Кәсіпкерлер кебек экспортын шектеуге қарсы
Кәсіпкерлер кебек экспортын шектеуге қарсы
204
оқылды

Биылғы қуаңшылық малға да, жанға да ауыр тиіп тұр. Алдағы қыстан қысылмай шығу мақ­са­тында Қазақстанның сыртқы сауда саясаты және халықаралық эконо­микалық ұйымдарға қа­тысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 15 тамыздан бастап алты айға жем­шөп, атап айтқанда 5-санатты жұмсақ бидай, арпа, сондай-ақ жом мен күнжара экс­портына шектеу енгізу туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда Астықты қайта өңдеу­ші­лер одағына Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінен келген хатта бұл тізімге ке­бек те енгізіліпті. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер кебек экспортын шектеумен келіспей отыр. Олардың ойынша, бұл шектеу жемазық тапшылығы мәселесін шеше алмайды.

Солтүстікқазақстандық ди­қан­дар жыл сайын 5 миллион тон­надан астам астық жинайды. Биыл 3 миллион гектар алқапқа – дәнді дақылдар, 0,9 миллион гектар жерге – майлы дақылдар және 0,3 миллион гектарға жема­зық егілген. Дегенмен астықты ай­мақта жыл сайын мал азы­ғының бағасы шарықтап барады. Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының дирек­торы Әлібек Ашметовтің айтуын­ша, бір ­тон­на шөптің бағасы Айыр­тау ауданын­да – 1,9 есе, Тайын­ша ауданында – 1,8 есе, Жамбыл және Қызылжар аудан­дарында 20 пайызға қымбаттаған. Бұған фермерлерді кінәлау да орынсыз, өйткені олардың шығындары да биыл 20 пайызға артқан. Кәсіпкерлер қалыптасқан жағдайды тек құрғақшылықпен байланыстыру дұрыс емес деген пікірде. Олардың ойынша, бұл дағдарыс былтыр қыста кебектің бағасы 70 000 теңгеге жеткен кезде басталған. Ал диірмендер өз жұ­мысын тоқтатқан соң баға тіпті шарықтап кеткен. Соңғы жылдары елімізде диір­мендер саны күрт азайды. Қазір қолда бар 270 кәсіпорынның 160-тан астамы жұмыссыз тұр немесе банкке кепілге қойылған. Олардың көбі астық бағасы қымбаттап бара жатқан­дық­тан және экспорт қиындықтарына байла­нысты жабылып жатыр. Ағымдағы қиындық­тар шешілмесе, бұл салада жұмыс істейтін адамдардың 60 пайызы жұмыссыз қалу қаупі бар. Кәсіпкерлер осыны айтып, дабыл қағуда. Тимирязев ұн үгу комбинатының бас директоры Иса Аллахяров шикізат бағасының шарықтауына байланысты жұмысшыла­рының 80 пайызынан айырылғанын айтады. «Шықпа, жаным, шықпа» деп отырған кә­сіпорын бір жыл­дан бері қалт-құлт етіп, күнін әрең көріп келеді. Иса Мехтиоғлының ай­туынша, кебек экспортқа жіберілмесе, қой­малар толып, ұн өндіруге мүмкіндік болмай­ды. Өйткені кебек сақтауға арналған қосым­ша қоймалар жоқ. «Қазақстанға ұн да керек. Оңтүстік өңірлерде кебек сатып алушылар аз. Кебек ішкі нарыққа да, экспортқа да жетіп артылады. Ішкі нарық кебектен қор жинауға дайын емес. 3-4 жыл бұрын кебек тасымалына вагон тапшылығы сезіліп, ел басшылығынан көмек сұра­ғанбыз. Сол кезде 3-4 тонна ке­бекті далада сақтауға мәжбүр болдық. Жаңбыр мен қардан ол шіріп, шығынға батқа­нымыз есімізде», – дейді Иса Аллахяров.

МӘСЕЛЕ – ШИКІЗАТТА

Қазір астықты өңірде мал азығы тапшы. Бұл – бар шикізаттың, яғни бидайдың экс­портқа шығарылғанының нәтижесі. Халық қыс түспей жатып қол­дағы малын сатуға мәжбүр. Иса Мех­тиоғлының сөзімен айтсақ, тауығын да асырай алмай отыр. Бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлер бидай экспортына мемлекетік баж салы­ғын енгізу керек деген пікірде. «Одан мемлекет те, халық та ұтылмайды. 20 пайыз болса да бұл қаржы бюджетті толықтырады. Әрі шикізат бағасы ұнның құнымен теңеледі. Сол себепті өзге елдер «Қазақстаннан шикізат алған тиімді ме, әлде дайын өнім алған дұрыс па?» деген ойға қалады. Шикізат үшін бюд­жетке қосымша төлем төлеу керек. Дайын өнім­­ге басымдық берілсе, елі­мізде қо­сым­ша жұмыс орындары ашы­лады, са­лық мөлшері көбейеді» деген ойын біл­дірді ұн үгу комби­натының бас директоры. кебек экспорты Әріптесінің пікірін қолдаған Астық­ты қайта өңдеушілер одағының Сол­түстік Қа­зақстан облысы бойынша өкі­лі, «СевЕсиль­Зерно» ЖШС-нің ком­мер­циялық директоры Таисия Ко­легова да осындай пікірде. «Бүгінде жемазық мәселесі тек ауыл шаруашы­лығы тауарын өндірушілердің ғана емес, қатардағы қарапайым тұрғындардың да бас ауруына айналып отыр. Сондықтан Үкіметке шикізат бағасын тұрақтанды­рып, соның есесінен халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен мал азығын арзандатудың ма­ңызды екенін жеткіз­гіміз келеді. Бұл әрбірден соң отандық тауарды арзандатуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл ретте шикізат, яғни бидай экспортына шектеу қойып, бағасын реттеу маңызды», – деді ол. Аграрлық-өнер­кә­сіптік одақтың есебін­ше, бір тоннаға 8 500 теңге белгіленсе, отандық ұқсатуды ынта­лан­дыруға жеткілікті баға айырмашылығы пайда болады. Сондай-ақ одақ ауыл шаруашы­лығы тауарын өндірушілерге ең төменгі маржалық табыстың 10 пайызы мөлше­рінде суб­сидия беру тетігін қарастыруды ұсынады. Бұл олардың астықты ішкі ұқсатуға беруін ынталандырады әрі бидай құны арзандаса, шығындарын өтеуге сеп. Астық экспортына кеден салығын төлеу тәжірибесі көршілес Ресейде бар көрінеді. Әрі өз жемісін де беріп отыр екен.

ДАҒДАРЫСТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Ал біздің астық өндірушілерді әзірге им­портшылар өзіміздің нарығымыздан ығысты­рып отыр. Дейл Карнегидің лимоннан лимо­над жаса дегені секілді, олар қазақстандық бидайдан жасалған ұн, кеспе, макарон сияқ­ты өнімдерді өзі­мізге бірнеше есе қымбат бағаға ұсы­нады. Сондықтан кәсіпкерлердің пікі­рін­ше, астықты қайта өңдеу саласының болашағы – терең өңдеуде. Бұл – импорт ал­мастырудың негізгі факторы. Әрі мал азығына да қатысты мәселе туындамайды. Астықты қайта өңдеушілер одағын­да­ғы­лардың ойынша, енгізілген шектеу­лердің осы сала субъектілерін қолдауға да, бағаны ырық­тандыруға да көк тиын пайдасы жоқ. Мұны былтыр ұн экспор­тына енгізілген шектеулер дәлелдеп берген. Ал қазір кебектің тапшылығын кәсіп­кер­лер диірменнің бос тұрғанымен байланыс­тырады. «Күзгі орақтан соң жағдай тұрақтала­ды», – дейді олар. «Экспортқа еш шектеусіз-ақ ішкі нарық кебекке лық толады, әрі бағасы арзан­дайды. Кебек – бидайдан ұн үккен кезде пайда болатын қалдық өнім. Ендеше бидай бағасы қымбаттаған сайын, кебек те қым­бат­тайды. Соңғы бес жыл ішінде кебек экс­пор­ты­ның көлемі азайып бара жатқаны байқа­ла­ды. Былтыр өндірілген кебектің тек 20 пайызы экспортталды. Мұндай азын-аулақ көлем ішкі нарыққа айтарлықтай әсер ете қоймайды. Оның үстіне, бұл қалдық жемазық болып есеп­телмейді. Қара мал азығының 8-10 па­йы­зы ғана кебек, ал құс шаруашылы­ғында ол мүлдем қажетсіз, өйткені құс өсіру­шілер жоға­ры протеинді ақуызды жем­азыққа кө­бірек қызығады», – дейді Таи­сия Хонак­ме­довна. Оның айтуынша, мал азығы мен азық-түлік бағасын тұрақ­тандыру қажет бол­са, оның сал­дарымен күресудің қажеті жоқ, себебін табу керек. Ал себеп сол шикі­затқа келіп тіреледі. «Тығырықтан шығудың жалғыз жо­лы – шикізат экспортына міндетті баж салығын енгізу. Сонда ғана жемазық жеткілікті бол­мақ, жұмыс орындары да сақталады, кәсіп­орын­дар да толық қуатында жұмыс істейді. Ал кебек экспортын шектеу ішкі нарықты мал азығы­мен қамтамасыз ету мәселесін мүлдем шеше алмайды», – дейді Ти­мирязев ұн үгу комбина­тының бас дирек­торы Иса Аллахяров. Астық өңдеушілердің айтуынша, олар кебектің басым бөлігін онсыз да ішкі на­рықта, әсіресе облыс аумағы мен оңтүстік өңір­лерге сататын көрінеді. Былтыр Өзбек­стан 3,5 миллион тонна қазақстандық бидай­ды сатып алып, өзін-өзі кебекпен толықтай қамтамасыз еткен. Қытай бағыты теміржол­дағы қиындықтарға байланысты қазір жабық. Диірменшілер шенеуніктердің ұқ­са­тыл­ған тауарға тіреліп, ал шикізат экс­портын неге шектемей отырғанын тү­сін­бей дал. Олар­дың жорамалдауынша, егер осылай жал­ғаса берсе 2022 жылдың қы­сында мал азығымен және азық-тү­лікпен қамтамасыз етудегі дағдарыс­тың жаңа кезеңі басталады. Себебі бас­қасын айтпағанда, сөз болып отыр­ған кебектің өзін өндіретін шикізат қалмайды.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы