Қазақстанда жұмыс орындарының жартысынан көбі автоматтандырылады – министрлік

Қазақстанда жұмыс орындарының жартысынан көбі автоматтандырылады – министрлік

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамынша, қазіргі жұмысшылардың көпшілігіне қайта мамандануға тура келеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мамандары «Қазақстанның еңбек нарығы: жаңа шынайылық жағдайындағы даму» атты алғашқы ұлттық баяндаманы дайындаған. Онда жаһандық трендтер, сын-қатер, экономикада және еңбек нарығында болып жатқан, оның ішінде COVID-19 пандемиясының әсерінен болған өзгерістер, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау туралы өзекті ақпараттар жинақталған. Талдау нәтижесінде еңбек нарығына әсер ететін жаһандық трендтер анықталды. Мысалы, Қазақстанда жұмыс орындарының жартысынан көбі (52%) автоматтандырылуы мүмкін. Бұл ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен (47%) біршама жоғары. Бұл көптеген қазақстандықтың қайта мамандануға немесе сұранысқа ие жаңа дағдыларды, бірінші кезекте, цифрлық, когнитивтік және әлеуметтік мінез-құлық дағдыларын игеруге мәжбүр болатынын білдіреді.