«Nur Otan» партиясының Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы «Жастар жылы» аясында «Жас маман» жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Аталған жобаның басты мақсаты – елімізде ең көп талап етілетін 100 кәсіп бойынша 180 колледж бен 20 университетті жаңарту мен білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу.
Аталған жоба негізінде атқарылған жұмыстармен танысу үшін Шымкентке Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова арнайы іссапармен келіп, бірқатар оқу орнын аралады. Сонымен қатар ол «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын Шымкент қаласы бойынша іске асыру мақсатында әзірленген Жол картасының орындалуы бойынша бірнеше мектептің оқу процесімен танысты. Мәжіліс депутаты алдымен қаладағы №5 «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің» ұжымымен кездесіп, оқу орнының материалдық-техникалық жағдайын көрді. Аталмыш білім мекемесінде бүгінде мыңнан аса шәкірт тәрбиеленуде. Олар тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, тігінші, арнайы тігінші, модельер-пішуші, техник-технолог, тоқыма өндірісі, тоқыма машинасының операторы мамандықтары бойынша білім алуда. Одан соң халық қалаулысы Шымкенттегі «Жол-көлік колледжіне» барды. Аталған білім мекемесінің «Жас маман» жобасы бойынша материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарттар талабына сай соңғы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін мемлекет есебінен қажетті қаражат бөлінген. Соған сәйкес, оқу орнындағы «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Теміржол көлігіндегі автоматика, телемеханика және қозғалысты басқару» мамандықтары бойынша еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлау, олардың кәсіби біліктілігін дамыту мақсатында 264 млн теңгеге қажетті құрал-жабдық сатып алынған. «Жас маман» жобасы бойынша колледждің автомеханика бөлімі мен теміржол бөлімдерінің зертханалары мен кабинеттері талапқа сай заманауи құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар гараж кешенінде зертханалық кабинет ашылып, жаңа құрал-жабдық орнатылыпты. «Жас маман» жобасы аясында «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша – 33, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша – 9, «Теміржол көлігіндегі автоматика, телемеханика және қозғалысты басқару» мамандығы бойынша 22 атаулы құрал-жабдық алынған. Жалпы «Жас маман» жобасы аясында колледждердің материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарттар талабына сай, соңғы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – білім сапасын көтеру жолында оң серпін берері сөзсіз. Жұлдыз Досбергенқызы бет алған кезекті нысан «Сайрам көмекші интернат-мектеп-колледжі» болды. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Сайрам көмекші мектеп-интернаты» мекемесінің ескі ғимараты толық сүріліп, оның орнына заманауи талапқа сай жаңа ғимарат бой көтерген. Алғашында балалар үйі болып құрылып, кейіннен көмекші мектеп-интернаты қызметіне көшкен нысан енді «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледж» арнайы кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы