Исин eGov-ты Сбер жүйесіне ауыстыруға қатысты: Сбер бастапқы кодтарын берсе, жұмыс істеуге болады
Исин eGov-ты Сбер жүйесіне ауыстыруға қатысты: Сбер бастапқы кодтарын берсе, жұмыс істеуге болады
180
оқылды

IT-қоғамдастық өкілдері мен еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тікелей эфирде eGov-ты Сбер платформасына ауыстыру мәселесін талқылады, – деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Министрдің пікірінше, IT-компаниялардың өкілдері ақпараттық жүйелерді әзірлеуге және техникалық қолдауға бюджеттен ағылатын табыс көзінен айырылуы мүмкін болғандықтан мұндай шешімге қарсы болып отыр. Осы орайда, бұған дейін Сбер платформасына үзілді-кесілді қарсы болып келген Қазақстан IT-компаниялары қауымдастығының президенті Нұрлан Исин тікелей эфир кезінде министр Бағдат Мусиннің түсініктемесі мен келтірген аргументтерінен кейін өз ойы өзгергенін жасырмады. «Егер Сбер бастапқы кодтарын беретін болса, оны әрі қарай жетілдіретін болсақ, онда, әрине, әңгіме басқаша, мұндай жағдайда жұмыс істеуге болады», – деді ол тікелей эфир барысында. «Цифрлық трансформация» қоғамдық қорының төрайымы Әзиза Шөжеева да министрдің сөзін құптап отыр. Оның ойынша, Сбербанктің мүмкіндіктерін пайдалану Қазақстанға қаражат үнемдеуге септік болмақ.

«Платформа жасалып біткенде, біріктіру және түзеу жұмыстарына ресурс та, шығын да аз кетеді, мәселен, жыл сайын 40 миллион емес, бар-жоғы 4 миллион кетер еді. Техникалық сүйемелдеуден табыс табу бизнес-моделі аяқталады. Платформаның арқасында барлық мәліметтер базасы бірыңғай big data-ға жинақталады, жасанды интеллект құралдары бар жүйелер пайда болады. Жеке басым бұл кейсті барлық IT-салалар үшін салмақты триггер ретінде қарастырып отырмын, өйткені жинақталып, бизнесіңе қатысты қарым-қатынасты өзгертетін уақыт келді», - деп мәлімдеді Әзиза Шөжеева.

Тікелей эфир барысында министрге IT саласының ғана емес, бизнестің де өкілдері сауал жолдай алды. Мәселен, ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев платформаны енгізуге дайындық жұмыстарына аудитті кім жүргізетінін сұрады. Бағдат Мусин ол аудитті қазақстандық тарап, соның ішінде жергілікті IT-компаниялармен бірлесе отырып, «Зерде» ұлттық холдингі мен ҰАТ АҚ жүргізетінін айтты. Дегенмен, Сбердің үлестес компаниялары да қатысатынын, бірақ олар инфрақұрылымға қатысты жұмыстарды ғана жүргізетінін және олардың аталған ақпараттық жүйелерге қатысы жоқтығын айтты. Мәселен, ресейлік тарап байланыс, желілік инфрақұрылым және серверлік қамтамасыз ету арналарын өлшеумен айналысады.

«Жалпы ақпараттық трансформацияны жетілдіру бойынша мемлекеттік тапсырыстарға қолжетімділік шеңберін ұлғайтқымыз келеді. Ақпараттық жүйелерді әзірлеумен айналысып келгендер, егер зерттеулер ол жүйелердің сапалы екенін көрсетсе, платформаға техникалық модельдерді көшіруге қатыстырылады. Бұл ретте бізге ашық бастапқы кодтарды береді. Бұл жасап көруге күш жұмсағанға қарағанда бірнеше есе жақсы, дегенмен мен қазақстандық IT-қоғамдастықтарға мұндай платформа жасауға тыйым салмаймын», - деп мәлімдеді министр.

Ол, сондай-ақ, сарапшылық кеңес құру жоспарланып жатқанын айтты. Бірақ кеңес мүшелерінің 70%-ы технологиядан хабары бар адамдардан құралады және олар платформаны ауыстыру жұмыстарын дұрыс жүргізу үшін өзінің контр-ұсыныстарын әзірлейтін болады.