшысына, халқыма дән ризамын. Токио Олимпиадасы тарих қойнауына кетті. Президентіміз айтқандай, бұл Олимпиада біздің келесі кезеңге бүгіннен бастап қамдануға және ел спортына аса назар ау­да­руға себепкер болды. Кәсіби спорт­шылар бұл тұрғыда көп ұза­май жаңа олимпиадалық циклге дайындықты бастайды. Осыған орай мен де жақында жақсы жаңа­лығыммен бөлісетін боламын. – Сіздің басты арманыңыз – Олимпиада алтынын алу екенін көпшілік жақсы біледі. Сол арманға қол жеткізу үшін 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасына барасыз ба? Алдағы мақсат-жоспарыңыз қандай? – Алдағы мақсат-жоспарым туралы айту әлі ерте деп ойлаймын. Қазір үлкен жарыстан соң сәл үзіліс алып, тынығудамын. Біраз уақыт өткен соң бәрін асық­пай таразылап, Париж Олимпиадасына бару-бармау жөнінде нақты шешім қабылдаймын. Сол кезде бұл сұрақтың да жауабын біле жатарсыздар. Әзірге аман­дықта жүздескенше дегім келеді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ