Белсенділердің Кіші Талдыкөл мәселесі бойынша әкімдікпен күресіп жүргеніне 2 жылға жуық уақыт болды. Қазір бұған ел іші ғана емес, әлем назарын аударып отыр. Экологтер де осы мүмкіндікті пайдаланып, істің соңына дейін жетуге дайын. «Билік базынамызға назар аудармаса, халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінеміз» деп сақадай-сай жүргендері тағы бар. Ал жергілікті әкімдік неге белсенділермен «мысық-тышқан» ойынын ойнап жүр?
Картада көл бар ма, жоқ па?
Иә, экологтер мен белсенділер Кіші Талдыкөлге көмек акциясын 2020 жылдың ортасынан бастаған. Бұған «елорда әкімдігі Кіші Талдыкөлді құрғатайын деп жатыр» деген ақпараты себеп болған. Табиғат жанашырлары топтасып, қарсылық акциялары басталған соң атқарушы орган позициясын өзгертіп шыға келген. Осылайша, өткен жылдың желтоқсанында көлдің территориясын ұлғайту туралы шешім қабылдаған. Сөйтіп, «көл орнына үй салу» ісі көзден бұлбұл ұшқан. Белсенділер енді жағдай қалыпқа түсті ме дегенде оларды бұдан да сорақы факті күтіп тұрған екен. Әлем болып Кіші Талдыкөлдің келешегіне алаңдап жатқанда көлдің жер категориясын ауыстырып жіберген. Яғни, заң жүзінде ол жерде Кіші Талдыкөл атымен жоқ. Осыдан кейін экобелсенділер Кіші Талдыкөл мәселесін трендке шығармаса, жабулы қазан жабулы күйінде қалатынын жете түсінген. Жалпы, Кіші Талдыкөлде құстың 28 түрі мекендеп, жыл құстарының 200-ге жуық түрі қонады. Одан бөлек, 90 шақты өсімдік түрі өседі. Сондықтан көлге жасалған қандай да бір құрылыс флора мен фаунаға залалын тигізеді. «Онсыз да олар көлді бөліктерге бөліп, жағдайды қиындатып отыр», – дейді белсенділер. Эколог Лаура Мәліктің айтуынша, Кіші Талдыкөл көліне кезінде жаңбыр суынан жиналатын суды тазартып төгетін болған. Содан кейін жеке тұрғын үйі бар кей адамдар заңсыз түрде құбырға әжетхана мен ваннадан шығатын суды төгетін құрылғыны жалғаған. Содан жаңбыр суы мен лас су көлге құйылатындықтан, сол жерден жағымсыз иіс шыққан. Халықтың шағымынан кейін жергілікті атқаушы орган өкілдері тексеру жүргізіп, заңсыз қосылуларды анықтап, мәселені шешкен екен. Кейіннен әкімдік жаңбыр суын да төгуді доғарған. Нәтижесінде, Кіші Талдыкөлдің көлемі азайып жатыр. Бірақ бұл әкімдік алға тартқандай «Кіші Талдыкөл – жасанды көл» дегенді білдірмесе керек-ті. Өйткені белсенділер аталған көл бейнеленген 1913 жылғы картаны тапқан. Әрі әкімдіктің көл туралы мәлімдемесін Экология министрлігі жоққа шығарған.«Сығанақ көшесі жағынан қарасаңыз, судың тартылып бара жатқаны көрінеді. Ал Е-22 көшесінен қарасаңыз, су ернеуінен асайын деп тұр. Яғни, олар экожүйені ескермей, жол салу арқылы көлді бөліктерге бөліп тастаған. Нәтижесінде, Ұлы дала көшесін су шайып кетейін деп тұр. Сондықтан бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Сол үшін Кіші Талдыкөл көлін бұрынғы бүтін қалпына қайта келтіру керек. Қаланы жоспарлайтын орган мен шенеуніктер шешім қабылдарда бәрін саралап, байқап шешім қабылдағаны жөн. Арғы бөліктегі су тасиын деп тұрған соң ерте ме, кеш пе екінші бөлігіне су жібереді. Бұл көл маңындағы үйлерге қауіпті болуы мүмкін. Екіншіден, бізде жерасты сулары жайлы зерттеулер жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан зерттемей жатып құрылыс жұмыстарын жүргізу дұрыс емес. Келешекте үйлердің астынан шу шықса, таңданбаңыз. Мұны құрылысшылар да айтып отыр. Өйткені массаның сақталу заңына қарсы қауқарымыз жоқ», – дейді эколог.
Әкімдік неге қашып жүр?
Байқағаныңыздай, желіде #SosTaldykol хэштегімен мәліметтер жиі жарияланады. Халық арасында дүмпу бар. Эколог Лаура Мәліктің айтуынша, әкімдік тарапы хат-хабар алмасуға аса құлықсыз. Осыған дейін олар бір рет кездесіп, сұрақтарына БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі арқылы жауап алған. Жақында ғана жергілікті орган «сулы-батпақты алқап құрғатылмайды, оның айналасы абаттандырылады, су тазаланады» деп ақпарат таратқанымен, архитекторлар мұның дұрыс емесін айтады.«Әкімдік жағдайды барынша түсіндіретін мамандардың дауысын естімейді. Бір сөзбен айтқанда, қала шеңберіндегі экожүйелер – ең басты ресурс. Бұл туралы БҰҰ-ның ұсынысы бар. Бірақ әкімдік ешқандай ұсынысты назарға алмай, өз еркімен (мамандарды тартпай) сауатсыз шешім қабылдап отыр. Өкініштісі, бұл экология мен экономикаға залалын тигізеді. Мысалы, ЛРТ жобасы (тағы да сауатты мамандарды тартқан жоқ) шығынға ұшырағанындай, келешекте Кіші Талдыкөл ісі одан да көп шығынға батыруы мүмкін. Қазір олар үлкен көл телімін көміп тастаған. Ал абаттандыру мен суды тазалау ісіне келсек, миығыңнан күлмеске шараң жоқ. Өйткені олар ескірген тәжірибеге сүйеніп отыр. Заманауи ландшафты архитектурасы 100 жылға алға кетіп қалды», – дейді архитектор Аманжол Баймұханбетов.Бұдан бөлек, архитектор-зерттеуші Теміртас Ысқақов та елордада жасанды ботаникалық бақ пен демалыс орындары барын, оны ұстауға жылына миллиондаған қаржы кететінін айтады. Оның пікірінше, жауапты органдар барды бағалаудың орнына жоқтан бар жасаймыз деп шығынның астында қалуды көздейтін сияқты. [caption id="attachment_161022" align="aligncenter" > © фото: Радмир Фахрутдинов[/caption] Ал жоғарыда жазылған Жер кодексіне келсек, әкімдік кодекстің 136-1-бабына («Су қорының жерін пайдалану тәртібі») сәйкес, Талдыкөлді су қорынан алып тастап, елді мекен қатарына кіргізген. Демек, құжат жүзінде ол жерде көл жоқ, есесіне елорданың жері бар.
«Сондықтан болашақта көл маңынан ғана емес, түгелдей құрылыс жұмыстарын жүргізіп тастауы мүмкін. Осы тұста Су ресурстары комитеті жергілікті атқарушы органның жер категориясын ауыстыру туралы шешіміне қарсы шығып, оны қайтадан су қорына қайтаруы керек. Яғни, Экология министрлігінің әрекет етуін күтеміз. Аталған бап – табиғатқа қарсы бап. Егер су объектілерінің жері тартылып, табиғи процестер мен тағы басқа процесс нәтижесінде тартылатын болса, аталған жердің категориясын басқа категорияға әкімдіктер ауыстыра алады. Сол бапқа сүйеніп, бұлар жер категориясын өзгертіп отыр. Ал біз қоршаған ортада болатын өзгерістерді ескерсек, 5-10 жыл жүруі мүмкін. 2-3 жыл су тапшылығы болып, қуаңшылық болса, кейінгі жылдары жауын-шашын көп болып, топан су шаюы мүмкін. Сол үшін 2-3 жыл болған қуаңшылық пен судың тартылуына қарап жер категориясын ауыстыра беретін болса, біз өзен-көлсіз қаламыз. Сондықтан бапқа заңнамалық түрде өзгеріс енгізу керек»,– дейді экобелсенді Лаура Мәлік.
Қауқарсыз министрліктен қайыр бар ма?
Осы істің басы-қасында жүргендер жағдайдың ушыққанына экс-министр Мырзағалиевті кінәлап отыр. Себебі министрлік әкімдіктің дегеніне «көніп» жүр. Ол Twitter-де қарастырамыз дегеннен ары аса алмаған екен. Жоғарыдағы Жер кодексіне қарсы іске келгенде де, атқарушы орган мұндай шешімге қатысты міндетті түрде Экология министрлігінің, экологиялық қауымдастықтың пікірін сұрауы керек-ті. Оның үстіне, белсенділердің айтуынша, кейбір әкімдер экология саласындағы мемлекеттік органдардың қайсысы қандай құзыретке ие екенін де білмейді. Сондықтан олардың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлерді оқытатын академия тарапынан да белсенді іс-шаралар керек. Мемлекет пен министрлік жағдайдың тереңіне бойламаса, белсенділер халықаралық ұйымдарға хат жолдайды. Олардың айтуынша, билік өкілдері 4 халықаралық келісімге қарсы әрекет жасап отыр. Яғни, халықаралық келісімдер бойынша Қазақстанның су объектілерін сақтауға, құстар мекендейтін орынды сақтауға міндеттемелері бар. Мәселен, егер жауаптылар кіші Талдыкөлді құрғату ісін жалғастырса, Рамсар конвенциясын, климат бойынша Париж келісімін, Орхусс пен БҰҰ келісімін бұзады. Сондықтан Экология министрлігі, соның ішінде Су ресурстары комитеті қалғып отыра беретін болса, белсенділер басқаша әрекетке көшуге дайын.Бұл жағдайға қала тұрғындары да алаңдаулы. 12 қыркүйек күні белсенділер мен елорда халқын қосқанда 500 адам қарсылық акциясын ұйымдастырды. Өткен аптада Кіші Талдыкөлге фламинго келіп қонған. Мұны белсенділер табиғаттың қарсылығына балап отыр. Тұрғындардың айтуынша, КамАЗ-бен топырақ тасып, айдынның бір шетін жайлап құрғатып жатыр. Мәселен, олар Мәскеуде қала ішінде осыған ұқсас көлдерді сақтап, жағалауын абаттандырып, көз тартар демалыс орындарын жасап қойғанын айтады. «Талдыкөлдің сасық иісі сол жағалау тұрғындарының мазасын алды» деп сылтауратып көміп жатыр. «Хан Шатырдың» артқы жағындағы қаншама көл жойылып, орнына көпқабатты үй салынды. «Кезінде сол жерде үйрек ататын едік» десем, ешкім сенбейді», – дейді елорда тұрғыны Нұржан Нұрханұлы.Мәселе қалай өрбісе де, белсенділер күресті тоқтатпақ емес. Оның үстіне, әлеуметтік желі арқылы петицияға қол жинап жатыр. Олардың айтуынша, 10 мың қол жинауға сәл-ақ қалған. «Белгілі межеге жеткен кезде Президент назар аударар» деген болмашы үміт тағы бар.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ