Жылқыны көліктің артқы орындығына сыйғызып, тасымалдаған ұры ұсталды
Жылқыны көліктің артқы орындығына сыйғызып, тасымалдаған ұры ұсталды
388
оқылды

Ол ұрланған жылқыны тірідей жеңіл көлік салонына сыйғызған.

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері тиісті іс-шараларды өткізу барысында мал ұрлығымен айналысқан Ұлан ауданының 31 жастағы тұрғынын анықтады. Ұры малды жайылымынан тірідей ұрлап, көлігімен алып кетіп, содан кейін ғана оған сатып алушы іздеген. Ең қызығы, ол жануарларды тірілей көліктің салонында артқы орындыққа сыйғызып, оқиға орнынан әкетіп отырған. Бірақ қыркүйек айының басында кезекті ұрлығының үстінен түскен полицейлер ұрланған жылқымен бірге полиция бөліміне жеткізген. Артынша жылқының иесі табылған. Алайда ол малының жоғалғаны туралы мүлдем білмеген.    width= Қазіргі уақытта тергеу органы күдіктінің жылқылар мен бұзауларды ұрлауға, оның ішінде өткен жылдары жасалған мал ұрлықтарына қатысы барын анықтап жатыр.

ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметовтың айтуынша: «Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда, ұрланған малды сатып алушылар анықталуда. Күдіктінің іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (мал ұрлығы) бойынша сараланады, оның санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жазаны көздейді».

Биыл мал ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершілікке облыстың 52 тұрғыны тартылды, қылмыстың осы түріне маманданған 7 қылмыстық топ қызметінің жолы кесілді. Полиция департаменті мал жаю ережелерін сақтау, әсіресе, түнгі уақытта малды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Жадыра МҮСІЛІМ