Белсенді партиялардың заманы келе жатыр – Айдос Сарым
Белсенді партиялардың заманы келе жатыр – Айдос Сарым
501
оқылды

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында еліміздегі саяси жаңғыру жә­не адам құқығын қорғау мәселесіне үлкен көңіл бөлінгені белгілі. «Сая­си жаңғыру процестерін кезең-кезеңімен жүзеге асыру – мем­ле­кетіміздің стратегиялық курсының басым бағытының бірі. Соңғы екі жылда біз бұл салада бірқатар елеулі өзгеріс жасай алдық. Митинг өткізу үшін алдын ала ескерту қағидаты жазылған жаңа заң қабылданды, партиялардың Мә­­­­жіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне «бә­­­ріне қарсымын» деген баған қосылды» деген болатын Президент. Осы орай­да пікірін білмекке Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы Аза­маттық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамыту жөніндегі Рес­пуб­ли­калық қоғамдық кеңестің төрағасы Айдос Сарыммен сұхбаттасқан едік.

– Айдос Әміроллаұлы, осы соңғы өзге­ріс­тер бойынша сайлау процедураларынан өткен депутаттың бірі өзіңізсіз. Сондықтан са­рапшы ретінде ғана емес, саяси қызметкер ре­тінде не айтар едіңіз? Саяси жаңғыру өз дәре­жесінде, өз ауқымында жүзеге асып жа­тыр ма? – Бүгінде қоғам ішінде сан алуан әң­гіме бар. Соның бірі – саяси рефор­ма­лар­дың жылдамдығы мен бағытына қатысты әңгіме деуге болатын шығар. Бұл жерде екі нәрсені ашық һәм анық айтуға болады. Ел­дің реформа, жаңғыру жолына түскені – айқын дүние. Біреуге ұнасын-ұнамасын, реформа жолы – Қазақстан мемлекетінің эволюциясының сара жолы. Екіншіден, еліміздегі реформалардың ішкі, заңды жолы мен бағыты айқындалған. Ешкім де реформаны мемлекетті әлсіздендіру, оның пәрмені мен күшін әлсірету үшін жасамақ емес! Реформалар мемлекетті нығайту, оның қоғамдық қолдауын күшейту үшін жүзеге асырылып жатыр. Саяси рефор­ма­лар еліміздің қоғамдық, саяси, экономи­ка­лық және әлеуметтік даму үрдістерін ес­кере отырып жүргізіледі. Кез келген ре­­форманың мақсаты мен түпкілікті бе­нефициары – халық, қазақ қоғамы. Басты идея – қоғам мен билік арасын жа­қындату, азаматтардың әл-ауқатын, бақуаттылығын жақсарту, әрбір азаматты мемлекет пен билік ісіне жақындату. Егер осы кезге дейін елдегі жағдай мен оның даму үрдіс­терін негізінен күшті және ық­палды билік жүзеге асырып келсе, енді даму үрдістері биліктің қоғаммен етене жақындасып, қоғамның, белсенді топ­тардың билік ісіне барынша жақындасуын, етене араласуын талап ететін кезеңге келдік. Бұл екіжақты жауапкершілікті, та­лапшылдықты, мәмі­ле­герлікті қажет ететін кезең екені анық. – Қазақстан – президенттік-парла­мент­тік мемлекет. Саяси реформалардың соңғы бір асуы – осы. Бұл басқару формасының потен­циалын қаншалықты пайдаға асырып отырмыз? Жалпы, елімізде соңғы 30 жылда саяси реформалардағы сабақтастық қан­шалықты үзілмей жалғасып келеді? Одан да өзге қандай ой қосар едіңіз? – Өз ойым, Қазақстан қашан да өзінің конс­­титуциялық векторы мен форматы – президенттік-парламенттік респуб­ли­ка­дан бас тартпауы керек. Бұл – кемі алдағы 15-20 жылда бізге ауадай қажетті формат. Еліміздің ішкі және сыртқы жағдайы, ішкі құрылымы мен геосаясаты бізді ықпалды, бірегей және күшті мемлекет болуға итер­мелейді. Ал оның алғышарттары мен үрдіс­терін қамтамасыз етудің жалғыз және баламасыз жолы мен құралы – жауапты, беделді президенттік билік екені хақ. Президент институтын әлсіретпей, кері­сін­ше күшейте түсу қажет. Қорғаныс, ха­лықаралық қатынастар, елдің бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету бағытында президенттік институттың пәрмені мен әлеуеті аса түсуі де керек болар. Ал эконо­ми­калық даму, әлеуметтік қарқындау б­а­ғы­тында заң шығарушы, өкілетті ор­ган­дардың ықпалы мен беделінің артуы, ат­қарушы биліктің оларға деген тәуел­ділі­гінің артуы да заңды. Бүгінгі реформа­лар  дәл осы бағытта іске асырылып жатыр. – Демократиялық процестердің ал­ғы­шар­ты – теңқұқылық десек, биылғы әкім сай­лауы ауылдықтар көптен күткен саяси про­цесс болды. Оны олардың белсенділігінен аң­ғаруға болады. Мұндай сайлау пилоттық режимде бұған дейін де болған еді. Ендеше оның жүзеге асу деңгейі, дәстүрлі басқару форматымен интеграциялануы қаншалықты пісіп-жетілді? Бюджет, өкілеттік, бағыныс­ты­лық, есептілік мәселесінде проблемалар бар ма? – Қазақ елі ауыл, аудан, қала әкімдерін сайлаған кезде нені көздейді? Ең алдымен, билік­тің қоғамға, халыққа жақын болуын көздейді. Елдегі жұрттың басым көпшілігі аймақтарда тұрады. Олар Үкіметті, ми­нистр­лерді күнде көре де, іздей де бермей­ді. Олардың негізгі мәселесі, сұрағы мен сұрауы сол өздері тұратын аймақта шешіледі, шешімін табады. Бәлкім, 90-95 пайыз мәселесі ауылдан, ауданнан, қала­дан аспайтын мәселе де болар. Биліктің осы тарабы мен деңгейінің халыққа аса жақын болуы, қоғаммен етене араласып, қоғамның ішінен шығып, тыныстауы – абсолютті заңдылық. Ауыл, аудан, қала әкімдерін қоғамның өзі таңдап, өзі сайлауы – еліміздегі реформалардың заңды һәм логикалы кезеңі, межесі. Пре­зиденті мен парламентін сайлауға қа­бі­летті қоғам, әкімдерін де сайлай алатыны еш күмән тудырмайды. Елді біріктіру, тұтастандыру, жинау үшін бізге мықты, беделді, белсенді, әрбір ауыл-ауданға дейін өкілдерін жеткізген жалпыұлттық партиялар ауадай қажет. Саяси партиялар мәжіліс пен мәслихаттарды құрайды, қо­ғамның саяси векторы мен даму үрдістерін айқындайды, елді жинап, ұлттық күн тәртібін айқындап отырады. Ал жекелеген азаматтар, партия мен қозғалыстарға сый­майтын тұлғалар өзін жекелеген аймақ­тық сайлауларда танытып, өздерінің консти­ту­циялық құқықтарын жүзеге асыра ала­тын үрдіске қол жеткіздік. Қоғам қоғам болған соң бөлінбей, жіктелмей тұрмайды. Олай болса, қоғамның конституциялық, заңды институттарға арқа сүйеп, ел мен мем­лекетті жоққа шығармайтын институт­тар аясында тіршілік жасағаны, айтысқа­ны, тартысқаны дұрыс. Ру, тайпа, секта, теріс ағым болып айтысып-тартысқанша, саяси партия, саяси қозғалыс болып ай­тысып-тартысқан дұрыс. Елдегі саяси пар­тиялар ауыл-ауданға дейін жетіп, тұрақ­ты өкілдіктерін ашуы тиіс. Бізге екі-үш мегаполисте отырып әләулайын ай­тып, ашыла сайрайтын емес, әрбір аудан­дық мәслихатқа тізім, әрбір ауыл әкімінің сайлауына кандидат ұсына алатын пар­тиялар қажет. Сонда әрбір партияның бағ­дарламасы жалпыұлттық реңге, сапаға, сарынға ие болып, радикалды, экстремис­тік бағыттан ада болады. Бір облысы екін­ші облысына ұқсамайтын, тіпті бір об­лыстағы аудандары бір-бірінен өзгеше кең-байтақ ел үшін дәл осындай ұстаным керек сияқты. – Билікті орталықсыздандыру, ол – біз­дің мемлекеттің тәуелсіздік алғаннан бері баяу да болса табандылықпен беттеп келе жат­қан саяси бағыты. Ендеше азаматтық бас­тамалар мен әлеуметтік белсенділікке қосар ұсыныс-тілектеріңіз бар ма? – Жұртпен кездескенде мен кейде мынадай мысал айтамын. Егемен тіршілік жасап жатқанымызға 30 жыл толайын деп жатыр. Осы 30 жылда еліміздің аймақ­тарын­­да белгілі бір топ немесе партия шы­ғып, «Әй, айналайындар, біздің облыс­тың немесе ауданның спорт немесе көлік бағдарламасы дұрыс жасалмаған, біз оны­мен келіспейміз, сондықтан балама бағ­дарламасын жазып береміз» деп айтып көрмеген! Балама бюджет дегенді айтпай-ақ қояйын! Арыз жазу, донос жазу дегеннен Кеңес кезінен кенде емес шығармыз. Бүгін­де аспанды жерге түсіріп, айналаны ба­лағаттап, әлеуметтік желіде батыр болу­ды да меңгерген шығармыз. Бірақ шын саясат, нақты саясат – заң шығару мен бюджетті бекіту. Заң мен бюджетті негізі­нен білімі, хабары бар, артында ғылыми және сараптамалық потенциалы бар топ­тар мен күштер жүзеге асыра алады. Осы күндерден бастап біздің ел ай сайын, тоқ­сан сайын сайлауы тұрақты өтіп тұратын елге айналып келеміз. Қай жерде сайлау өтеді, қай орын босады, біздің жігіттер мен қыздарымыз дайын дейтін белсенді пар­тиялардың заманы келе жатыр. Тек қана адамы мен азаматы емес, нақты ойы мен қағазға түскен бағдары мен бағдарламасы бар партиялардың заманы туындап келеді. Мұның өзі гуманитарлық саланың, зиялы ортаның мүлдем жаңа сапасын, мүлдем өзгеше сарынын талап етеді. Шындап келсе, бізде, әсіресе аймақтарда гумани­тарлық революция қажет. Саясаттанушы, философ, экономист, заңгер, дінтанушы, әлеуметтанушыларға деген сұраныс еселеп артуы тиіс! Сонда ғана елдің әрбір айма­ғы­ның дұрыс дамуын қамтамасыз ете ала­мыз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ