Биыл еліміздің бірқатар өңірінде қарапайым кебек бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін қымбаттады. Мысалы, Ақтөбедегі ұн комбинаттары бидайдың 1 тоннасы үшін 110 мың теңге, ал қалдық саналатын кебектің 1 тоннасы үшін 90 мың теңге сұрайды. Осыған орай антимонополиялық орган нарық қатысушыларының баға бойынша ымыраласуын тексеруге кірісті.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өңірдегі кебек сату нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізе бастады. Талдау жүргізуге Ақтөбе облысында кебек бағасының күрт өсуі негіз болды: бұл мал өсірушілердің алаңдаушылығын туғызды. Облыс фермерлерінің ақпаратынша, осы жылдың көктемінде кебектің 1 тоннасы 57 000 теңге ғана болған. Қазір тоннасының бағасы екі еседей, яғни 90 000 теңгеге дейін өсті. Талдау қорытындысы бойынша, кебектің қымбаттауы қаншалықты негізді екені анықталып, баға берілетін болады. Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері анықталған жағдайда монополияға қарсы ден қою шаралары дереу қабылданады.Ерік ЕРДЕНОВ