Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі танымал археолог Андрей Астафьевтің Каспий теңізінде 200 жылдан астам уақыт бұрын болған кеменің бұрандалары мен шегелерін тауып алғанын хабарлады.
Ескі кеменің қалдықтары Түлкілі сай елді мекеніндегі Түпқараған ауданында теңіз түбінде жатқан. Археологтің мәліметінше, кеме ХVIII ғасырдың аяғында Каспий теңізінде қираған. Кеменің ағаш бөлшектері су бетінде қалқып, уақыт өте келе жойылған болса, темір жабдықтары су түбіне шөккен. Жылдар өткен соң, су деңгейі өзгеруіне байланысты бұл жәдігер құрғақ жағалауда қалып қойған. Андрей Астафьев бұл олжаны Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырған. Бұл археологтің музейге тарту еткен жалғыз жәдігері емес. Қарақабақ қаласында өткен археологиялық қазба жұмыстары кезінде ол үңгірден арқан мен ілмек тауып алған. Бұл суға кеткен сол кеменің жабдықтары болар деген болжам бар. Кеме бірнеше ғасыр бұрын салынғанына қарамастан, бұл бөлшектер құрғақта қалып қойғандықтан жақсы сақталған.А.АЙДАРҚЫЗЫ